Имантаразы

ІЗГIЛIК ПЕН МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСI

482045355

Исі мұсылман баласының ең ұлық мерекесіне айдан аман, жылдан есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Татулық пен ынтымақта өмір сүріп жатқан халқымыз биыл да мерейлі мерекені қуанышпен қарсы алуда. Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен берекеге бастаған асыл дініміздің жанашыры – Елбасы Құрбан айттың құрметіне бұл күнді ресми түрде атап өтуге пәрмен берді. Аллаға шүкір, тыныштық орнаған қоғамда дін де өркендейді.

Құрбандық – үлкен тарих, ұлық ғибадат. Ол сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бас­тау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы саналған Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Мұхаммед үмбетіне де құрбандық дәстүрі мұра болып жетті. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап, Алла елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейін барлық пайғамбарлар діні ханиф, яғни бір Аллаға құлшылық діні болды. Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы: «Пайғамбарлар аналары бөлек, бірақ әкесі бір бауырлар секілді» деп, елші-пайғамбарлар діні (ақидасы, сенімі) бір, ал шариғаты заманына сай әртүрлі болғандығын жеткізген. Сол себепті Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті бізге де жат емес. Шын мәнінде, Иб­раһим (ғ.с.) пайғамбарға біздер, мұсылмандар жақынырақпыз. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ақиқатында, адамдардан Ибраһимге сай, ең жақыны – оған ергендер әрі осы пайғамбар (Мұхаммед) және имандылар (мұсылмандар). Ал, Алла – имандылардың Қамқоршысы» деп баяндалған (Әли Имран сүресі, 68-аят).

Жан мән тән тазалығының үйлесімі

Зүлхиджә айының 9-ы – Арапа. Бұл күнді қажылар арапа жазығында күн батқанша құлшылық етумен және дұға-тілек жасау­мен өткізеді. Ал, қажылыққа шықпаған мұсыл­ман­дарға арапа күні ораза тұтуы – сүннет. Әбу Қатада (р.а.): «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат болады…» деп риуаят еткен.

Бұл хадистен арапа оразасы өткен жыл жасалған қате-кемшіліктердің кешірілуіне себепші болатынын айқын аңғарамыз. Сонымен қатар, ауыз бекіткен пенде мен оның келер жылдың қате-кемшіліктері арасында тосқауыл болады дегенді білдіреді. Бара бин Азиб (р.а.): «Бұл күні біз ең әуелі намаз оқудан бастаймыз. Сосын (үйге) қайтып, құрбандық шаламыз. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге сай амал еткені. Ал, кімде-кім (намаздан) алдын құрбандық шалса, ол бала-шағасына арнап сойған мал еті болып, құлшылыққа (құрбандыққа) жатпайды» деген риуаят жеткізген.

Демек, Құрбан айтты, яғни мереке күнін ең әуелі айт намазын оқумен бастаймыз. Айт намазын оқу пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина қаласына көшіп барған жылы уәжіп етілген. Алла елшісінің (с.ғ.с.) көмекшісі Әнастан (р.а.) мынадай риуаят жеткізілген: «Пайғамбар Мә­динаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл қандай күндер?» – деп сұрағанда, мәдиналықтар: «Біз жаһилиет (надандық) дәуірінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз» деп жауап берді. Бұған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында Алла осы екі күнді, бұлардан да қайырлы (жақсы) құрбандық және ораза (айт) күндерімен ауыстырды» деген.

Факиһ бин Саъд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын» десе, ал Хасан бин Әли (р.а.): «Бізге Алла елшісі (с.ғ.с.) айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді» дейді. Бұл хадис­тер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке күні. Мейрамның нышаны сезіліп  тұруы тиіс.

Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын кісі өзі орындағаны жақсы.

Жабир (р.а.) мынадай риуаят жеткізген: «Мен Құрбан айт күні пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге болдым. Ол кісі (құрбан айт) құтпасын айтып болған соң, мінберден түсті. Оның алдына бір қошқар әкелінді. Пайғамбар малды өз қолымен бауыздап: «Бисмиллаһи, Аллаһу Акбар! Бұл менің және менің үмбетімнен құрбандық ете алмағандардың атынан» деп құрбан шалды».

Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбан­дықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі» деген екен.

Құрбандыққа түйе, сиыр және қой (ешкі де) жарайды. Бұдан басқа мал түрлері құрбандыққа жарайтындығы жайлы пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) және сахабалардан (р.а.) жеткен хабар жоқ. Құрбандыққа жарайтын малдың сипаты жайлы Бара бин Азиб (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) біздің арамызда тұрып…: «Төрт нәрсе құрбандыққа жарамайды: соқырлығы анық мәлім соқыр мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ-тоқсақ мал және жілік майы тым аз арық мал» деген екен.

Құрбан айт – мал сою науқаны емес

Айт күндері мұсылман баласы жұртпен бірге құрбандық шалып, сауап алуға ниет етіп жатады. Қазан асып, мерекелік дастархан жа­йып, айттық бергісі келеді. Алайда, мал базарда құрбандыққа шалынатын түлік түрінің бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі кездеседі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқарма­сының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Құрбан айт қарсаңында халықты құттықтауында барлық отандастырымызды мерейлі мереке күні игі амалдар мен сауапты шараларға атсалысуға шақырды. Біз де өз тарапымыздан құтты мерекенің құтын қашырмай, мал бағасын қалыпты ұстау сауап екенін айт­қымыз келеді.

Құрбандық – мал сою науқаны емес. Бұл – ха­лықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауыз­біршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі.

Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмайды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қағидаға тарс бекінген халқымыз адамдар арасындағы алауыздыққа жол бермеуді өсиет еткен. Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен өсиетті сөзінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны» деп, көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той» деп, ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген.

Мұсылманшылық – адам қаласа істейтін, нәпсіге ауыр келсе, тастай салатын саудагердің заты емес. Мұсылман деген атына жараса дін әмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындау шарт. Хазіреті Омар (р.а.) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің (с.ғ.с.): «…Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Әлбетте шайтан жалғыз жүр­генмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың төрін қаласа, жамағаттан ажырамасын…» деген сөзін мін­берде тұрып қадап айтқан.

«Менің үмбетім адасушылыққа бас қоспайды»

Құрбан айт – ағайын арасын жақындата түсетін, көршілерді, сырқау адамдарды зиярат етуге, кешірімшіл болуға шақыратын, бірлік пен берекеге бастайтын мүбәрак мереке. Әз пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.):  «Ақиқатында, менің үмбетім адасу­шы­лыққа бас қоспайды. Егер қарамақай­шы­лық бай­қасаңдар, қара­құрым халық­пен бірге бо­лыңдар» деген сөзі бірлігімізге бекем болуға шақырады.

Құрметті бауырлар! Келе жатқан Құрбан айт мүбәрак болсын!

Алла Тағала бірлік пен татулықты басты тірегі еткен халқымызды айттан айтқа, құлшылық-ғибадатпен, молшылық-берекетте жете беруге жазсын! Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!   

Астана қаласының әкімдігі елорда тұрғындары мен қонақтарына Құрбан айт мерекесінде мал сою орындары мен сол бағытқа жүретін автобустар тізімін хабарлайды

  1. «Алтын Таға» базары (Қосшы кентінің ауданы). Автобустар: жоқ;
  2.  «Нұрбереке 555» ЖШС, «Алаш» тас жолы, №30 («Көк» базары); Автобустар: 1, 7, 36, 38, 41, 43, 120, 126, 130;
  3.  «Пищекомбинат-Астаналық плюс» ЖШС, М.Дулатов көшесі, №191; Автобустар: 5, 12, 16, 26, 42;
  4. «Шаушен» шаруа қожалығы, Астана – Софиевка тас жолы, 9 км; Автобустар: жоқ;
  5. «Темеш» шаруа қожалығы, Астана – Софиевка тас жолы, 7 км.  Автобустар: жоқ;
  6.  «Есжанова А.» ЖК, «Сарыарқа» ауданы, Алаш тас жолы; Автобус: 38.

Серікбай қажы ОРАЗ,

наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button