Мәдениет

Ізгілікке тәрбиелейтін туынды

Елордада Астана қаласының әкімдігі, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және «Жастар» сарайы басшылығының қолдауымен «Алтын өлке аңызы» атты балаларға арналған музыкалық қойылым ұсынылды. Көрсетілімді «Замандас 21» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Аталмыш қойылымның авторы – Ләззат Сүлейменова. Қою­шы режиссерлері – Нұрсұлтан Есен мен Ләззат Сүлейменова. Жоба мәдени және этникалық құндылықтарды сақтау мен жаңғыртуға бағытталған. Басты мақсаты – өскелең ұрпақты ана тілі мен өз тарихына баулу, шығармашылық арқылы мәдениет пен руханиятты дамыту.

Оқиға желісі бойынша Алтын өлке аталатын ауылда қолөнер шебері тұрады. Оның Арслан деген үлкен ұлы, тағы бір ұлы және Қарагөз есімді қызы болады. Көріпкелдік қасиеті бар Қарагөз ауылдастарын түрлі пәле-жаладан алдын ала сақтандырып отыруға тырысады. Алайда оны ауылдастары түсінбейді. Ортадан қолдау таппаған қаршадай қыз ауылын тастап кетеді. Ауылдастарына деген ашу-ыза, кек жүрегіне тұнады. Ол жезтырнаққа айналып, ауылдастарына маза бермейді. Ақыры ауылдастары қателескендерін түсініп, Қаракөз қайтадан адам кейпіне оралады. Оқиға кейіпкерлері отбасы құндылығын бағалау керектігін, жақындарына жәрдемдесу, олардың жүректерін жараламау қажеттігін түсінеді. Осылайша барша ертегі сияқты қойылым жақсылықпен, ізгілік зұлымдықты жеңетінімен аяқталады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button