Мәдениет

Ізгілікті дәріптеген «Молда»

«Өнер қырандары» театрының алғашқы толықметражды фильмі – «Молда» – 2025 жылдың 20 ақпанынан бастап еліміздегі кинотеатрларда көрсетіле бастады. Фильм алғашқы аптада 431 миллион теңге жинап, қазақстандық прокатта көш бастады. Жұрт мақтаған, көп жақтаған киноны біз де көріп, көңілденіп қайттық.

Режиссер Абдусаид Шайх­ис­лам­ұлының бұл фильмі комедия жанрында түсірілгенімен, адамды күлкіден гөрі үлкен ойға жетелейді. Фильм қоғамдағы адами құндылық пен имандылықты, адамның ішкі жан дүниесі мен өмірлік таңдауы туралы ой қозғап, рухани ізденіс пен діннің әлеуметтік маңызын ашуға тырысады. Дінді дұрыс түсіну мен оны өмірлік бағыт ретінде қабылдау мәселелерін қозғайды. Ең бастысы, бұл фильм діни фанатизм мен имандылықтың айырмашылығын ашып көрсетіп, көрерменді дінді саналы түрде түсінуге шақырып, нағыз дін адам жүрегіндегі ізгілікпен ұштасып жатады деген ойды бүкпесіз ортаға салады. Біреуге жасаған қас­тығың да, істеген көмегің де текке кетпейтінін, түбі бір айналып алдыңнан шығатынын да ұмытшақ жұрттың ойы­на салады.

Ең бастысы, режиссер фильмнің айтар ойын, діттеген мақсатын барынша шынайы әрі көркем тәсілмен жеткізген. Түсірілім техникасы да көрермендерге ерекше эмоциялық әсер сыйлайды. Екінші тұрғыдан, «Өнер қырандары» театрының актерлері, негізінен, комедия жанрында танымал болғанымен, бұл фильмде олар өздерін жаңа қырынан көрсете білген. Әр актер өз орнын тап­қан. Басты рөлдегі актердің кейіпкердің жан дүниесіндегі өзгерістерді шынайы жеткізуі фильмнің эмоционалдық қуатын арттырған. Диа­логтарда жасандылық және артық созбалақтау жоқ, кейіп­керлердің сөйлеу мәнері табиғи әрі өмірге жақын, шынайы.
Қазір Қазақстанда дінге формалды түрде сенетін, бірақ оның шынайы рухани құндылықтарын жүрегіне терең сіңірмеген адамдар өте көп. Діннің сыртқы формасына баса мән беріп, яғни, намаз оқу, ораза ұстау, діни киім кию, мешітке бару сияқты амалдарды орындау­ға баса басымдық береді де, діннің ішкі мәніне терең бойламайды. Біздіңше «Молда» фильмі осы мәселені өте ұтқыр тәсілмен түсіндірген. Дінге сену догмалық, қатал көзқарас ұстану ма, әлде оның терең рухани мәнін түсініп, адамгершілікті бәрінен жоғары қою ма деген сұраққа жауап іздейді. Қазақылықтың түп негізіндегі, ұлттық болмысындағы, отбасылық тәрбиесіндегі «адалдық, мәрттік, кісілік, әділдік» қасиеттері діннің де ең негізі тірегі екенін тілмен емес, тұспалмен түсіндіреді. Фильмнің бағасын биіктетіп, атағын аспандата түскен бас­ты артықшылығы да осы сияқты.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button