Әлеумет

«Жасыл мектеп» еңбекке үйретеді

Астана қаласының №8 мектеп-лицейінде өткен жылдан бері «Жасыл мектеп» жобасы бойынша оқушыларды еңбекке үйрету жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Мектептің 5-7-сынып оқушылары қатысатын «Жасыл мектепте» теориялық сабақтарды практикалық сабақтармен ұштас­тырып өткізу қолға алынды. Сонымен қатар бұл жобаның мақсаты – оқушылардың жаратылыстану және биология пәндеріне қызығушылығын арттыру болды.

Меценат Болат Өтемұратов сыйлаған жылыжайда оқушылар түрлі көкөністер себеттерін отырғызу, күту және өсіру тәсілдерін үйрене бастады. Арнайы дайындықтан өткен «Жасыл мектеп» меңгерушісі Шынар Ховдашан мен биология пәнінің мұғалімі Маржан Қалдыбай оқушыларға алдымен жылыжайда жұмыс істеу ережелерін мұқият түсіндіріп, сақтауды үйретті. Практикалық негізде көкөніс өсіруді меңгере бастаған балалардың жұмысқа деген құлшынысы арта түсті. «Жасыл мектепке» келетін балалар мектеп жанындағы ағаштарды күту, суару, жасыл алаңдарды арам шөптен тазарту жұмыс­тарын да қызығушылықпен атқаратын болды.

– Мектебімізде «Жасыл мектеп» жобасы іске қосылғалы оқушылардың еңбекке деген қызығушылығы арта түскені байқалды. Олар көкөністі өсіру оңай емес екенін түсініп, құнарлы өнім алу үшін қаншама еңбек ету керектігін ұғынды. Өткен жылы қараша айында керемет оқиға болды, біз жылыжайы­мызда өсірілген алғашқы өнімдерімізді, атап айтқанда, тәтті бұрыш, қияр, шалғанды мектебіміздің асханасына өткіздік. Мұғалімдеріміз бен оқушыларымызға дәм татуына ұсындық. Сонда маңдай термен өсірілген өнімдері үшін оқушыларымыз өте қуанышты болды, – дейді оқушыларының еңбегіне қуанған жоба меңгерушісі.

Мектептегі жылыжайдың жұмысымен танысуға келген Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары мен студенттері оқушылардың атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалаған.

Осы мектепте «Жасыл мектеп» жобасы бойынша қалалық семинар да өткізілді. Оның жұмысына Астана қаласындағы жылыжай салынатын 20 мектептің биология пәні мұғалімдері және Алматы облысынан арнайы келген  «Филипп Моррис Қазақстан» компаниясының мамандары қатысты. Семинар барысында агроном ғалымдар жылыжайдың жұмыс жүйесі және қауіпсіздік ережелері бойынша теориялық сабақтар өткізді. Сонымен қатар мектептегі «Жасыл мектеп» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өндірістік тәжірибелерімен бөлісті.

– «Жасыл мектеп» жобасының ең басты мақсаты – балаларды мектеп қабырғасынан бастап еңбекке тәрбилеу деп ойлаймын, сондықтан осы бағыттағы жұмысты тоқтатпауымыз керек. Өз қолыңмен, маңдай теріңді төгіп өсірген өнімнің тәтті болатыны сөзсіз, демек балалар барлық берекенің еңбек арқылы келетінін ұғынады. Сондықтан біздің мектепте бұл жоба бойынша жұмыстар жалғаса беретін болады. Мәселен, осы маусым айында оқушыларымыз кесте бойынша жұмыс істейді, шілде айында жылыжайымыз санитарлық үзілісте болып, содан кейін жұмысын жалғас­тыратын болады. Осындай жобаны қолдап отырған Астана қаласының Білім басқармасына, Болат Өтемұратов қорына және басқа да қолдаушыларымызға алғысымыз шексіз, – дейді №8 мектеп-лицейдің директоры Гүлнұр Айтимова.

Иә, оқушыларды мектеп қабырғасынан еңбекке үйрететін осындай өндірістік жобаны қаланың әр мектебінде ашып қойса да артық болмас еді деп ойлаймыз.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button