Әлеумет

Жолақы төлемеу әдетке айналмасын

Соңғы кездері елордада қоғамдық көліктерде жолақысын төлемейтін жүргіншілердің қатары көбейген. Жыл басынан бері елімізде жолақысын төлемеген 8000-нан аса жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 65%-ы Астана қаласында тіркелген.

Елімізде қоғамдық көліктерде жолақысын төлеудің бірнеше түрі бар. Карта арқылы немесе QR арқылы төлеуге болады. Астанада жолақы 90 теңге деп белгіленген. Қоғамдық көліктерді қозғалтуға қажетті жанармай мен электрдің бағасын, сондай-ақ жүргізушінің жалақысын қоса есептегенде 90 теңге тым қымбат та емес. Мысалы, шет ел астаналарындағы қоғамдық көлік жолақысымен салыстырсақ, Германияда бір күндік билет – 7,5 евро (3 589 теңге), Қытайда қоғамдық көлік құны 1-ден 5 юаньға дейін (63-315 теңге), Грузияда 2,5 лари (436 теңге) болса, ал Италияда 1,50 евро (717 теңге) көлемінде. Алайда осы 90 теңгені төлеуді де артық көріп, қоғамдық көлікте орайын тауып «тегін» жүргісі келетін жолаушылар да бар. Арнайы қызметкерлер жолақысын төлеу процесін ұдайы қадағалап жүргенмен, жолақысын төлемейтіндердің саны азаяр емес. Нәтижесінде, Астананың өзінде жылдық шығын 2,8 млрд теңгеден асып кеткен.

Жолақы төлемесе, айыппұл төлейді

Қатысты белгілемелерге сәйкес, жолақысын төлеуден жалтарғандарға екі айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Нақтырақ айтқанда,  қала ішіне және қала маңындағы елді мекендерге жүретін қоғамдық көліктерде  жолақыны төлемегендер 6 126 теңге (2 АЕК) айыппұл төлеу қажет. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін жүргізушіге немесе қадағалаушыға 5 АЕК (15 315 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Тәртіп бойынша қоғамдық көлікте билет тексеруші маман тасымалдау ережелерін бұзған жолаушыны түсіріп кетуге құқылы. Бірақ жолақысын төлемегенімен қоймай, тексеруші мамандарға наразылық білдіріп, қоғамдық көліктерде шу шығаратын жолаушылар да бар. Бұл, әрине, бас қала тұрғындарының мәдениетіне кереғар әдет.

Біздің бір байқағанымыз, жолаушылар автобусқа жанталасып шыққанымен, жолақыны төлеуге дым асықпайтын сияқты. Тек тексеріс қызметкерлерін көрген кезде ғана жолақысын төлей бастайды, тіпті, жеңілдік картасы бар, мектеп оқушылары мен зейнеткерлер тегін жол картасын басуға да ерінеді. Жарты жыл ішінде көліктік бақылау қызметкерлері осындай 1111 картаны тәркіледі. Оның ішінде 339-ы жеңілдікпен берілген, ал 772-сі – оқушы картасы.

Жолақысын төлеу­ден жалтарғандарға екі айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Нақтырақ айтқанда,  қала ішіне және қала маңындағы елді мекендерге жүретін қоғамдық көліктерде жолақыны төлемегендер 6 126 теңге (2 АЕК) айыппұл төлеу қажет. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін жүргізушіге немесе қадағалау­шыға 5 АЕК (15 315 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Тәртіп бойынша қоғамдық көлікте билет тексеруші маман тасымалдау ережелерін бұзған жолаушыны түсіріп кетуге құқылы

Қоғамдық көлікте жетіспейді

Астанада қоғамдық көліктің 100 маршруты бар, оның 25-і қала маңында қатынайды. 550-ден артық автобус бар, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 850-ге жеткізу жоспарланып отыр. Дегенмен, қала көлемінің жылдан жылға ұлғаюына байланысты қоғамдық көлік жетіспеу мәселесі әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Жүргізушілер де жетіспейді. Елордалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының  өткен жылдың соңында берген мәліметінше, қалада 400 жаңа автобус, 900-ден аса жүргізуші жетіспейді. Оның үстіне, биыл  елордада 8 жаңа бағыт, 24 қала маңындағы бағыт қосу жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қаланы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте» Астанада 400 автобус жетіспейтіні туралы айтып, елордадағы қоғамдық көліктер жүйесін сынаған болатын.

Астанада ресми статистика бойынша, 300 мыңға жуық көлік тіркелген. Бейресми 500 мыңға жетеғабыл деген болжам бар. Соның салдарынан тар жол мен бар жолда кептеліс. Бұл ретте, оң шешім – қоғамдық көлік болуы тиіс еді. Қоғамдық көліктердің өнімділігін арттыру үшін бас қалада Bus Lane желісі де ашылған. Бүгінгі таңда Астана қаласында жалпы ұзындығы 51 шақырымды құрайтын 21 автобус арнаулы желісі бар.

Қатаң тәртіп крек

Көше автобусы – қала тұрғындарына ең қолайлы қоғамдық көлік. Ол – қала тұрғындарының қалтасына түсетін салмақты азайтып қана қоймай, қаладағы көлік кептелісін және шуылды азайтуға, сондай-ақ қала экологиясын жақсартуға көмегі тиетін маңызды көлік. Сосын дамыған елдерде жұмысқа жеке көлікпен барудан гөрі қоғамдық көлікпен жүруді көбірек қуаттайды. Біздіңше, елордаға да осындай бастама керек, егер жұрт бұл бастаманы қолдаса, жолда кептеліс азайып, автотұрақ жетіспеу мәселесі де өздігінен шешімін табар еді. Алайда бұл деңгейге бас қаламыз әлі толық жете алған жоқ. Автобус пен жүргізушілердің жетіспеуінен автобустардың жүру аралық уақыты алшақ болады да, жолаушылардың көп уақыт күтуіне тура келеді. Кейде тіпті жолда кептеліс болған немесе жол апатынан көлік бөгеліп қалған жағдайда, жарты сағаттан бір сағатқа дейін күтуге тура келеді. Демек, қоғамдық көлік санының аздығы және 5-10 минутта бір көлік жүруге кепілдік етілмеуі бекетте жолаушы шоғырын молайтып, автобусқа түсетін күштемені арттырады. Осының салдарынан жолаушылар көлікке сығылысып мінеді де, кейде жолақысын төлейін десе де төлей алмайтын жағдай туады. Әйтпесе 90 теңге жолақы астаналықтар үшін тым қымбат емес.

Өзгеріс қажет

Жолақы төлемейтіндердің жолын кесу үшін бас қалада автобусқа міну, түсу тәртібіне де өзгеріс жасау қажет сияқты. Тек елімізде ғана емес, әлемнің көптеген елінде қазір авто­бустар кондукторсыз жүреді. Жолаушылар автобусқа мінген сәтте (алдыңғы есіктен мінеді) саналы түрде жолақысын төлейді. Олардың жолақысын төлеген-төлемегенін автобус жүргізушісі де бақылап отырады. Бақылау камерасы да орнатылған. Яғни жолаушылар мәдениетті түрде алдыңғы есіктен мініп, артқы және ортаңғы есіктен түседі. Ал керісінше істеу – мәдениетсіздік. Еуропаны қойып, іргеміздегі қаптаған халқы бар Қытайдың өзінде автобусқа осындай тәртіппен мінеді. Артқы және ортаңғы есіктен көлікке мінуге, алдыңғы есіктен көліктен түсуге тыйым салынған. Егер жолаушылар артқы есіктен көлікке мінсе, жауапкершілікті жүргізушіден сұрайды. Сондықтан да Қытай сияқты елде жүргізушілер жолаушыларды белгіленген тәртіппен ғана көлікке мінгізіп, түсіреді. Бұған халық та үйренген. Яғни, біздегі сияқты автобусқа кез келген есіктен мініп, кез келген есіктен түсіп жүре бермейді. Демек, Астанадағы көліктерге де осындай тәртіп орнату қажет сияқты. Миллиондаған халқы бар Қытайда қолданған бұл әдісті бір миллион халқы бар Астанада қолдану түк те қиын емес деп ойлаймыз.

Жолақысын төлемейтіндердің жолын кесудің тағы бір әдісі – жабық аялдама жасау. Яғни ақша төлейтін құрылғыны аялдама есіктеріне орнатып, жолаушылар жолақыны аялдамаға кірерде төлеп тастайтын әдісті қолдануға да болады. Алайда бұл қосымша қаржыны қажет ететіндіктен, әзірге автобусқа міну мен түсу әдісін ретке келтіруден басқа тиімді шара жоқ секілді.

Жансая АБИРБЕКОВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button