Басты ақпаратҚала мен сала

«JOLTAP» жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

Астанада азаматтардың табысын арттырып, тұрақты жұмыс табуына арналған бағдарлама бар. Ол – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылдың қыркүйегінен бастап елордада жүзеге асып келе жатқан «Joltap» әлеуметтік жобасы. Ол – елорда әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының бірлескен бастамасы. Бүгінге дейін жоба аясында 9 мыңнан астам қала тұрғыны қысқа мерзімді оқудан өтіп, білігін арттырып қана қоймай, қалаған мамандықты меңгеріп, жұмысқа орналасты. «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының жобаны іске асыру бойынша операторы, PR-менеджер Тимур Мусин осы туралы пікір білдірді.

– Тимур Борамбайұлы, «Joltap» қандай жоба?

– «Joltap» – еңбек шараларымен қамту арқылы Астана қаласы тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған әлеуметтік жоба. Астана қаласы әкімдігінің бастамасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында іске асуда. Жоба аясында азаматтар мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алып, Астана әкімдігінің басқармаларына тікелей өтінім қалдыра алады. Сондай-ақ осы жобаға қатысушылар 17 жұмысшы және цифрлық мамандық бойынша қысқа мерзімді оқудан өте алады және қаланың өзекті бос жұмыс орындары жайлы jumystap.kz сайты арқылы ақпарат ала алады.

– Бұл жобаға кімдер қаты­са алады?

– Мақсатты аудитория – жұмыссыз азаматтар, тәжірибесі мен білім-білігі жоқ NEET санатындағы жастар, ауыл-аймақтан жаңадан көшіп келген азаматтар және табысын арттыруға мүдделі жандар. Астанада адам көп жүретін 7 ірі сауда орнының алдында «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері орналасқан. Онда барған адам осы жерде қысқа мерзімді оқуға жазылумен бірге жоба серіктес­терінен жұмыс тауып, jumystap.kz сайтына тіркелуге әбден болады. Сондай-ақ жастарға арналған несие, тұрғын үй кезегі, атаулы әлеуметтік көмек алу сынды 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша кеңес алуға және көптеген цифрлық көмек көрсетіледі, оның ішінде электрондық сандық қолтаңба беру, сол сияқты мектептерге, балабақшаларға және баспанаға кезекке тұруға көмектесу мәселелері қарастырылған. Қызметтердің барлығы тегін. Жалпы жобаның мүмкіндігін Астана қаласының 18-ден асқан әрбір тұрғыны пайдалана алады.

– Білуімізше, қатысушылар алдымен қысқа мерзімді оқудан өтуі керек. Бұл ретте олар үшін жоба аясында қандай мамандықтар қарас­тырылған?

– Әлбетте, біздің жобаға қатысу үшін азамат алдымен өзінің жанына жақын мамандықты таңдайды. Жоба аясында азаматтар 10 жұмысшы және 7 цифрлық мамандық бойынша оқудан өте алады. Олар: тігінші, сәнгер-құрастырушы, сатушы-кассир, бухгалтерлік есеп негіздері, корпустық жиһазды құрастыру негіздері, Kaspi-дүкенде сату негіздері, аяқ киім жөндеу және кілт әзірлеу, электргазбен дәнекерлеу, автокөлік майын және шинасын ауыстыру маманы және бариста. Сонымен бірге жобаға қатысушылар SMM, сайт құрастырушы, видеомонтажер, графика дизайнері, контент-криэйтор, таргет маманы және бастапқы цифрлық дағдылар бойынша білім ала алады. Курсқа 18-50 жас аралығындағы астаналықтар жазыла алады.

– Әлеуметтік жоба аясында осы уақытқа дейін қанша елордалық білігін арттырып, жұмысқа орналасты?

– Бұл жоба Астанада 2023 жылдың қыркүйегінен бастап жүзеге асып келеді. Сол уақыттан бері 26 мың Астана тұрғыны «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы кеңес алып үлгерді және 9,5 мың адам қысқа мерзімді оқуды аяқтады. Жұмыс іздеуге бағытталған jumystap.kz сайтына 14 мың адам тіркелді. 7 мыңнан астам азамат жұмысқа тұрды немесе тапсырыстарды орындай бастады. 1 мыңнан астам жеке кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашты.

Өткен жылы жоба аясында қанша өтініш түсті?

– 2024 жыл ішінде оқу бо­йынша 36 мың өтінім, ал мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 5 мың өтінім қалды. Өткен жылы 13000-нан астам жас жұмыспен қамтылып, «Жасыл ел» жобасы аясында 4200 адам елорданы абаттандыруға қатысты. «Joltap» жобасы аясында 3773 жас SMM, таргетинг және графика дизайны сияқты цифрлық мамандықтарды, ал 3904 адам тігінші, бариста, кассир және бухгалтерлік есеп негіздерін меңгерді. Қысқасы, «Joltap» жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

– Оқу процесі қалай жүргізіледі?

– Оқу толығымен тегін. ­Бағ­дарлама жергілікті бизнес өкілдерімен бірге жасалған. Бұл ретте теориялық, практикалық білім алуға ерекше көңіл бөлінеді. Сыныптар қажет­ті заттармен жабдықталған. Келушілерді жоғары тәжірибелі практик-мамандар оқытады. Корпустық жиһазды құрастырудың негіздері, аяқ киім жөндеу және кілт әзірлеу, электргазбен дәнекерлеу, автокөлік ма­йын және шинасын ауыс­тыру маманы бойынша оқыту кәсіп­орындарда өтеді. Оқуды аяқтап, қажетті дағдыларды алған қатысушылар әртүрлі салада, оның ішінде қалалық өнеркәсіп кәсіпорындарында, сервис компанияларында жұмысқа орналасты, сонымен қатар кофеханалар, шеберханалар, дүкендер және фриланс жобалары сияқты жеке кәсібін ашты. Оқу мерзімі 3 күннен 1 айға дейін созылады. Қатысушылар оқуды толық аяқтап, емтиханды сәтті тапсырған соң, оларға сертификат беріледі. Жалпы «Joltap» жобасы алдағы жылы азаматтарды көптеп оқыту және қолдау жұмысын жалғастырады.

– Жобаға қалай жазылуға болады?

– «Joltap»-қа қатысу үшін байланыс орталығының нөміріне хабарласу қажет. Сонымен қатар жобаның «Баршаға мүмкіндік» деп аталатын модульдік пункттеріне барып жазылуға да болады. Олар мына мекенжайлар бойынша орналасқан: Жастар сарайы (Республика даңғылы, 34), «Встреча» СҮ (Абылай хан даңғылы, 31а), «Азия парк» СОО (Қабанбай батыр даңғылы, 21), «Тұлпар» СО (Ш.Уәлиханов көшесі, 24в), «Mechta» СҮ (Сығанақ көшесі, 3Б), Еңбек мобильді­лігі орталығы (Бейбітшілік көшесі, 9). Call-орталық нөмірі: ­+7-707-221-31-31.

 Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button