JOLTAP жобасының көмегі тиді
Астанада отбасылық жұпқа бизнесін дамытуда JOLTAP жобасының көмегі тиді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Елордалық JOLTAP жобасы қала тұрғындарын жаңа мамандықтарға оқытуға белсенді түрде жәрдемдесуді жалғастыруда. Астаналық ерлі-зайыптылар әлеуметтік жоба курстары бизнесті дамытуға қалай көмектескенін айтып берді.
Анастасия мен Марк Гамалийдің белсенді дамып келе жатқан бизнесі бар, онда тиімді басқару үшін жаңа құзыреттер қажет болды. Олар гидравликалық лифт сатып алып, техниканы жалға алады.
«Уақыт өте келе, біздің автопаркте тағы екі көлік пайда болды, алайда бізде құжаттаманы жүргізу, қызметтерді қарқындату және клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесі болған жоқ. Біз сынақ пен қателік арқылы үйрендік, әріптестерімізден кеңес сұрадық, бірақ білім әлі де жетіспеді. Содан кейін біз бухгалтерлік есепті түсіну үшін курстарды, сондай-ақ сайтты әзірлеп, жарнаманы баптай алатын мамандарды іздей бастадық», – деп атап өтті кәсіпкер.
Іздеу кезінде Анастасия JOLTAP жобасының жарнамасына тап болыпты, содан кейін ол оқуға бел буған. 3 тамыз бен 12 қазан аралығында Анастасия «Бухгалтерлік есеп негіздері», «Контент- криэйтор», «Таргетолог» және «Веб-дизайн және сайттарды әзірлеу» бағыттары бойынша курстарды оқып бітірді. Ол «Контент- криэйтор» курстарын 7 күнде, ал «Бухгалтерлік есеп негіздерін» 14 күнде аяқтады.
«Алған білім біздің бизнес үшін баға жетпес көмекке айналды. Мен бухгалтерлік құжаттарды ретке келтірдім, салықтар мен оларды төлеу мерзімдері туралы бәрін білемін, Instagram парақшамыз үшін кәсіби контент жасаймын, сонымен қатар жаңа клиенттерді табуға мүмкіндік беретін таргет жарнамаларын іске қостым. Бұдан басқа, мен жақын арада іске қосуды жоспарлап отырған сайттың макетін әзірледім», – деп бөлісті жоба түлегі.
Сонымен қатар JOLTAP жобасының курстары Анастасияның жұбайы үшін де пайдалы болыпты. Марк Гамалий «Автомай және шиномонтаж» курсынан өтті, енді бұл білім оған автогидрокөтергіштерге уақтылы техникалық қызмет көрсетуге көмектеседі.
Қорытындылай келе, жас кәсіпкер курстарды ұсынып, JOLTAP жобасының ұйымдастырушылары мен оқытушыларына ыңғайлы жағдайда оқуға және жұмысқа шынымен көмектесетін білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.