Басты ақпаратҚоғам

Жүректен шыққан әнұран

Жақында Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатына барудың сәті түскен. Әлемнің үздік боксшылары қолғап түйістірген байрақты бәсекеден абыройымыз асқақтап келдік.

Төрткүл дүниенің алдында төрт рет әнұранымыз шырқалды. Бұл дегеніміз – Қазақстанның намысын қорғаған төрт боксшымыз әлем чемпионы атанды деген сөз. Әлем біріншілігінің финалына шыққан Санжар Тәшкенбай, Сабырхан Махмұт, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай жеңіс тұғырының ең биік сатысында тұрып қазақтың әнұранын шырқады. Бұл жердегі айтпағым, олар өздері ғана шырқап қоймады, сол жекпе-жектерді шаршы алаңның жанынан көрген бар қазақ қосылып шырқады.

Ташкент төріндегі байрақты бәсекеде ең бірінші болып қазақ жігіті (Санжар Тәшкенбай, 48 келі) әлем чемпионы атағын иеленген. Содан тағы бір ақтық айқас өткеннен кейін жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Көңіліміз қош, қазір көк туымыз биікке көтеріліп, әнұранымыз шырқалады деп марқайып тұрмыз. Ринганонсердің зор дауысы атшаптырым сарайдың ішін жаңғыртып «Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, Қазақстан!» дегенде ұшарға қанат таппай қуандық. Санжарға алтын медалі мен алтын белдігі тапсырылған соң Қазақстанның мемлекеттік әнұраны әуелеп кетті. Біз де чемпиондарымыз­ға қарап тұрып, кеудемізді қуаныш кернеп ақырындап әуенге қосылып тұрмыз.

Әнұранымыздың бірінші шумағынан кейін қайырмасына келгенде дауысымыз күшейе бастады… екінші шумағында сәл бәсеңдеп барып, енді соңғы қайырмасында тағы да дауысымызды көтермекші болып тұрғанымызда әнұранымыз кілт үзілді. Жан-жағыма қараймын, мен естімей тұрмын ба әлде елдің бәрі үндемей қалды ма дегендей ой да санаға сап етті… Сөйтсек, біздің әнұранның соңғы қайырмасы үнтаспаға мүлде түспей қалған, сөзі түгілі, әуені де естілмей үзілді. Бірақ осы сәтте өмірімде бірінші рет әнұранның шынайы қуатын сезіндім. Үлкен сарайдың ішіндегі қазақ жанкүйерлері екпінмен естіліп келген әнұранды өздері шырқай жөнелді. Ешкімге ешкім ештеңе айтқан жоқ, әркімнің жүрегі өзінше елжіреп, жүректер толқынысы бір арнаға тоғысып кете берді. Өзім ортада отырғандықтан, сарайдың екі қанатында жайғасқан жанкүйерлердің дауысын ап-анық естіп тұрдым. ­«…Менің елім, менің елім, гүлің болып егілемін, жырың болып төгілемін елім.., туған жерім менің Қазақстаным!…» деген дауыстан кең сарайдың іші жаңғырып барады. Байқаймын, жанымда тұрған шетелдік журналистер маған қарап қалыпты, мен болсам қолымды жүрегіме қойып, бар дауысыммен әндетіп тұрмын. Санжар Тәшкенбай да тұғыр төрінде тапжылмай шырқап тұр…

Осындай жағдай қалған үш чемпионымыз тұғыр төріне көтерілгенде де қайталанды. Алайда қазақ жанкүйерлері қасиетті әнұранымызды тағы да үш рет соңына дейін шырқап шықты. Ал біздің жанкүйерлер шырқап тұрғанда, жанымыздағы басқа елдердің спортшылары мен жанкүйерлері бастарын шайқап тұрды. Олардың бізге қызығып қарап тұрғанын сездім.

Иә, осы жолы егер әнұран жүректен шығып айтылса, жерді жаратынын ұғындым. Ташкенттегі қазақ әнұранына байланысты болған осы оқиғаның бейнебаяндары әлемді шарлап та кетті. Ең бастысы, қазақ жанкүйері ұлттық болмысымызды көрсетті, елдік абыройымызды асқақтатты.

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button