КАДР ДАЙЫНДАУ ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ҚАЖЕТТІЛІГІН ЕСКЕРУІ ТИІС
Елімізде индустрияландырудың екінші бесжылдығының қажеттілігіне сай кадр дайындау қолға алынады.
Бұл туралы өткен аптада Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болған премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде техникалық және кәсіби білім беру мәселесіне қатысты өткізілген жиналыста ол білім және ғылыми вице-министрі Тахир Балықбаевқа Инновациялық даму министрлігі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Кәсіпқор» холдингі, «Қазфосфат, «Бірлескен химиялық компания» және тағы да басқа мүдделі мемлекеттік органдармен ақылдаса отырып, аймақтың өндірістік саласының басым бағыттарын кадрмен қамтамасыз ететін оқу орнын анықтауға тапсырма берді.
Жалпы, Гүлшара Наушақызының айтуынша, әлемдік тәжірибеде болашақ мамандарды қандай кәсіби біліктілікке үйрету керек деген мәселе әріптес-жұмысберушілемен кеңесу нәтижесінде шешіледі. Сондықтан білім беру саласын еңбек нарығының сұранысына жауап беретіндей реформалау – мемлекеттің таяу жылдары жүзеге асыруы тиіс басты міндеттерінің бірі.
Өкінішке қарай, кадр дайындауда экономиканың нақты секторына бейімдеу, жергілікті еңбек нарығын бағдарлау Білім беру министрлігінің назарынан тыс қалып отыр. Бұл жөнінде жиналыста бұлтартпас дәлел де келтірілді.
«Мәселен, Маңғыстау облысында мұнай-газ саласына маман дайындауды тоқтата тұру туралы Білім және ғылым министрлігінің пікірін ескерместен жасалды. Сондықтан біз білім саласындағы құзіретті органның, жергілікті атқарушы орган және жұмыс берушілердің жұмысын бір жүйеге келтіруіміз» керек деді Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.