Президент пәрмені

КАДР САЯСАТЫ: САН МЕН САПА

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығына, әсіресе ел өңірлерінде дәрігер мамандардың жетіспеушілігіне тоқталып, емдеу мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету жайын қозғаған болатын.

Осыған орай бұрнағы күні Қазақ­станның Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне келген Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов, Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтының ректоры Ғалымжан Тоғызбаев, Семей мемлекеттік меди­циналық университетінің ректоры Төлеубай Рахыпбеков осы бағыттағы Елбасы тапсырмасының орындалу барысымен таныстырды.
Ерік Әбенұлының айтуынша, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның мәліметтерінше, әлемде қазірде 4,5 млн дәрігер жетіспейді. Осы ұйымның статистикасына жүгінсек, Қазақстан медицина қызметкерлерімен қамтылу жағынан 10-шы орында тұр. Бүгінгі таңда отандық медицинаға қажет дәрігерлердің нақты саны – 5855. Соның 3486-сы алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем саласына тиесілі. Осы мәселені шешу үшін медициналық білім беретін жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттардың саны арттырылған. Мәселен, бұл күндері дәрігерлік мамандықты таңдаған 5 мың студент грант негізінде оқып жүр. Олардың алғашқы легі 2019 жылы қолдарына дипломдарын алып, денсаулық сақтау жүйесінде, әсіресе ауылдық жерлерде 3 жыл жұмыс істеуі шарт. Осыдан екі жыл бұрын «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістер осыны міндеттейді. Сол мақсатта 2007 жылы ауылдық жерлерден келіп оқитын студенттерге 30 пайыздық квота бөлінген. Осындай квота арқылы білім алған сту­дент­тердің бірінші тобы – 638 адам келесі жылы оқуларын бітіріп, жұмысқа кірісуі тиіс. Яғни, ауылға барулары керек.
Ауылдық жерлерге баратын жас дәрігер мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау үшін жалақыларына 25 пайыздық үстеме қосу, 70 АЕК көлемінде – 121 мың теңге көтермеақы тағайындау, баспанаға деп 1500 АЕК мөлшерін құрайтын 2 млн 596 мың теңгелік несие беру қарастырылған. Олардан бөлек, бірқатар өңірде жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жас мамандарды ынталандыру шаралары атқарылады. Мәселен, Ақтөбе облысында ауылдық жерге жұмысқа келген жас дәрігерге мемлекет қоржынынан берілетін көмектен тыс 2 млн теңге беріліп келеді.
Саннан сапаға, яғни медициналық ЖОО-нан түлеп ұшқан мамандардың біліктілік дәрежесіне келсек, келесі жылдан бастап дәрігерлерді оқытатын оқу орындарының рейтингісі түзілетін болды. Сонымен бірге дәрігер боламын деп ЖОО-ға келген талапкердің осы мамандыққа сәйкестігі тест арқылы тексеріледі. Үшінші-төртінші курсқа келген студентті тағы осындай сынақ күтіп тұратын болады.
Алдағы желтоқсан айының аяғында Семейде ядролық медицина орталығы ашылмақ. Бұл жаңалықпен бөліскен Төлеубай Рахыпбеков бұл орталық 80 пайыз жағдайда оба ауруын алғашқы кезеңде анықтауға мүмкіндік бере­тінін жеткізді. Семей мемлекеттік меди­ци­налық университетінің студент­терін оқытуда қолданып отырған жаңа заман­ның әдістеріне тоқталды.
Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтына оқуға келген дәрігер бұрын 1 айдан 5 айға дейін оқу керек болатын. Ал, былтырдан бастап әлемдік тәжірибе енгізіліп, бір проблема бойынша 1-3 күндік оқулар, 1 немесе 2 апталық модульдер енгізілген. Еліміздегі дәрігер мамандардың сапасын жақсарту мақсатында Қызылорда облысында пилоттық жоба сынақтан өткізілуде. Ол жоба сол өңірге дәрігер мамандарды тартуды да көздейді. Сол үшін Сыр бойына 12 мемлекеттен тәжірибелі мамандар шақырылған. Мұндай жоба табыс әкелсе, болашақта мемлекеттің басқа да аймақтарына енгізілетін болады. Ғалымжан Тоғызбаевтың айтқан жаңалығы осы болды.
Брифингте естіген тағы бір жаңа­лығымыз – денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын дамыту мақсатында тұжырымдама әзірленген. Ол құжат ағымдағы жылдың шілде айында Үкі­мет жанындағы денсаулықты қорғау жөніндегі Ұлттық үйлестіру кеңесінің мақұлдауынан өтіп, қазіргі таңда Үкіметтің қарауында жатыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button