Қала мен СалаСаясат

КАДРЫМ КЕТТI ДЕМЕГIН…

Мемлекеттік басқаруды оңтайландыру бағытындағы соңғы өзгерістер қоғамға қалай әсер етуде?

мемлекеттик баскару

Адами капиталды дамыту арқылы зор жетістіктерге жетуге болатынын Сингапур мемлекетін 31 жыл үздіксіз басқарған Ли Куан Ю өзінің «Сингапурская история: из «третьего мира» – в «первый» атты кітабында жан-жақты әңгімелейді. Ол талантты адамдар – елдің ең құнды игілігі екендігін толық түсіну үшін біршама уақытын сарп еткенін айтып, ағынан жарылады.

Сингапурдың басшысы былайша пайымдайды: «Егер адамдарды теріс дағдыларынан айнытуға күш салмасақ, бүгін жабайы да тұрпайы қоғамда өмір сүрер едік. Сингапур өркениеттен алшақ тұрған қоғам болғандықтан, ешбір қымсынбай тез арада алдыңғы қатарлы мемлекет құруға ұмтылдық. Біз жұмысымызды өзіміздің адамдарды тәрбиелеуден бастадық. Жаңаша түрде өмір сүруге олардың басым көпшілігінің көздерін жеткізгеннен соң, қасақана ережелерді бұзатын шағын топтарды жазалау мақсатында тиісті заңдарды шығаруды қолға алдық. Түптеп келгенде бұл Сингапурды өмір сүру үшін ең қолайлы ортаға айналдыруға мүмкіндік берді». Сондай-ақ, Ли Куан Ю жетістіктерге қол жеткізуге оқу-білімнің үлесі мол болғанын да ескертеді.

Әрине, бұл – біздің осы уақытқа дейін жасаған тіршіліктеріміздің бәрі болымсыз, өзгелердің бәрі керемет деген сөз емес. Шүкіршілік, біздің де өзге жұртқа үлгі ғып тартар үрдістеріміз бар екендігі даусыз. Бізге келімді-кетімді шетелдік әріптестеріміздің айтатын ортақ пікірі осындай. Мысалы, жапондық «Toshiba» корпорациясының өкілі Акихиро Такубо былайша пайымдайды: «Егемендігін жариялағаннан бергі қысқа мерзімнің ішінде өзінің дамуымен, сындарлы саясатымен, жарқын болашағымен бүкіл әлемді мойындатқан бірден бір ел – Қазақстан». Ал, Еуроодақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Ауралия Бушездің пікірі мынаған саяды: «Қазіргі заман білім беруден бастау алады десем, осы саладағы жетістіктері үшін Қазақстанды мақтан етер едім. 2009 жылы Қазақстан жалпы бастауыш білім беру деңгейін, ересектер арасында жоғары сауаттылық деңгейін және жыныстар арасында толықтай теңдікті қамтамасыз етуде оң нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Баршаға білім беру» атты ЮНЕСКО даму индексінде бірінші орынды иеленді. Президент Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Болашақ» тамаша бағдарламасы жас қазақстандықтарға шетелдің университеттерінде білім алуға жол ашты».

Иә, қол жеткен табыстар баршылық. Дей тұрғанмен алда атқарылатын жұмыстар да жеткілікті. Егер әлемнің озық 30 елінің қатарынан орын алғымыз келсе, Мәңгілік Ел атануды мақсат тұтсақ, қазіргідей күрделі халықаралық саяси-экономикалық жағдайда қалыпты дамуды қамтамасыз етуді көздесек, осынау іске бір кісідей жұмылып, қолдағы бар мүмкіндіктерді қалт жібермеуіміз керек. Бұл орайда, бірінші кезекте, мемлекеттік аппаратты қайта ұйымдастыру мен жетілдіру өте маңызды шара екенін айтқан жөн. Биылғы 6 тамызда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында, сондай-ақ, 2 қыркүйекте болған Парламенттің 4-ші сессиясының бірлескен мәжілісінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев неғұрлым маңызды бірнеше функцияларды ғана орындауға жұмылған ықшам әрі кәсіпқой Үкіметтің, нақтылы жолға қойылған ведомствоаралық үйлестірудің қажеттілігіне тоқталғаны бекер емес.

Бұл бағытта тиісті шешімдер де қабылдануда. Атап айтқанда, Елбасы мемлекеттік оңтайландыру және Қазақстан Республикасының жинақы Үкіметін қалыптастыру мақсатында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтің жаңа моделі дайындалып, өте жоғары талап қойылатын 543 мемлекеттік қызметкерлердің «А» корпусы жасақталды. Саяси қызметкерлердің саны 7,5 есеге қысқарды, аймақтарда аудандық және қалалық әкімдердің үштен бірі, ал орталықта атқарушы органдардың жетекшілер құрамының 15 пайызы жаңартылды. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы жүзеге асырылды. Ауылдық деңгейге қосымша 5000 штат беріліп, 67 мемлекеттік функция бекітілді. Қазір ауыл әкімдері салық жинауға, бюджетті қалыптастыруға және тұрғындарды қатыстыра отырып жергілікті мәселелерді шешу үшін арнайы қаржы бөлуге құқылы. Жалпы саны 2,5 мыңдай жергілікті әкімдер тұңғыш рет сайланды. Бұл – еліміздегі барлық әкімдердің 91 пайызы деген сөз.

Ең бастысы, бүгін мемлекеттік қызмет нормативтік-құқықтық тұрғыдан толық қамтамасыз етіліп отыр. Нақтырақ айтқанда, Конституция, тиісінше конституциялық заңдар, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Коррупциямен күрес туралы» ҚР Заңдары мемлекеттік қызметтің жұмысын қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеруге, олардың материалдық жағдайларын жақсартуға, лауазым иелерінің қызмет этикасын қатаң сақтауға, сөйтіп өз ұлтының отан­шыл әрі әділ, ісіне адал және кәсіпқой білікті маман болуларына жол ашуда. Соңғы мәселеде, өкінішке қарай, кемшіліктер де жоқ емес. Олар жөнінде ақпарат құралдарында жазылып та, айтылып та жүр. Әлі де болса жаңа тұрпатты басқарушылар даярлауда қателіктерге жол берілуде. Кадрларды іріктеуде және жоғарылатуда ескіше көзқарастар басымдау. Тамыр-таныстықпен қызметке келгендер болса мәселе шешуге дәрменсіз, солай бола тұра олар өз мойындарына жауапкершілік алудан бас тартуда.  Бұлар жөнінде Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ашық айтылды да.

Ендігі жерде мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру мемлекеттік қызметтің жұмысын жандандыруы тиіс деген ойдамыз. Мәселен, Білім және ғылым министрлігін алайық. Осынау мәртебелі мекемеде министрлер жиілеп ауысқанымен оқыту сапасының жақсармай тұрғанын несіне жасырамыз. Үш-төрт дипломды иеленгендердің білім деңгейі сын көтермейтіні көпке белгілі. Нәтижесінде, әсіресе аймақтарда, білікті мамандардың тапшылығы күн өткен сайын байқалып келеді. Бірқатар аудан әкімдерінің айтуынша, бүгінгі күні, тіпті әкімдік қызметке білікті маман табу өте күрделі мәселеге айналып отыр. Олардың ойынша, аса құнды және өте қажетті мамандықтардан өзге басқа мамандықтар бойынша жаппай ақылы оқытуды жапқан жөн. Сонымен қатар, әкімдердің пікірінше, мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа алу ережелерін қайта қараған дұрыс. Қазір мемлекеттік қызметке адамды қабылдау үшін кем дегенде 1,5 ай уақыт керек және бұл Мемлекеттік қызмет агенттігінің тікелей пәрменімен ғана жүзеге асады. Ал бұл, түптеп келгенде, ұжымның ырғақты жұмыс жасауына кедергісін тигізіп отыр.

Әкімдер сондай-ақ ауыл әкімдерін сайлау мәселесі қосымша зерттеуді қажет етеді деп санайды. Өйткені бұл үрдіс жақсы жағымен қатар біршама қиындықтар да туғызып отыр. Айталық, өмір болған соң, соңғы сайланған әкімдердің біреуі ауырып, біреуі зейнетке, біреуі бизнеске немесе өзге жаққа кетеді. Енді олардың орнына басқа адам алу үшін 5-6 ай тосу керек, себебі сайлау өткізуге тек Орталық сайлау комиссиясы рұқсат береді. Өз кезегінде ОСК бір босаған орын үшін сайлау жарияламайтындықтан еріксіз облыс не республика бойынша босаған орындарды күтуге мәжбүр. Нәтижесінде, ауыл округтарында әкімдердің тұрақты вакансиясы орын алары анық. Сондықтан, ауыл әкімдерін аудан әкімдері тәрізді мәслихат депутаттарымен келісе отыра тағайындау тетігін енгізу қажет деген аудан әкімдері тарапынан ұсыныстар айтылуда. Сонымен бірге, әкімдердің пікірінше, «Дип­ломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасын «Жастар – ауылға!» деп өзгертетін уақыт туды, себебі ауылға мұғалім мен дәрігерден басқа өзге мамандардың да керектігі анық қой. Олай болса, жалпы ауылға қайтамын деген азаматтарға арнайы жеңілдіктер қарастырылуы керек.

Тағы бір мәселені айналып өтуге болмас. Қазір 40 жастан асқандарға мемлекеттік қызметті айтпағанның өзінде, өндірісте, бизнесте, өзге салаларда жұмысқа тұру қияметтің қайымы. Бұл, әсіресе, орта техникалық буында және ауыл шаруашылығында аса білікті мамандардың жеткіліксіз болып отырған жағдайында орын алуда. Егер бізге шын мәнінде кәсіпқой мемлекеттің білікті әрі кәсіпқой қызметшісі керек десек, бұл тұрғыда көзі ашылмай жатқан кенге жолығарымыз анық. Яғни, талантты да талапты азаматтардың қолтығынан демейтін, ашылуына көмектесер мүмкіндіктер толығымен сарқылып біткен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бізге әлі де көп іс тындыру керек.

 Кенжеболат Жолдыбай,

саясаттанушы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button