Ел тынысы

Кәріс хорының жетекшісі

Достық үйі жанында ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралардың дені кәріс хорының қатысуымен өтеді. 2015 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеул қаласында өткен халықаралық фестивалінен табыспен оралған ұжымға 20 жылға жуық уақыттан бері Ләззат Болатқызы Хамзина жетекшілік етіп келеді. «Чен рю» халық хоры бүгінде қаладағы мамандандырылған балалар үйі, мүгедектер мен егде адамдарға арналған мемлекеттік мекемелерде жыл сайын өнер көрсетуді дәстүрге айналдырды.

Ләззат Хамзина 1962 жылы Қостанай облысына қарасты Жанкелдин ауданының орталығы – Торғай қаласында дүниеге келді. Әкесі Болат Хамзаұлы Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Торғай, Қостанай өңіріне белгілі сазгер, дирижёр, домбырашы болса, анасы Күнзипа Төлегенқызы фельдшер, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген медицина қызметкері болатын. Туғаннан естіп-көріп, танығаны ғажайып саз әлемі еді, домбыраның қоңыр күмбірі мен күйсандық үнімен оянып, сол үнмен ұйқыға кететін қыз музыканы өміріне серік етті.

Қазақтың күй өнері, әлемдік классикалық шығармаларды тыңдап өскен ол ерекше сезімтал, талғампаз болып қалыптасты. Торғай орыс орта мектебін ойдағыдай аяқтаған соң, мамандық таңдағанда көп ойланбастан хор дирижёрі мамандығына тоқтады.

Әлі есінде, әкесі «хор маманы жан-жақты интеллектуал болуы қажет және ол адамның ұйым­дастыру қабілетін дамытады» деп отыратын. Мамандық алған соң еңбек жолын Торғайдағы өзі оқыған балалар музыка мектебінен бастады. Онда фортепиано, музыка теориясы, сольфеджио пәндерінен сабақ алып, кейін аудандық Нұрқан Ахметбеков атындағы мәдениет үйі жанындағы хор ұжымына жетекшілік етті. Одан соң «Ғасырлар пернесі» халық ансамблінің мүшесі, кейін сол ансамбльдің көркемдік жетекшісі болды. Оның құрамында Мозамбик, Сирия, Иордания мемлекеттерінде қазақ өнерін өзге елдерге танытты.

– 10 жылға жуық туған жеріме қызмет етіп, облыс орталығы – Арқалық қаласындағы Бақытжан Байқадамов атындағы өнер мектебіне шақырылып, қосымша Торғай облыстық филармониясының «Торғай әуендері» фольклорлық ансамблінің жетекшісі, Серке Қожамқұлов атындағы облыс­тық музыкалық театрының хормейстері болдым. Тұрмыс құрған соң Қостанай қаласына қоныс аудардық. Жолдасым – кәсіби сазгер, теоретик, оркестр маманы Ерболат Қалиевпен бірге Қостанай қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде халық аспаптар бөлімін ашып, сол жерде дәріс оқыдық, – деді Ләззат Болатқызы.

1999 жылы елордаға қоныс аударып, қала мектептерінде балалар хорын ұйымдастыр­ған ол 2003 жылдан бастап Қазақстан кәрістері ассоциациясының шақыруымен «Чен рю» халық хорына жетекші болып тағайындалды. «Чен рю» халық хоры Астанамыздың мерекелік іс-шараларында, үкіметтік концерттерінде өнер көрсетіп келеді. Хор ұжымының репертуарында корей халық әндері, қазақ халық әндері, қазақ композиторларының хорға арналған шығармалары бар. Өз ісінің білгірі, шебер музыкант Ләззат Хамзина жетекшілік ететін осы хор ұжымы 2015 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеул қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысып, табыспен оралды.

Астана қаласындағы Дос­тық үйі жанында ұйымдастырылатын көптеген мәдени іс-шараға қатысуымен қатар, бұл ұжым елордадағы мамандандырылған балалар үйі, мүгедектер мен егде адамдарға арналған мемлекеттік мекемелерде жыл сайын өнер көрсетуді дәстүрге айналдырған.

2016 жылы ол Болат Хамзаұлы атындағы қоғамдық қор ашып, сол қордың құрылтайшысы болды, қор жанынан ашылған «Turan via sound» инклюзиялық музыка терапия орталығында ерекше балаларға ән үйрету, қоғамға бейімдеу жұмысын қоса атқарып келеді. Бұл қоғамдық қор жанында қазақ балалар әндері антологиясын жинақтап шығаратын «Елдана» орталығының жұмысын да қолға алып отыр.

Жетістіктері де жетерлік. 2013 жылы Қазақстан Рес­­публи­касы Президентінің алғыс хатымен, 2021 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының алғыс хатымен марапатталды. «Қазақстан халқы ассамблея­сына – 25 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан кәріс­тері ассоциациясы «Құрмет»
медалінің иесі.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button