Елорда тынысы

Кәсіби шеберлер байқауы басталды

Астанада «WorldSkills Kazakhstan 2022» кәсіби шеберліктің VII республикалық чемпионаты басталды. Іс-шараның ашылу салтанаты Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өтті. Студенттердің кәсіби шеберлігі сыналатын сайыс Оқу-ағарту министрлігі мен Talap коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас­тамасымен қолға алынды.

Бес күнге созылатын тартысты сайысқа еліміздің барлық өңірінен 22 жасқа дейінгі 500-ден астам жас маман қатысады. WorldSkills-тің 30 ресми құзыреті бойынша бақ сынайды. Қатысушыларды 500-ден астам сарапшы бағалайды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқаудың ашылу салтанатына Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға сәттілік тіледі.

«WorldSkills Kazakhstan 2022» республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты – жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына тартуға және елдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ықпал ететін айтулы жоба.  Жастарды кәсіпке бағдарлауды мақсат еткен бұл байқауға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Олар «Кірпіш қалау», «Сантехника және жылыту», «Кескіндеме және сәндік жұмыстар», «Бизнеске арналған IT шешімдер», «Веб-технологиялар», «Желілік және жүйелік басқару», «Графикалық дизайн», «Визуалды сауда» секілді бірқатар бағыттар бойынша сыналады. Одан бөлек мемлекеттік органдардың, әлеуметтік серіктестіктердің өкілдері, кәсіпорын қызметкерлері мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары де қатысып, тәжірибе алмасады.

Дәл осы сайыста үздік деп танылып, топ жарған шеберлер Қазақстан құрамасының намысын «EuroSkills 2023» халықаралық чемпионатында қорғайды.

Чемпионаттың жарыс бөлімі «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығы мен Астанадағы 3 колледждің алаңында өтеді деп жоспарлануда.

Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар 2022 жылдың 11 желтоқсанында QAZAQSTAN  Орталық концерт залында өтетін жабылу салтанатында марапатталады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button