Кәсіпкері көп қала
Бүгінде Астана экономикасының мөлшері шамамен 13 трлн теңгені құрайды, бұл ел экономикасының 10 пайызына жуығы «Атамекен» ҰКП Астана филиалы салалық кеңесінің төрағасы, «Акдениз Трэйд» ЖШС директоры Дархан Шілдебаевтың айтуынша, қалада тіркелген компаниялар саны 100 мыңға жуықтайды, бұл да ел бойынша тіркелген компаниялардың 20 пайызын құрайды. Кәсіпкер осындай көрсеткіш елорданың республикадағы маңызды іскерлік орталыққа айналғандығының белгісі деп санайды.
– Астана елорда болғалы бері қарқынды түрде дамып, өркендеп келеді. Сөзсіз қалада құрылыс маңызды сала болып қала береді, компаниялардың басым бөлігі сол салаға тиесілі. Сонымен бірге басқа қалалардағыдай елордада да сауда саласы жақсы даму үстінде, – дейді спикер. Одан қалада кәсіпкерліктің дамуына қандай кедергілер бар деп сұрадық. Өзі де осы саланың тәжірибелі өкілі ретінде ол бірнеше факторларды атап айтып берді. – Астанада кәсіпкерлік, бизнес саласын дамытудағы басты кедергілер – рұқсат құжаттарын алудағы және арзан қаржыландыруға қолжетімділіктегі қиындықтар, яғни елорда әлі де елдің қаржы орталығына айнала алмай отыр. Сонымен қатар инфрақұрылыммен байланысты мәселелерді атап өтер едім, мәселен, кеңсе кеңістіктерінің жетіспеушілігі, қойма ғимараттарының тапшылығы бар. Сондайақ кадр мәселесі де өзекті, елде сапалы кадрлар жетіспейді, – дейді ол. Д.Шілдебаевтың айтуынша, шетелдік компаниялар үшін елорданы инвестициялық тұрғыда тартымды ететіні – елшіліктер мен Астана халықаралық қаржы орталығының осында орналасуы. Сонымен бірге елорданың Ресейге жақындығы да сол көршілерге Астананы релокация тұрғысынан үздік орындардың біріне айналдырды. Маманнан Астанада кәсіпкерлікті дамыту үшін тағы не істеу керектігін сұрадық. – Мына бағыттарда жұмыстар жүргізген жөн: инфрақұрылымды жақсарту, яғни бизнесті қолдау үшін көліктік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту керек. Сонымен қатар кадрлардың білімін арттырып, дайындау үшін білікті мамандар әзірлеуге арналған оқу бағдарламасын жасау қажет. Бизнес процестерге заманауи технологияларды енгізіп, стартаптарды қолдау, әкімшіліктік рәсімдерді қысқартып, кәсіпкерлер үшін бюрократиялық кедергілерді азайту керектігін айтқым келеді. Бұл шаралар елорданың тұрақты экономикалық дамуына қолайлы жағдай жасайды, – дейді Д.Шілдебаев. Осы мақсатта «Атамекен» ҰКП елорда филиалы тарапынан белсенді жұмыстар жүргізіліп, палата жанынан бизнеске тікелей ықпал ететін кеңестер құрылуда.
Дайындаған Райхан РАХМЕТОВА