Кәсіпкерлердің қарым-қатынасы жақсарады
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов бастаған бір топ депутат қытайлық әріптестерімен кездесті.
Үрімжі қаласы Экономикалық аймақтың әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары Чень И мырзамен кездесуде агроөнеркәсіп, мал шаруашылығының экспорты, импорты саласындағы ынтымақтастық, жүйелі екіжақты экономикалық дамуға жәрдемдесу және екі ел кәсіпкерлерінің бизнес – қатынастарын қолдау туралы айтылды. Бұл туралы Ерлан Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«2008 жылы еліміздің бас қаласы Астана мен Қытайдың Үрімжі қаласы арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат экономика, сауда, мәдениет және технологиялар саласында тәжірибе алмасуды және бірлескен жұмысты көздейді. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы жақында Үрімжі қаласында өкілдігін ашқан болатын. Аймақ шекаралас болғандықтан, екі елдің экономикасы үшін маңызды сауда, гуманитарлық және туристік хаб болып табылады. Серіктестіктің 30 жылында көптеген байланыстар орын алғанымен, өсу үшін әлі де үлкен әлеует бар. Әңгімелесу барысында қазақстандық бизнес-қоғамдастық пен қытайлық кәсіпкерлер түрлі салаларда өзара көмек көрсете алатын бағыттар бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсындым» деді Е.Каналимов.