Кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов кәсіпкерлермен кездесті. Дәстүрлі түрде өтетін кездесуге шағын және орта бизнес, салалық қауымдастықтар, құқық қорғау және қадағалау органдары өкілдері қатысты.
Сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде елорданың инженерлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандар (қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй, мектептер, медициналық нысандар, балабақшалар және т.б.) салу, жер қатынастары саласы және өзге де мәселелер бойынша бірқатар сұрақтар көтерілді.
«Бүгін шағын және орта бизнес – елорда экономикасының негізі. Оның қала экономикасына қосатын үлесі 72%-ға жетті. Қазіргі таңда бас қалада шамамен 244 мың шағын және орта бизнес субъектілері өнімді жұмыс істеп жатыр. Тиісті компаниялар жарты миллионнан астам адамды немесе бас қаладағы экономикалық белсенді азаматтардың 70%-ын жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі уақытта біз экономика құрылымындағы өзгерістерді байқап отырмыз. Бұрын құрылыс секторы негізгі қозғаушы күштердің бірі болса, бүгін басты рөлді сауда саласы атқарып отыр. Бұл салада барлық бизнес субъектілерінің 34% шоғырланған және ол өңірлік жалпы өнімнің бестен бір бөлігін құрайды.
Сонымен қатар, елорданың инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді» деді өз сөзінде қала әкімі.
Ұлттық палата басшысы Райымбек Баталов кәсіпкерлікті дамытудың кешенді жоспары туралы айтып, шағын бизнес блогына және орта бизнес проблемаларына ерекше назар аударды.
«Елордалық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл бойына әкімдікпен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсат – кәсіпкерлердің үнін есту. Бүгінде 60-қа жуық сұрақ тіркелді. Негізгі басымдық осы мәселелерді шешуге бағытталады. Бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды бірінші кезекте отандық кәсіпкерлер іске асыруы тиіс. Жақында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылық жерлерді игеру мәселесінде бизнес рөлін атап өтті. Осыған қатысты қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау білдіру мәселесі талқылануда» деді Р.Баталов.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин өз сөзінде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысымен бөлісті. Жиын соңында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды.
Индира БЕРЖАНОВА