Басты ақпаратҚала мен Сала

Кәсіпкерлігі өркендеген елорда

Астана бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамыту бойынша Қазақстанның өңірлері арасында көш бастап тұр. Қазір қаладағы 209 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанда 458 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл – елорданың экономикалық белсенді тұрғындарының 71 пайызын қамтыған көрсеткіш. Осының бәрі – Астанада шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында атқарылып жатқан іс-шаралар.

Елордада жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейін гранттар беріледі. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының ­орынбасары Қуаныш Сапаров мәлімдеді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша елорданың ЖӨӨ құрылымындағы шағын және орта бизнес­тің үлесі 75 пайызды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстанның өңірлері арасында Астана көшбасшы болып тұр.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, Астанада 209 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар. Онда 458 мың адам жұмыс істейді, бұл қаланың экономикалық белсенді тұрғындарының 71 пайызын құрайды. Осы және басқа да көрсеткіштерге қол жеткізуге 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан іс-шаралар айтарлықтай ықпал етті. Осылайша, бизнесті қолдау мақсатында елордада кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау жүргізіледі. Осы тетік бойынша 2022 жылы кәсіпкерлердің жобасын қолдауға 19,5 млрд теңге бөлінді. 2022 жылы 102,2 млрд теңге сомасы бойынша 1715 субсидиялау шартына қол қойылды.

Несиеге ішінара кепілдік беру де жүзеге асырылады. Өткен жылы кәсіпкерлердің 1526 кредитіне кепілдік берілді. Сонымен қатар, жаңа бизнес-­идеяларды іске асыру үшін шағын бизнес субъектілеріне конкурстық негізде 5 млн теңгеге дейін гранттар беріледі.

– 2022 жылы өтінімдерді қабылдау 1-15 сәуір аралығында өтті. Мәселен, 1,8 мыңнан астам өтінім келіп түсті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 есе көп (335 өтінім). Тыңдау қорытындысы бойынша 135 кәсіпкердің жобасы мақұлданды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобынан 29 кәсіпкер және 28 жас кәсіпкер бар, – деді Қуаныш Сапаров.

Қолдаудың тағы бір тетігі – экономиканың басым салаларында шағын және орта бизнес объектісінің аумағына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу. Биыл осы бағытта 1,9 млрд теңге сомасына жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу бойынша 3 жобаға қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті, оның ішінде сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс істейтіндерді мемлекеттік қолдаумен барынша қамту үшін әкімдік «Даму» қорымен бірлесіп «Астана бизнес 2» жергілікті жеңілдікті кредиттеу бағдарламасын іске асыруда.

– Биыл аталған бағдарламаға барлығы 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 489 млн теңге сомасына кәсіпкерлердің 9 жобасы мақұлданды. Сондай-ақ, тұрақты негізде кәсіпкерлермен кездесу өткіземіз. Кездесу барысында кәсіпкерлерді толғандыратын өзекті және түйткілді мәселелер талқыланды, – деді Қ.Сапаров.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button