Кәсіпкерлік: салада серпін бар

Былтыр Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы елеулі жұмыстар атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Сондай-ақ қызметінің басым бөлігі – елорданың экономикалық өсуіне, оның ішінде инвестицияларға, өнеркәсіпті дамытуға және туризмге арналған салалық басқармада биыл айтарлықтай жобалар легі жетерлік. Бұл туралы басқарма басшысы Халел Әкімжанов Астана қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Оның сөзінше, қаладағы шағын және орта бизнес саласы елорданың 521,5 мың тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Бұл – Астананың экономикалық белсенді халқының 70%-ын құрайды.
«Өткен жылы ШОБ субъектілерінің саны 8,5%-ға өсіп, 250,5 мыңға жетті. 2024 жылдың 9 айында шағын және орта бизнес субъектілері 11 трлн теңгеден астам өнім өндіріп, қызмет көрсетті.
Мемлекеттік қолдау «Біртұтас кешенді бағдарлама» аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиелерді ішінара кепілдендіру және мемлекеттік гранттар беру арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «Астана Бизнес» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасымен 2,5 млрд теңгеге 45 субъектіге қолдау көрсетілмек. Сондай-ақ елордада әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Қалада 835 кәсіпкердің 175-і әлеуметтік кәсіпкер ретінде тіркелген, бұл – республика бойынша ең жоғары үлес. Негізгі бағыттары – мектепке дейінгі білім беру, ерекше балаларды оңалтуға арналған түзету орталықтары» дейді басқарма басшысы.
Халел Әкімжановтың айтуынша, биыл шағын және орта бизнесті қолдауға бюджеттен 28 845 млн теңге қарастырылған.
«Екіншіден, Президент Жолдауы аясында әкімдік экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті ынталандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің өсімі 6%-дан асып, 2,5 трлн теңгеден асты. Биыл бұл көрсеткішті 2,6-2,7 трлн теңгеге дейін жеткізу, өңдеу өнеркәсібінде 2,4 трлн теңгеге дейін өсіру жоспарланып отыр. Өнеркәсіптің негізгі дамуы №1 Индустриялық парк аумағында жүзеге асуда. Бүгінде мұндағы инвестициялық портфель 133 жобаны қамтиды. 72 жоба іске қосылып, 5,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды» дейді ол.
Бүгінде №1 Индустриялық парктің табысты жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, №2 Индустриялық парк құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұнда 150-ге жуық жаңа инвестициялық жоба тарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде бірнеше инвестор өндіріс ашуға ниет білдірген.
Басқарма басшысы Астана үшін азық-түлік қауіпсіздігі маңызды мәселелердің бірі болып қала беретінін айтты. Ол үшін елордада Аграрлық-индустриялық аймақ құру жұмыстары жүргізілуде.
«85 гектар аумақта жүзеге асырылатын бұл жоба аграрлық және өнеркәсіптік секторларды интеграциялау бағытында маңызды қадам болмақ. Бұл аймаққа шамамен 30 инвестициялық жобаны тарту жоспарланып отыр. Биыл тиісті рәсімдік мәселелерді аяқтап, инфрақұрылым құрылысын бастауды көздеп отырмыз» деді брифингте Х.Әкімжанов.
Басқарма басшысы саладағы жалпы инвестиция көлемі былтыр 1,9 трлн теңгені құрағанын хабарлады. Ал биыл бұл межені 2,05 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Негізгі инвестициялық салалар – көлік, логистика, азаматтық құрылыс, ақпараттық технологиялар, сервистік қызметтер. Ал өткен жылы жалпы сомасы 300 млрд теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске асырылып, 4 мың жұмыс орны ашылған.
«Елордаға тартылған жеке инвестициялардың 30%-дан астамы көлік және логистика саласына тиесілі. Қазір бұл салада 60 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған сала белгілі бір инфрақұрылымға жоғары талап қоятын бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты өткен жылы 230 гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ преференцияларымен жаңа логистикалық парк құру туралы ұсыныс енгізілді. Бұл шешім елордаға жаңа жобаларды тартуға қосымша серпін бермек» дейді ол.
Брифингте сауда және азық-түлік қауіпсіздігі, бағаны тұрақтандыру, әлеуметтік тауарлар және туризм саласы да айтылды.
«Астанада туризм тұрақты өсім көрсетуде. Өткен жылы қала 1,5 миллион туристті қабылдады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға көп. Негізгі туристік нарықтар – Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея. Бұған қосымша бизнес-туризм мен медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Ерекше назар оқиғалық (ивент) туризмге бөлінуде. Сонымен қатар, гастрономиялық және мәдени-спорттық туризмге басымдық беріліп отыр. Жалпы 2024 жылы елордада 168 халықаралық деңгейдегі іс-шара өтті. Биыл 300-ден астам мәдени-спорттық шара өткізу жоспарлануда» деді Х.Әкімжанов.
Айта кетейік, аталған басқарма жұмысы бүгінде Астананың Орталық Азиядағы жетекші туристік, инвестициялық және бизнес орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтуға, туристік ағымды арттыруға және өңір экономикасына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Ержан ҚОЖАС