Кәсіпкерлікті дамыту қай деңгейде?
Астана – еліміздің саяси орталығы ғана емес, сан-салалы шаруашылық өркендеген, кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыған қала. Қазіргі таңда бас қалада 237,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері өнімді жұмыс істеп жатыр. Биылғы бірінші тоқсанда шағын және орта кәсіпкерлік 3 триллион 321.8 млрд теңгенің тауарын өндіріп, елорда бюджетінің артуына, өндірістің өркендеуіне тың серпін берді.
Соңғы жылдары Астана тек әкімшілік қана емес, кәсіпкерлік орталыққа да айналды. Бүгінгі таңда қалада 237,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11 мыңға артық. Тиісті компаниялар 512 мың адамды немесе бас қаладағы экономикалық белсенді халықтың 24 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік елорда экономикасының 78,3 пайызын құрайды. Бұл мәліметтерді Астана қаласы мәслихатының көпшілік тыңдауларында қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов жеткізді.
140 жеңілдетілген несие берілді
Оның айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда шағын және орта кәсіпкерлік 3 трлн 321,8 млрд теңге сомасына тауарлар өндіріп, қызмет көрсетті. Бұл тарапта өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайыз өсім бар. Осы жылдың бірінші тоқсанында елорда бюджетіне 1 трлн 235,2 млрд теңге салық және басқа төлемдер түсті. Соның 718 млрд теңгесі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесінде.
«Биыл бюджеттен кәсіпкерлерді қолдауға 32,4 млрд теңге қарастырылған. Бұған республикалық бюджеттен 23,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 8,6 млрд теңге бөлінді. Алдағы қазан айында мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурс өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бағдарламалармен қатар «Астана бизнес» жергілікті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске асуда. Осы жылы аталмыш бағдарламаға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Аталған бағдарлама аясында бірінші жартыжылдықта 2,4 млрд теңге сомасына 140 жеңілдетілген несие берілді. Республика бойынша 635 кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне енді. Соның 161-і немесе 25,3 пайызы – астаналықтар» деді Халел Әкімжанов.
Арнайы экономикалық аймақтардың маңызы
Өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өткен ол биылғы 8 айда өнеркәсіп өндірісі 13 пайызға артып, 1,3 трлн теңгеге жеткенін айтты. Соның негізгі бөлігін өндеу өнеркәсібі (91 пайыз) құрады. Бұл тарапта металлургия, машина құрастыру, минералды өнімдер өндірісі жетекші орындарды алып отыр.
«Инвестиция тарту мен өнеркәсіпті дамытудың негізгі тетіктері – жұмыс істеп жатқан «Астана – жаңа қала» және «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақтары. Индустриалды парк елдегі өндіріс көлемі бойынша көшбасшы болып келе жатыр. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтарда 115 жоба жүзеге асуда. Соның 58-і бүгінгі таңда іске қосылды. №1 индустриалды парктің құрылысы мен табысты жұмысына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір №2 индустриалды паркті құру ісі белсенді жүргізілуде. Бұл нысан 409 гектар аумақты алады. Онда 150 өндіріс ошағын орналастыру, жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы іске асыру жоспарланған» деді Халел Әкімжанов.
Бірнеше сала бірігеді
Басқарма басшысының айтуынша, елорда өсіп, халық саны артқан сайын агроөнеркәсіп кешені тауарларына қажеттілік те ұлғайды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өндеуге сұраныс пайда болды. Сол себептен 60 гектар аумақта аграрлы-индустриалды аймақты құру жоспарланды. Сол арқылы аграрлы және өнеркәсіптік аймақ бірігеді. Бұл үшін Астанамен шекаралас Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен келісім жасалмақ. Қазір бидай өңдеу бойынша үздік үштікке кіретін халықаралық компаниямен меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ логистикалық парк құрылмақ. Бұған Астана – Қарағанды тасжолы ауданында аумақ белгіленді. Бұл жобаға қызығушылық танытып отырған компаниялар да бар. Заман сұранысына сай ІТ-секторды дамытуға да көңіл бөлінді.
«Астана хаб» барын түсінеміз. Бұл ұйым, негізінен, Soft-индустрияға жауап береді. Яғни, бағдарламалық және бұған ұқсас өнімдерді өндіреді. Бірақ Астана елде жылдам өсіп жатқан қалалардың бірі болғандықтан, инфрақұрылым мәселесі туындады» деді Халел Әкімжанов.
Инвестиция игілігі
Оның мәліметінше, осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестиция көлемі өсімінің оң динамикасы сақталды. Бұл 958 млрд теңгені құрады. Өсім – 19,2 пайыз. Жалпы тартылған инвестициялар көлемінде жекеменшік инвестициялардың үлесі 75 пайыздан асты. Оның сомасы 707 млрд теңгеге (өсім – 16,2 пайыз) жетті.
«Осы жылдың соңына дейін 1,7 триллион теңге инвестицияны қамтамасыз ету жоспарланды. Бұл инвестициялар өнеркәсіптік кәсіпорындарды ашуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға құйылады. Биылғы бірінші тоқсанда тікелей шетелдік инвестиция 383,6 миллион АҚШ долларын құрады. 2024 жылға жоспар – 1 миллиард 135 миллион АҚШ доллары. Инвестиция тарту аясында 23 мың жаңа жұмыс орнын құру, 653 жобаны іске асыру қарастырылған» деді басқарма басшысы.
Сауда және қызмет көрсету саласын дамытуға тоқталған баяндамашы бұл сала қала экономикасының негізін құрайтынын жеткізді. Осы жылдың 8 айында бөлшек тауар айналымы 1,6 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға өсті. Дистрибьютерлік тауар айналымы да артып, 4,1 трлн теңгені құрады.
Туристер саны артады
«Заманауи көше саудасы форматын құру және елорда архитектурасына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін павильондарды орналастыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл мәселе қалалық мәслихатта көп талқыланып, қазір жаңа ереже бекітілуде» деген Халел Әкімжанов туризмді дамытуға тоқталды.
Оның айтуынша, қазір елордаға туристердің қызығушылығы үлкен. Былтыр елордаға 1,3 млн турист келген. Бұл рекордтық көрсеткіш еді. Биыл бұдан да көп болады деп болжанып отыр. Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша туристер саны 677 мың адамға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға артты.
«Елордаға туристердің келуіне қажет инфрақұрылым құрылды. Қазір Астанада 257 қонақүй және 70-тен астам туристік нысан бар. Биыл қалада көптеген іс-шара өтті. Мәселен, жақында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Соның есебінен туристер көбейді» деді басқарма басшысы.
Қолдау бағдарламасын қаржыландыру жеткіліксіз
Халел Әкімжановтың айтуынша, елордада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Соның біріншісі, кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасын қаржыландыру.
«Мемлекет басшысы осы жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, нақты секторды несиелеу әлі де тиісті деңгейге жеткен жоқ. Шағын және орта бизнесті қаржыландыру мәселесі де толық шешілмеген. Бұл кәсіпкерлердің белсенділігіне, экономикалық тұрақтылыққа және өсіміне теріс әсер етеді» деген басқарма басшысы қазір бұл тарапта қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Кәсіпкерлікті ілгерілетуге кедергі болып жатқан тиісті инфрақұрылымның, соның ішінде электрқуатының жеткіліксіздігін атап өтті. Астанада кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2022-2027 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына өзгерістерді енгізу қажеттігін айтты.
Бірыңғай анықтамалық қажет
Астана қаласы прокуратурасының аға прокуроры Нұрбек Айтжан кәсіпкерлердің құқығын қорғау жұмысы мен осы саладағы мәселелерге тоқталды. Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Тайшытаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Астана қаласы бойынша өңірлік филиалы басшысының орынбасары Ақбота Нұрғалиева, қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының хатшысы Салтанат Женалаева баяндама жасады.
«Кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл сала жоғары технологиялық өндірістерді құруға бағдарланған орта тап пен бәсекеге қабілетті динамикалық бизнес қауымдастықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Үкіметтің алдында маңызды міндет қойылғанын атап өтті. Бұл – 2029 жылға қарай экономикадағы орта бизнестің үлесін 15 пайызға дейін арттыру. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш шамамен 7 пайызды құрайды. Өткен жылдың соңында мәслихат «Астана кәсіпкері» бағдарламасын бекітті. Статистика бойынша соңғы жылдары Астана қаласында кәсіпкерлер саны бірнеше есе артты, әрбір үшінші астаналық кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Бюджетке түсетін салық түсімдерінің жартысынан көбі шағын және орта бизнеске тиесілі» деген Салтанат Женалаева осы саладағы түйткілдерді де атап өтті.
Қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың пікірінше, шағын және орта бизнес өкілдері салықтық есептілікті құрастырудың базалық дағдыларын меңгермеген. Бұл бухгалтерлік сүйемелдеудің сапасын арттырып, оқыту көлемін кеңейтуді талап етеді. Мәслихат төрағасы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасына Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, кәсіпкерлердің негізгі сұрақтарына жауап беретін бірыңғай анықтамалық әзірлеуді ұсынды.
«Мұндай құжат үдерістерді жеңілдетуге және шағын және орта бизнес саласына қатысушылардың барлығына көмектеседі» деді Ерлан Каналимов.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ