Жаңа Қазақстан

Кәсіптік білім беру экономика қуатын арттырады

– Президентіміздің Жол­дау­да кәсіптік білім беру мәселесін алға қойғаны – заңдылық. Себебі экономикалық өсімге қол жеткізу үшін нарыққа кәсіби мамандар қажет. Кәсіптік білім – нәсіп табудың негізгі жолы әрі ел экономикасының қуатын арттыратын тетік. Сондықтан осы мәселеге Президент ден қойып, көңіл бөліп отыр. Білім беру жүйе­сінде кәсіптік бағдар берудің маңызы күн өткен сайын артып келетіндіктен, сөзсіз, бұл жолда серпіліс, нәтижелі жұмыс болады деп сенемін. Әсіресе болашақта сұранысқа ие білікті мамандардың болуы аса маңызды. Осы мақсатта білек сыбана атсалысуға да­йынбыз.

Кәсіптік білім беру саласын алға жылжыту үшін, әрине, реформалау керек. Биыл кәсіп­орындардың тапсырысы бо­йынша жұмысқа орна­ластыру міндеттемесімен кадр­ларды мақсатты әзірлеу, сондай-ақ еліміздің әрбір макро­өңірінің тапсырысы бойынша колледждерді бейіндеу жүргізілді. Келесі жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформация күтеді. Алда­ғы уақытта колледждер қызмет көрсету сапасына сәйкес рейтингіге бөлінеді. Осылайша кәсіптік білім беру саласында бәсекелестік орта қалыптасады, қызмет көрсетіп, тиімді жұмыс істеуі жоғарылайды. Одан да басқа көптеген өзгеріс жоспарлануда. Демек, техникалық және кәсіптік білім беру саласын реформалау – экономиканың бірден-бір драйвері, экономиканы көтеретін қозғаушы күш. Оның нәтижесін қарапайым халық та көретіні айқын.

Елордалық технологиялық колледждің базасында биыл жаңа оқу жылында техник-­гидрогеолог мамандығы ашылды. Қазақстан бойынша бұл қадамды алғашқылардың бірі болып жасадық. Өйткені су ресурстары қызметкерлерін дайындау қалаға, жалпы елге ауадай қажет. Биылғы су тас­қыны апаты саладағы маман тапшылығын анық көрсетті. Бір жылдан астам келіссөздер жасасып, үлкен ізденістер және түрлі бюрократиялық кедергіден соң Астанадағы оқу орындары арасында тың әрі жаңа мамандық аштық. Бастама ел игілігіне қызмет етеді деген сенім бар.

Жұмысшы мамандықтарын кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда еңбек адамдарының мәртебесі артып жатқаны қуантады. Себебі бүгінгінің қарапайым еңбек адамдары осындай оқу орындарынан түлеп ұшады. Мемлекет басшысы бұған дейін де қоғамда нағыз маман болу идеясын насихаттаған еді. Кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге баса мән берген сайын жастардың еңбексүйгіш маман болып қалыптасуының маңызы артады деп білемін.

Ляззат РАЗБЕКОВА,

Астана қаласы технологиялық

колледжінің директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button