Қоғам

Кәсіптік білім беру – экономиканың драйвері

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялап, кәсіптік білім беру мәселесін алға қойғаны – заңдылық. Себебі экономикалық өсімге қол жеткізу үшін нарыққа кәсіби мамандар қажет. Кәсіптік білім – ел экономикасының қуатын арттыратын тетік. Сондықтан осы мәселеге Президент ден қойып, көңіл бөліп отыр. Білім беру жүйесінде кәсіптік бағдар берудің маңызы күн өткен сайын артып отыр­ғандықтан, атаулы жылдың жарияланғанын асыға күттік.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформация күтеді. Осылайша, кәсіптік білім беру саласында бәсекелестік орта қалыптасады, қызмет көрсетіп, тиімді жұмыс істеуі жоғарылайды. Демек техникалық және кәсіптік білім беру саласы – экономиканың бірден-бір драйвері, экономиканы көтеретін қозғаушы күш.

Елордалық технология­лық колледж базасында былтыр жаңа оқу жылында техник-гидрогеолог мамандығы ашылып, қазір 47 студент білім алуда. Қазақстан бойынша бұл қадамды алғашқылардың бірі болып жасадық. Өйт­кені су ресурстары қызметкерлерін дайындау елге ауадай қажет. Сонымен қатар наубайшы мамандығы бойынша халықаралық салалық аккредиттеу­ден өтуді бастадық. Бұл бағытта студенттеріміз Англияның білікті мамандарымен тәжірибе алмасады. Осылайша, халықаралық стандартқа сай мамандар оқытылады. Колледжде бүгінде 813 студент наубайшы, тігінші, шаштараз, аспаз және гидрогеолог мамандығын меңгеруде.

Жұмысшы мамандықтарын кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда еңбек адамдарының мәртебесі артып жатқаны қуантады. Себебі бүгінгінің қарапайым еңбек адамдары осындай оқу орындарынан түлеп ұшады. Кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге баса мән берген сайын жастардың еңбексүйгіш маман болып қалыптасуының маңызы артады деп білемін.

Ляззат РАЗБЕКОВА,
Астана қаласы мәслихатының депутаты,
технологиялық колледж директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button