Кәсіптік білім қауқары қандай?
Республика бойынша кәсіпорындарда 130 мыңға жуық білікті маман тапшы. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі растап отыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша нарыққа ең қажеті – техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар. Кәсіптік білім беруді арттырып, жастарды осы салаға тарту мақсатында биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» жарияланды. Себебі еңбек нарығында жұмыс ұсынылғанымен, саланы жетік меңгерген техник, механик, инженерлер жоқ. Өкінішке қарай, колледж бітірген студенттердің басым бөлігі мамандығы бойынша жұмыс істегеннен гөрі, таксист не курьер болғанды құп көреді.
Реформалау саланы ілгерілете ме?
Бүгінде елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды. Ал Астана қаласында техникалық және кәсіптік білім беру кадрларын даярлайтын 32 колледж (мемлекеттік – 9, жекеменшік – 23) бар. Мұнда 73 мамандық және 121 біліктілік қарастырылған. Елорда колледждерінде 36 360 студент оқиды, оның ішінде 24 546 студент (68%) ақысыз негізде білім алады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024-2025 оқу жылында колледжге түскен студенттердің 73%-ы бюджеттік негізде білім алуда. Бұл – соңғы 14 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Колледждердің тартымдылығын арттыру мақсатында грант саны артқаннан бөлек, шәкіртақы мөлшері де 50%-ға өсті. Десе де, елімізде студенттердің тек 57%-ы техникалық мамандық бойынша оқыса, қалған 43%-ы жұмысшы мамандықтан гөрі, денсаулық сақтау, құқық, білім беру және ақпараттық технологиялар салаларын таңдаған. Жұмысшы мамандықтарының үлесін арттыру үшін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалаудың қажеті туып отыр. Осы мақсатта, Оқу-ағарту министрлігі Кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын бекітті.
Астана қаласы техникалық колледжінің директоры Абай Құрманқұловтың айтуынша, атаулы жыл еліміздің өркендеуіне ықпал ететін жұмысшы резервін қалыптастыруға тікелей ықпал етпек.
– Техникалық және кәсіптік білім беру саласын және жұмыс берушілермен арадағы байланысты арттыру бағытындағы реформалар еліміздегі экономиканың жалпы өсімін арттыруға септеседі. Техникалық колледж бірнеше рет трансформацияланып даму жолынан өтті, соңғы жылдары оқу процесін жоспарлау жетілдіріліп, колледждің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Сәйкесінше, мектеп оқушыларының колледжге түсуге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып отыр. Былтыр колледж 320 студентті қабылдады, қабылдау көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 2 есеге артқан, – деді А.Барманқұлұлы.
Техниканың тілін білетін маман тапшы
Дегенмен, колледжге түскендердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспауы алаңдатып отыр. Жастар саладағы жалақының аздығынан әлдеқайда көп табыс табатын мобилограф, официант, тамақ өнімдерін жеткізуші секілді жұмыстарға орналасып жатады. Айлықтағы айырмашылықтан кәсіптік білімін растайтын дипломның да құны қалмайды. Елордалық техникалық колледжінің директоры Абай Құрманқұлов бұған жұмысшы мамандықтарына төленетін айлық мөлшерінің төмен болуы әсерін тигізіп отырғанын айтады. Мәселен, қызметін енді бастаған сантехниктің орташа жалақысы 100-150 мың теңге шамасын құрайды. Салдарынан өндіріс-өнеркәсіптегі жұмыс үрдісі жастарға қызықсыз. Десе де, директордың сөзінше, локомотив машинисінің көмекшісі, электр монтері, кең бейінді станокшы, лифт және эскалатор электр механигі секілді мамандықтар бойынша колледждің былтырғы түлектерінің 98 пайызы жұмысқа орналасқан.
Техникалық мамандарды арттыру мақсатында 2012 жылы дуалды оқыту жүйесі жүзеге енгізілді. Техникалық колледждің тәжірибесінде дуалды оқытумен студенттердің 60 пайызы қамтылып отыр. Алайда дуалды оқыту болғанның өзінде, түлектер тәжірибеден өткен кәсіпорындарға барып жұмыс істемейді. Мұны растаған «Қазақстан Республикасының лифт компаниялары қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Нұрлан Құттыбаев нарыққа жас әрі білікті жұмысшы мамандар қажет екенін айтады.
– Бас қаланың «Астаналифт» ЖШС мекемесінде электромеханик, лифт жабдығын реттеуші, диспетчерлік байланысқа қызмет көрсету жөніндегі техник, лифт бойынша диспетчер секілді мамандарға қажеттілік өте жоғары. Лифтіге қызмет көрсету бойынша жоғары білікті маман болу үшін білім мен тәжірибе жинақтау керек, заманауи әдістер мен технологияларды мақсатты түрде үйрену керек, бірақ жастар бұған жасқаншақ келеді. Себебі нарықта жоғары табысы бар ұсыныстар тұрғанда, олар үшін техникалық мамандықтар тартымсыз. Десе де, мекемеде қазіргі уақытта колледжді бітірген және мамандығы бойынша жұмыс істейтін студенттер бар. Алайда олардың саны өте аз, – деді Н.Құттыбаев.
Білім алуға бар жағдай жасалған ба?
Колледждердегі білім сапасына әсер ететін тағы бір фактор – заманауи жабдықтардың жетіспеуі. Бүгінде еліміз бойынша 180 колледж ғана «Жас маман» жобасы аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік грантты ұтып алған студенттер оқу барысында осы күні өндірісте пайдаланылып жүрген жабдықтармен емес, өткен ғасырда жасалған көнерген технологиялармен танысады. Астаналық мемлекеттік колледждердің бірін былтыр электр-техник мамандығы бойынша бітірген Ілияс Еркебұлан оқу орнында инфрақұрылымның ескіріп, компьютерлердің бірнеше жылдар бойы жаңартылмай отырғанын айтады. Десе де, нарықта бәсекеге қабілетті колледждер де жоқ емес. Жекеменшік «Медициналық-техникалық колледжінде» 1-курс студенті Ахмед Есенгелді оқу материалдары заманға сай жабдықталған дейді. Бірақ студенттердің шәкіртақысын кешіктіру, электронды журнал жүйесінің әлі де іске қосылмауы, жатақханадағы орындардың қымбат болуы сапалы білім алуға кедергі. Сондықтан техникалық бағытта маман дайындау мәселесін қайта қарау кезек күттірмейді.
Индира Бержанова