Жаңа Қазақстан

Кәсіптік білімнің көкжиегі кең

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады. Президенттің әділетті қоғам құруға және елді дамытуға бағытталған саясатын толық қолдаймыз.

Кезекті Жолдауда әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заңның қабылдануын, балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатынын, кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жазаның күшейтілетінін, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заңның қабылданғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру өте маңызды. Атап айтқанда, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету, ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта біздің «Астана Профи» қалалық шаруашылық колледжі» мекемесінде жеке тұлғаны дамыту және кәсіби маманды қалыптастыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Қалалық шаруашылық және агробизнес саласында жоғары сапалы кәсіптік білім беретін оқу ордасында жастарға кәсіптік білім беру және оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау мақсатында білікті педагогикалық құрам еңбек етуде.

Он жылдан астам тарихы бар біздің колледж қаладағы кәсіп­орындармен және ұйымдармен белсенді жұмыс істейді. Бұл студенттерге практикалық нысандарда тағылымдамадан өтуге, білімдерін тереңдетуге және құнды жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде еңбек нарығында жұмысшы мамандарға деген сұраныс артып келеді. Сондықтан еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру бағытына барынша мән беріліп, оның қолжетімді болуына, қоғам сұранысындағы мамандықтарды дөп басып, сапалы, білікті маман даярлау ісіне көп көңіл бөлінуде.

Президенттің алдағы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы қоғамда еңбекқор адамдардың көбеюіне, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткендерге құрметтің артуына ықпал етеді деген сенімдемін. Біздің елде еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағаланады. Кез келген еңбек иесі өз ісіне деген жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқарса, оларға лайықты сый-құрмет көрсетіледі.

«Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадр­лар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс» деді Мемлекет басшысы. Біз бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, қарапайым адамдардың адал еңбегін бағалауға тиіспіз. Бұл туралы мен әр сабағымда шәкірттеріме түсіндіріп отырудан жалықпаймын. Себебі кәсіби білімнің көкжиегі кең, болашағы зор.

Арайлым АРЫСТАНОВА,

«АСТАНА ПРОФИ» қалалық шаруашылық

колледжі қазақ тілі пәнінің оқытушысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button