Кәсіптік білімнің көкжиегін кеңейткен
Ұстаздық қызмет қандай құрмет болса да лайық. Мұғалімдердің еселі еңбегін ескеріп, елімізде республикалық «Үздік педагог – 2024» байқауы өткен еді. Елорданың 5 бірдей ұстазы арасында астаналық колледж мұғалімдері ішінен жалғыз ғана үздік атанған Айнагүл Сүндетова болды. Ұстаздық жолын кәсіптік білім беруге арнаған маман – бүгінде бас қаланың Жоғары көлік және коммуникация колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, Электробайланыс кафердрасының ұстазы.
«Ұстаздық тек пәнді оқыту емес, адамның жүрегіне жол табу екендігін түсіндім. Бұл жолдың әр қадамында студенттерге, олардың дамуына, болашағына үлес қосуды мақсат еттім» деген Айнагүл Қалиқызының бұл пікірі – нағыз ұстаздың жүрегінен шыққан сөз. Қазіргі таңда «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мен «Теміржол көлігіндегі жедел технологиялық байланыс» мамандықтары бойынша студенттерді оқытып жүрген, 13 жылдық тәжірибесі бар педагог бұл жолға кездейсоқ келмегенін де айтады.
«Өзім мектеп кезінен ұстаздарымның еңбегін көріп, оларды үлгі тұтатын едім. Бірақ мен оқуды бітіргеннен кейін мұғалім болу қиын екенін түсініп, бұл жолдан бас тартамын деп шешкенімде, ұстаздарым мамандық таңдау кезінде физика пәні мұғалімін таңдауды ұсынды. Сөйтіп Орал қаласында радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығын таңдап, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде білім алдым. Оқу бітіргеннен кейін инженерлікпен шектелмей, өзіме қиын көрінген мұғалімдікке барамын деп шештім. Алғашқы еңбек жолымды Орал қаласында №1 кәсіптік лицейде (қазір Индустриалды колледж) бастадым. Кейін 2012-2015 жылдары Орал қаласының Экономика және ақпараттық технологиялар колледжінде қызмет еттім. Одан кейін елордадағы Жоғары технология және коммуникация колледжіне ауысып, ұстаздық жолды жалғастыра түстім.
Бұрынғы Теміржол техникумы, бүгінде 80 жылдық тарихы, 1000-нан аса студенті бар, бірегей білім ошағы – Астанадағы үздік оқу орындарының бірі. Жыл сайын бір кафедрада 100-150-ге жуық түлек жас маман атанады. Кәсіптік білім беруде студенттерді ең әуелі тұлға ретінде қалыптастырып, мамандығы бойынша барлығын меңгеруге көмектесеміз. Себебі техникалық кәсіби білім өте маңызды. Біздің колледж оқу-өндірістік шеберханалары мен инновациялық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда білім алушылар теориялық білімін бекітіп, кәсіби біліктілігін арттыра түседі. Колледждің серіктес ұйымдары да көп. Бұл түлектердің жұмыс орнын дұрыс табуына көмектеседі. Мұндай сабақтастық оқу орындарының барлығына ауадай қажет. Себебі біз бүгінгінің білікті техник мамандарын дайындаймыз. Сондықтан сапаға баса мән береміз» деп бөлісті А.Қалиқызы.
Білікті мұғалім ешқашан үйретуден жалыққан емес. Студенттердің бойында болашаққа деген нық сенімді ұялатқан ұлағатты ұстаз армандардың орындалмай қоймайтындығына да сендіре біледі. Әрбір жетістікке жету үшін аянбай тер төгу қажеттігін де ескертуді назардан бір сәт шығарған емес.
«Менің бүгінгі шәкірттерім – ертеңгі елімізді жоғары жылдамдықты байланыс құралдарымен қамтамасыз етушілер. 4G, 5G желілері қандай қарқынмен жылдам дамыса, біздің мамандар да барлық жаңашыл байланыс құрылғыларын соншалық тез меңгеріп кетуі қажет.
Колледжде студенттер кәсіптік модульдер бойынша топтарға бөлініп, өз мамандығына сәйкес білімді теориядан бастап, практикадан өтуге дейін кезең-кезеңімен алады. Мәселен, «Талшықты оптикалық байланыс желісі» сабағында оптика ұғымы, оған қатысты есептер шешіледі. Одан кейін жұмыс барысында студенттер онымен жақын танысады. Еліміздегі интернет оптика бойынша қалай таралатынын меңгеріп шығады. Яғни, техник болашағы зор мамандық екенін студенттер жіті түсінеді.
Болашақ маман ретінде біліктіліктерін арттыру үшін кәсіптік дағдылар бойынша үздіктерді анықтайтын халықаралық WordSkills чемпионатына студенттерімді дайындауды өзім мақсат етемін. Себебі бұл – әлемдік стандарттарға негізделген бірегей қозғалыс. Соңғы 3 жылда қалалық деңгейдегі байқауда шәкірттерім алдыңғы қатардан көрініп жүргені қуантады. Нақтырақ айтсақ, олар 2022 жылы – 3-орын, 2023 жылы – 2-орын, ал биыл республикалық деңгейде 1-орын иеленді.
Ұстаздық еңбектің еленуі жақсы орта, басшылыққа да байланысты. Бірақ шынайы нәтижені студенттің жетістігі көрсетеді. Бала жеңісімен қуанып, алдында марқайып отырса, ұстаз үшін одан артық бақыт жоқ. Кейде қызмет барысында шаршап қалатын жағдай болғанда, мұны студенттерім мен олардың ата-аналарының жылы лебіздері басады.
Өз салаңды жетік меңгеріп, білікті маман болған жақсы. Бірақ адам бойындағы игі сезімдер мен даналық көзін естен шығармауымыз керек. Елімізде енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде колледж білім алушыларына аптасына бір дәйексөзді оқытып, мән-маңызын сіңіруге тырысамыз. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп, маман ретіндегі мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету екенін ұғындырамыз» деді педагог.
Озық шәкірттерді тәрбиелеп, «Үздік педагог» атанған маман ұстаз бақытына жеттім деуге әлі де қанша еңбектену керек екенін айтады.
Индира БЕРЖАНОВА