Басты ақпаратҚоғам

Қайтқан қаржыда қайыр бар…

Жуырда Бас прокуратурада Экономикалық ресурс­тардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. 760 млрд теңге актив түрінде де, ақша түрінде де, дүние-мүлік түрінде де қайтарылып жатқаны айтылды. Таң қаларлығы, қылмыстық істердің фигуранттары 172 млрд теңгені өз еркімен мемлекетке қайтарып берген.

Біз осы комиссияның жұмысы, атышулы қылмыстық істердің басты кейіпкерлерінің мемлекетке келтірген зияны, қайтарылған ақшаның игілікті істерге жұмсалуы жөнінде Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін ӘЛІПБЕКПЕН арнайы сұхбаттасқан едік.

Фигуранттар залалды өз еркімен өтеді

– Зейін мырза, әңгімеміздің басын құзырлы комиссияның бүгінгі таңдағы мақсат-мұраты, жұмыс тәртібі туралы айтудан бастасақ. 

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 5 маусымдағы №908 Жарлығымен Бас Прокурор төрағалық ететін Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы құрылды. Комиссияның басты міндеті – елден заңсыз шығарылған қаржыны Қазақстан Республикасына қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару. Активтерді қайтару жөніндегі жұмыстың нәтижелері Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасымен қорғалатын құпияны ашуға қойылатын талаптарды ескере отырып, комиссияның ресми сайтында да, бұқаралық ақпарат құралдарында да халыққа үнемі жеткізіледі. Жұмыста шетелдегі активтердің біздің еліміздегі экономикалық қызмет есебінен қалыптасқан қаражатқа сатып алынғандығы ескеріледі. Осыған байланысты активтерді қайтару жөніндегі жұмыс олигополия субъектілерінің ел ішінде де, шетелде де заңсыз қызметін анықтауға бағытталған.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес шетелдік юрисдикциялардағы активтерді тәркілеу ұзақ уақытты алады. Жымқыру фактісін немесе басқа да предикаттық қылмысты анықтаудан бастап, жымқырылған қаражатты шетелге шығаруға және оларға сатып алынған активтер үшін төлем шотына аударуға дейінгі бүкіл тізбекті дәлелдеу қажет. Осы мақсатта, ең алдымен, заңсыз табыс анықталады, содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі, содан кейін сот. Егер сот активтің пайда болуының заңсыздығын қабылдаса, оны тәркілеу туралы шешім қабылдаған жағдайда ғана Бас прокуратура шет мемлекетке мүлікке тыйым салу немесе тәркілеу туралы сұрау салуды жолдайды. Комиссия жұмысы барысында экономиканың түрлі секторларында (жер қойнауын пайдалану, энергетика, көлік, телекоммуникация және т.б.) нарықтық емес жағдайларда монополиялардың қалыптасу белгілері анықталды. Прокуратура органдары және басқа да мемлекеттік органдар жүктелген өкілеттіктер шеңберінде тиісті тексеру іс-шараларын жүргізеді, мемлекетке келтірілген залал сомасын, оның ішінде мүлікті жекешелендіру кезінде белгілейді. Бұл ретте, қудалау орбитасына адал бизнесті тартуға қатаң тыйым салынады. Бірқатар қылмыс­тық істер, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату), сондай-ақ активтерді шетелге шығару белгілері бар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша тергеп-тексерілуде.

Оған қоса заңсыз алынған, өз мақсатына пайдаланылмаған 460 мың гектар жер қайтарылғанын айттым. Бұл да әр ауылдың, әр аумақ­тың меншігіне қайтарылады. Тәркіленген басқа да дүние-мүлікті қайда жіберу керегі мұқият талқыланып жатыр

– Комиссияның өз жұмысын бастағанына 7-8 айдай уақыт болыпты. Бүгінге дейін елге қанша көлемде қаражат қайтарылды? Сол қайтқан қаржының көпшілігі қай елдерден келіп жатыр және барлығы ақшалай түрінде қайтарылып жатыр ма?

– Комиссия жұмысының басынан бастап мемлекетке 760 млрд теңгенің (шамамен 1,7 млрд АҚШ доллары) активтері қайтарылды, соның ішінде шетелден 575 млн АҚШ доллары, оның 260 млн АҚШ доллары Лихтенштейннен, 82 млн АҚШ доллары Австриядан, 1 млн АҚШ доллары Гонконгтан, 1,7 миллион АҚШ доллары БАӘ-ден қайтарылған қаражат. Қылмыстық істер бойынша залалды өтеу сомасы 360 млрд теңге, оның 324 млрд теңгесін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, 28,6 млрд теңгесін Қазақстан Респуб­ликасының Қаржылық мониторинг агенттігі, 7,65 млрд теңгесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қайтарды. Қылмыстық істердің фигуранттары жалпы сомасы 172 млрд теңгеге (Қ.Сатыбалдыұлы – 144 млрд, Қ.Боранбаев – 14,5 және т.б.) залалды өз еркімен өтеді.

24 сот шешімінің күші жойылды

– Интернеттегі ақпараттан Қайрат Сатыбалдыұлының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі банктегі шоттары, әшекей заттары және аса қымбат жылжымайтын мүліктері бұғатталды деген ақпаратты оқыдым. Қ.Сатыбалдыұлы мемлекетке шамамен 700 мың АҚШ доллары қайтарды деген рас па?

– Қайрат Сатыбалдыұлына байланысты ондаған миллион доллардың әшекей заттары қайтарылды. 360 млрд теңге мемлекетке келген тікелей залал өтелді. Атап айтқанда, Қ.Сатыбалдыұлы «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8 пайызын, «Көлік сервис орталығы» АҚ акцияларының 100 пайызын және жалпы сомасы 204 млрд теңгеге басқа да активтерді қайтарып берді. Мүлікті белгілеу, тыйым салу және тәркілеу мақсатында шетелдік юрисдикцияларға құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау салулар жолданады. Бас прокуратура сұраныстарды қарауды жеделдету үшін шетелдік әріптестермен тұрақты негізде консультациялар өткізеді. Мысалы, Австрияның құзыретті органдары Бас прокуратураның ­Қ.Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық іс бойынша Австрия банкіндегі шоттардан тыйым салу, тәркілеу туралы сұрау салуын қанағаттандырды. Алдын ала кеңес беру нәтижесінде австриялық әріптестермен бюджетке шамамен 82 млн АҚШ долларын қайтаруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, БАӘ Әділет министрлігімен өзара іс-қимыл кезінде Дубай қаласындағы Қ.Сатыбалдыұлының активтеріне (БАӘ-дегі ақшалай қаражат және қымбат жылжымайтын мүлік) тыйым салынды. Бүгінгі таңда мемлекетке шамамен 700 мың АҚШ доллары қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

– Болат Назарбаевтың заңсыз жолмен иемденіп алған қанша қаржысы мемлекетке қайтарылды? Оның Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесін нарық құнынан 4 есеге төмен бағаға сатып алғаны шындық па?

– Прокурорлық ден қою шаралары бойынша мемлекет кірісіне 19,9 млрд теңге өндірілді. Бас Прокурордың наразылықтары бойынша Жоғарғы Сот олигополия субъектілерінің пайдасына бұрын негізсіз шығарылған 24 сот шешімнің күшін жойды. Бұл магистралдық және кірме теміржолдарды қайтаруға, жол жүру тарифтерін төмендетуге, мемлекет мүдделерін 24 млрд теңгеге қорғауға мүмкіндік берді. Мысалы, Бас прокуратураның наразылығы бойынша Жоғарғы Сот Болат Назарбаевпен («PSL-TM» ЖШС) үлестес компанияның пайдасына бұрын шығарылған «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ акцияларының 31,9 пайызын жекешелендіру туралы дау бойынша сот актілерінің күшін жойды. Басқа жағдайда Бас прокуратураның наразылығы бойынша Жоғарғы Сот «ҚазМұнайГаз Сервис» ЖШС-мен («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниясы) Д.Назарбаева және Қ.Шәріпбаевпен үлестес компанияның пайдасына «Думан» қонақ үй кешенін жөндеу үшін 1,3 млрд теңге өндіріп алу туралы сот актілерінің күшін жойды.

Тұтастай алғанда, мемлекетке ортақ күш-жігермен 760 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 575 млн доллар келген. Бұл құзырлы комиссия жұмысқа кіріскен 7-8 айдың нәтижесі және бұл сандардың алдағы уақытта көбейетіні анық

Соттар заңсыз берілген мемлекеттік меншік нысандарын қайтару туралы 30-дан астам талап қоюды қанағаттандырды, соның ішінде:

– Б.Назарбаевтың нарықтық бағадан 4 есе төмен, заңсыз сатып алған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі;

– А.Бақтиярқызының (Қ.Сатыбалдыұлымен байланысты) меншігінде заңсыз болған Алматы әуежайының жалпы ауданы 600 шаршы метрден асатын 17 коммерциялық үй-жайы және басқалар бар. Олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген 460 мың гектардан астам жер қайтарылды. Мысалы:

– нысаналы мақсаты бойынша 5 жылдан астам пайдаланылмаған Ақмола облысында ауданы 62 мың га «KazBeef» ЖШС жер учаскесі (жайылымдық);

– Әлия Назарбаевамен үлестес компанияға заңсыз берілген (сауда-саттықсыз, жерге орналастыру жобасынсыз, жер комиссиясының қорытындысынсыз) Алматы облысының Жамбыл ауданындағы ауданы 445 га жер учаскесі;

– Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауданы 1485 га жер учаскесі (бенефициар – Б.Назарбаев);

– Т.Құлыбаевпен үлестес компания­ларға берілген Алматы қаласындағы ҚазҰУ аумағындағы ауданы – 0,8 га жер учаскесі. Белгілі бір жұмысты комиссияның басқа мүшелері де жүргізуде.

Тәркіленген жер мен дүние-мүлік кімге беріледі?

– Қылмыстық жолмен меншіктеп алған 460 мың гектардан астам жердің мемлекетке қайтарылғанын айттыңыз. Енді ол тәркіленген жер, дүние-мүлік кімге беріледі, қалай жұмсалады?

– Қайтарылған активтер еліміздің әр саласына жіберіледі. Мысалы, салықтан жалтарулар болса, біздің комиссия 100 млрд теңгенің салығын қайтарды, ол салық органдарының өз шотына түседі. Оған қоса заңсыз алынған, өз мақсатына пайдаланылмаған 460 мың гектар жер қайтарылғанын айттым. Бұл да әр ауылдың, әр аумақтың меншігіне қайтарылады. Тәркіленген басқа да дүние-мүлікті қайда жіберу керегі мұқият талқыланып жатыр. Мәселен, салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша есептелген салықтар мен айыппұлдарды «KazMinerals Bolshakol» ЖШС-ның 37,5 млрд теңгеге, «Жайық­мұнай» ЖШС-ның – 9,5 млрд теңгеге, «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның 7,3 млрд теңгеге өз еркімен төледі.

– Зейін мырза, қазақстандық мамандарды шетелден активтерді іздеу және қайтару ісіне машықтандыру мен оқытуға қалай көңіл бөлесіздер? Сұхбатымыздың соңында шетелдік әріптестермен арадағы қарым-қатынас, ынтымақтастық және тәжірибе бөлісу туралы айтып берсеңіз?

– Ел үшін стратегиялық маңызы бар жекелеген кейстер бойынша жұмыс мемлекетке қарсы төрелік талқылау тәуекелдерін барынша азайту үшін құпия форматта жүргізіледі. Комиссия активтерді қайтару мәселесі бойынша шет елдермен және халықаралық ұйымдармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды. Мәселен, биыл сәуір айында Швейцарияда Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Базель басқару институты арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы Институттың құрамына кіретін Халық­аралық активтерді қайтару орталығы (ICAR) – әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі. Келісім шеңберінде ICAR сарапшылары Қазақстанға заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар береді, активтерді шетелден қайтаруға байланысты халықаралық тергеп-тексерулер жүргізуге көмек көрсетеді, бүкіл әлем бойынша компаниялардың бенефициарлық меншік иелері мен жылжымайтын мүлік иелерінің тізілімдерінен ақпарат алу мәселелері бойынша оқыту жүргізеді. Сондай-ақ 2023 жылы Бас прокуратура қызметкерлері ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы), Ұлыбританияның қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігінің, Интерполдың қаржылық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі орталығының, Еуропа Кеңесінің «Орталық Еуропадағы ашықтыққа және экономикалық қылмыстарға қарсы күреске жәрдемдесу» жобасының өкілдерімен кездесулер өткізуде. Шетелде қылмыстық активтерді анықтау және қамауға алу кезіндегі өзара іс-қимыл, қолданыстағы заңнаманы сараптамалық талдау, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру, қылмыстық активтерді қадағалау бойынша IT-шешімдерді іздеу, азаматтық тәркілеуді қолдану ерекшеліктері және т.б. мәселелер талқыланды. Қазақстандық мамандарды шетелден активтерді іздеу және қайтару ерекшеліктеріне оқытуға көп көңіл бөлінеді. Бұған мысал: 2023 жылғы 13-15 наурыз аралығында БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп Астана қаласында «Қаржылық тергеп-тексеру жүргізу және жымқырылған активтерді қайтару» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинарға Бас прокуратураның, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігінің қызметкерлері қатысты. Семинар барысында қатарлас қаржылық тергеулер жүргізу және активтерді қайтару, активтерді қайтару үшін халықаралық-құқықтық негіздер және т.б. мәселелер талқыланды. Сондай-ақ шетелдік сарапшылар шет мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының ерекшеліктерімен, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа елдердің активтерін қаржылық тергеу және қайтару жөніндегі өзге де құзыретті органдардың мүмкіндіктерімен бөлісті. Комиссия ашықтыққа бағдарланғанын және расталған ақпарат болған жағдайда, жұртшылыққа жұмыс нәтижелері туралы жүйелі түрде хабарланатынын атап өткім келеді. Сонымен қатар өткізілетін іс-шаралар мен нақты қадамдар бойынша егжей-тегжейлі ақпаратты мүдделі тұлғалар комиссия жүргізетін жұмысқа кедергі жасау мақсатында пайдалана алады. Сондай-ақ тергеу құпиясын және кінәсіздік презумпция­сын ескеру қажет.

– Салиқалы да мазмұнды әңгімеңізге рақмет айтамын!

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button