Білім

КАЛЬКУЛЯТОРДАН ОЗҒАН ЖҮЙРІКТЕР

Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ментальді арифметикадан «ISMA Kazakhstan» атты ІІ республикалық олимпиада өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 1300 бала ішінен «KG» аталымы бойынша астаналық Заңғар Базылов жүлделі үшінші орынды иеленді. Қарапайым қатарластары онға дейін санайды, ал алты жасарлық вундеркинд қосу-азайту амалдарын әп-сәтте есептейді. Арпа ішіндегі бір бидай жалғыз ол емес. Бүгінде калькулятордан озған жүйріктердің қатары көбейіп келеді. Баласын ментальді арифметикаға жаздырушылар да толастамаса, азаяр емес.  Бір сұрақ: неге? 

1-56

МӘН БЕ? СӘН БЕ?
Ментальді арифметиканың Қазақстанға келгеніне 4-5 жылдың жүзі болды. Алайда, атағы 2015 жылдың аяғында кеңге жайылды. Бұған бір себеп – Малахов мақтаған бала. Былтыр ғана «Пусть говорят» бағдарламасында ойша есептеуімен жұртты тәнті еткен астаналық Данияр Құрманбаев айды аспанға бір-ақ шығарып еді. Перзентінің саннан жаңылыспай, есепті жылдам шығарғанын қай әке-шеше қаламайды дейсіз? Сән бе? Мән бе? Әйтеуір, ментальді арифметика белең алғалы оның төңірегінде дау-дамай да қыза түсті. Әсіресе, математиктер дабыл қақты.

Мәселен, академик Асқар Жұмаділдаев «Abai.kz»-ке шыққан сұхбатында: «Математика ғылымы – теңіз. Ментальді арифметика сол теңіздің бір тамшысы ғана. Мұны игерген адам сандарды тез көбейтуді біледі. Одан өзге артықшылығы жоқ. Бір есепті біреу 5 секундта, екінші біреу 1 минутта шығаруы мүмкін. Меніңше, нәтиже дұрыс болса, болды» дейді. Профессор сондай-ақ, бұл жолға бүкіл қазақ түсіп кетпесе дейді, себебі, мұны халықтың қалтасынан қағу үшін жасалған мағынасы күмәнді шаруа деп күдіктенеді.

Алайда, таяқтың екі ұшы бар. Пайдасын пайымдау үшін перзентінің саннан жаңылыспай, тез есептеуіне ай сайын 16 мыңдап ақша төлейтін ата-аналармен тілдесуді жөн көрдік.

АЛТЫ ЖАСАР АСТАНАЛЫҚТЫҢ АСУЫ
Республикалық олимпиадада үздік үштікке енген алты жастағы Заңғардың әкесі Бахтияр Базылов бізге бір қызық оқиғаны баяндап берді.
Бұдан бір жыл бұрын ол балабақшадағы тәрбиешіден баласы жайлы жағымсыз пікірлерді жиі естіпті. «Заңғар әріп танымайды, түк түсінбейді, санау білмейді, оқуға ынтасы жоқ» тағысын-тағы шағымдары бітпейді екен. Баланың да балабақшадан басы салбырап, көңілі түсіп келеді. Келесі күні баруға құлқы да жоқ.

IMG-20160621-WA0009

– Жеке меншік балабақшасына айына жүз мыңдап ақша кетеді. «Баланы кінәлай бергенше, жөнді үйретіңіздер. Түсінбесе, түсіндіре алмаған тәрбиешінің қатесі» деп қанша мәрте бардым. Оларға ұлым жаман, мұғалімге шаң жуытпайды. Бес жастағы баланың оқуға икемі болмауы мүмкін емес. Бәрін «ә» дегеннен қағып алатын кезі ғой. Қызықтыра алмағаны демек, – деген әкесі Заңғарды балабақшадан шығартып алыпты.

Бір күні таныстарынан ментальді арифметика жайлы естіп, баласын соған жаздырады. Заңғар шот арқылы санауды бірден ұнатып, «Әке, тағы барайықшы» депті келесі күні.

Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Заңғар бүгінде ментальді арифметиканың алғашқы екі деңгейін еңсеріп, үшіншісін меңгеріп жүр. Астанадан 30 бала қатысқан республикалық олимпиададан Заңғардың жүлдемен оралуын мұғалімі Зибагүл Қанапина оның басқалардан еректігімен түсіндіреді.

– Есептерді дауыстап оқығанда, Заңғар кібіртіктеп, ұзақ ойланып барып жа-уап беретін. Айтқан сандарды қайтара сұрайтын, шатасып кетемін деп қайталап айтатын. Бастапқыда түк шықпай ма деп уайымдадым. Бірақ бір күні есептерді тақтаға жазып, «Кәне, Заңғар, осылай көрші» деп едім, саусақтарын ойнатып, көзді ашып-жұмғанша бірнеше амалдың жауабын айна-қатесіз жаза берді, жаза берді. Мен де таңғалдым, өзі де солай шеше алатынын күтпеп еді. Бірден «Апай, маған тағы есеп беріңіз де, видеоға түсіріп алыңызшы. Мамама көрсетемін» деп қуаныпты.

Өнерін бізге де көрсетті. Зибагүл Еділбайқызы тақтаға тігінен «54+35 – 24+23» деп жазғаны сол еді, Заңғардың саусақтары тоқтаусыз жыбырлап, 88 екенін дәл тапты. «53+20+15+11?» дегенді шығаруға, ересек оқырман, қанша секунд кетті? Алты жастағы балақай есепті «99» деп 3 секундқа жетер-жетпес уақытта шағып тастады.

Бір қызығы, балабақшада ашыла алмаған кішкентай мектепке даярлық сыныбында үлгерім жөнінен топ жарыпты. Ұстаздар ерекше баланың зеректігіне таңғалған. Әрине, сан таниды, оның үстіне екі таңбалысын бір-біріне ойша қосады, азайтады. Әріптерді де бір айтқаннан қағып алады. Өлең шумақтарын жатқа соғады. Үш айға созылатын даярлық сыныбын Заңғар бір айға жетер-жетпес уақытта тәмамдапты. Бала бойындағы осы оң өзгерістерді үй іші ментальді арифметикамен байланыс­тырады.

ТАЛАП ПЕН ЕҢБЕК – АБАКУСТЫ ЖЕҢБЕК
Шындығында ментальді арифметиканың пайдасы бар екенін Астанадағы «ISMA» халықаралық ментальді арифметика мектебінің бас директоры Айжан Бектілеуова сеніммен айтып отыр:

– Ментальді арифметика – 5-16 жастағы баланың ақыл-ой қабілетін ойда санақ жүргізу арқылы дамытатын ерекше әдіс. Оны меңгерген бала қосу мен азайтуды, көбейту мен бөлуді, процент пен түбір астын табу есептерін калькулятордан жылдам шығарады. «Баланың есепті қанша секундта шығарғаны маңызды емес, нәтиже дұрыс болса болды» деген пікір білдіріпті Асқар Жұмаділдаев. Ментальді арифметиканың маңызы сол нәтижеге жетуде баланың ми бөлігінің сол жағы мен оң жағы қатар жұмыс істейді. Абакус дейтін есепшотта бала екі қолының саусақтарын бірдей пайдаланады. Әбден жаттыққан соң, абакусты көз алдына елестетіп үйренеді де, күрделі есептерді ойша шығарады. Сол арқылы баланың зейіні артады, фотографиялық есте сақтау қабілеті қалыптасады, оперативті қимылдап, жылдам ойланады әрі моторикасы дамиды. Оның айтуынша, ментальді арифметиканы кез келген адам меңгере алады. «Бәрі талап пен еңбекке байланысты».

Иә, ментальді арифметика ғылым емес. Жай ғана есептеудің тиімді әрі пайдалы әдісі. «Математиканы ешкім жоққа шығармайды. Тез есептеуді үйренемін деп балам ештеңеден кем қалмады. Керісінше, бұрын бір шумақ өлеңді жаттата алмай әбігерге түсетінмін. Қазір, рақат, үш-төрт шумақты бес-алты рет оқып, айналдырған бір сағатта зуылдатып айтып шығады өзіме. Бір күні дүкеншінің ақшамызды жеп қойғанын мен емес, осы ұлым байқап қалды. Сөйтсе, алған тауарларымызды ойша қосып, қайтарымның қанша болатынына дейін тауып қойыпты» дейді 9 жасар Аслан Рысқалиевтің анасы Бақыт Ерболатқызы. Аслан Астанадағы №70 мектептің 2-сыныбын тәмамдапты. Сұрастыра келсек, сол сыныпта 26 оқушы бар болса, оның 14-і ментальді арифметиканы біледі екен.

Бағасына келер болсақ, ата-ана біраз ақшадан қағылары анық. Себебі, ментальді арифметика 10 деңгейден тұрады. Оқу ұзақтығы – 3-4 жыл. Аптасына бір рет 90 минуттан өткізілетін сабақтың бір айлық құны – 16 мыңнан кем емес көп жерде. Ал, нәтижесі жоғарыда айтылғандай. Дегенмен, жетістікке жету үшін сабақтан тыс күніне 15-20 минут бөлуі тиіс дейді оқытушылар. Сондықтан бала үйіне құшақ-құшақ есепті арқалап кетеді. Әрине, бұл оның компьютер алдында телміргенінен әлдеқайда жақсы.

Қош, өсіп келе жатқан кішкентай математиктер болашақта қазақстандық білім сапасын көтеріп, қазақтың алғырлығын әлемге әйгілейді деген тілегіміз бар.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button