Басты ақпаратМәселе

Кальяннан қалай құтыламыз?

Балалардың өміріне, қауіпсіздігіне қатысты мәселе қашанда өзекті. Қоғамда сәбилер, жасөспірімдер қай жағынан да ересектер тарапынан қорғауға зәру екені айтпаса да түсінікті. Өткен жолы газетімізде электронды темекілердің зияны жөнінде жазған болатынбыз. Тағы бір күрделі мәселе кальян болып отырғаны шындық. Ересектер қолданатын, ересектер көрсеткен теріс тәрбие – кальянға жеткіншектердің тартылуы.

Кальян темекі түтіні су ар­қылы сал­қын­датылып, тазартылатын Шығыс темекі шегетін құрылғысы екені мәлім. Өкінішке қарай, көптеген адам оның құрамында темекі жоқ және денсаулыққа зиян тигізбейді деп санайды. Алайда темекі жапырақтарының 95 пайызы, 8 миллиграмнан астам никотин, сонымен қатар E. coli және көптеген қоздырғыш бар екенін мамандар нақты айтып отыр.

Кальянда Pseudomonas aeruginosa, Staphylococcus aureus, ашытқы, саңырау­құлақтар және улы элементтердің жоғары мөлшері бар. Мамандардың айтуынша, кальян тарту арқылы адам көптеген аурудан құтылғандай болғанмен, ол дерт жасырулы күйінде қалады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандық кафе-барлар қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды бұзып отыр. Олардың айтуынша, елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына қарамастан, кальян өнеркәсібі – бүгінгі таңда танымал саланың бірі. Бұл шарттар мекемеде кальянға қызмет көрсету құқығына лицензия алуға қойылатын талаптарға енгізілген. Талаптарға сай ойын-сауық мекемелерінде – мейрамхана немесе кафеде, ең алдымен, кальянды пайдалануға рұқсат беретін лицензиясы болуы шарт. ­Кальян шегуге бөлінген аумақ мекеменің бүкіл аумағының жартысынан аспауы керек. Ал темекі шегу орындары қоршалып, онда балалар жүрмеуі тиіс. Және тағы бір шарт – мекемелердің есігі кіріп-шығудан басқа кезде үнемі жабық тұруы қажет. Бұл шектеулер бізге дені сау ұрпақ өсіру үшін әлі де аз болып көрінеді. Бұл ретте нақты ұсыныстар мен заңдық күші бар заңнамалық қадамдар қажет. Шеттен келген қаңсықты таңсыққа айналдырудың қажеті жоқ, бұған түбегейлі тосқауыл қою керек. Әйтпесе қолы бос кезде оқушыларымыз клуб кезіп, кальян тартып кетпес еді.

Астана қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының деректеріне сүйенсек, 2022 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабына сәйкес 2521 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 2021 жылы 2488 құқық бұзушы жа­уапкершілікке тартылғанын ескерсек, ойын-сауық орындары, кафелер сияқ­ты көпшілік көп баратын қоғамдық орындарда елордалықтар тарапынан заңды бұзу көбейгенін көрсетеді. Бұл қалайда осы мәселеге қатысты заңды қатаңдату керегін білдіреді.

Мысалы, Мысырда оқу орындарынан, мешіттерден және басқа да қасиетті ғимараттардан, сондай-ақ жанармай құю бекеттерінен бір шақырымнан астам қашықтықта орналасқан жерлерде кальян ұсынуға тыйым салынған заң күшіне енгенін журналистер жарыса жазып жатты. Бізде әзірше қазаннан қақпақ кетіп, асымыз арам жолмен байығандар қолында кетіп жатыр… Бүгін қимылдамаса, ертең тым кеш болары анық.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button