Сұхбат

Камал Әлпейісова: Аудармашылығымның арқасында талай тарихи оқиғалардың куәсі болдым

АКА-Сенатта

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы Камал Әлпейісова – еліміздегі ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы білікті маманның бірі. Республикалық «Үздік аудармашы» байқауының тұңғыш жеңімпазы. Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппаратында, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. Бірнеше кітаптың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы.

«Екі тілді тел емген біздің Камал – феномен»

– Сіз еліміздегі алғашқы ілеспе аударманы меңгерген білікті мамансыз. Көзіқарақты, көңілі ояу адам болмаса, былайғы жұртқа беймәлім осы салаға қалай келдіңіз?

– Ілеспе аударма елімізге егемендікпен бірге келді. Әрине, оның алдында ара-тұра бірлі-жарым ауызша аударма жасау мысалдары бар. Тәуелсіздік алған жылдары ұлттың рухы да оянып, санамыз да дүр сілкініп, ерекше көңіл-күйде болдық. Ата заңымыз да қабылданып, онда қазақ тіліне айрықша мәртебе беріліп, барлық іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу қолға алынды. Сол тұстағы Жоғарғы Кеңестің депутаттары да отырыстарда қазақ тілінде еркін сөйлеп, Министрлер кабинетінің өкілдеріне мемлекеттік тілде ұсыныстар айтып, қазақ тілінің тоңы жібіп, көбесі сөгіле бастады. Ол кезде Үкіметте қызмет атқаратын азаматтардың дені ана тілін жете түсінбейтін жандар не басқа ұлттың өкілдері болғаны жасырын емес. Енді атқарушы биліктің лауазымды тұлғалары халық қалаулыларының мемлекеттік тілде айтқан ұсыныстарын қабылдап, шара қолдану үшін ілеспе аударманың қажеттілігі туды. Сол шақта мені Жоғарғы кеңеске жұмысқа шақырды. Әрине, оған дейін осы заң шығарушы органда қазақшадан орысша аударатын ілеспе аударма болды. Бірақ, ол алдын ала әзірленіп, жазылып қоятын. Оны тек қағаздан оқып беру үшін жауапты қызметтегі азаматтар тартылатын. Олардың қатарында Кәкімжан Қазыбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Сапар Байжанов секілді халқымыздың ардақты тұлғалары болғаны белгілі.

– Демек, ілеспе аударма Жоғарғы Кеңес қызметінен басталған екен ғой. Бойыңызда ілеспе аударма жасауға қабілет бар екенін қалай байқадыңыз?

– Оны мен емес, көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев ағамыз байқады. Жоғарғы Кеңесте қызмет етіп жүргенімде Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде өткізу туралы  Редакциялық-баспа бөлімі бастама көтеріп, біз бүгінгі белгілі азамат Дархан Мыңбай екеуміз сол мерекені жүргіздік. Ол қазақша сөйлейді, мен орысша сөйлеймін. Арасында, екі тілде Наурыз мерекесінің тарихынан кеңірек мағлұмат беріп, реті келген жерде жиналғандарды әңгімеге тартып, кәдімгідей-ақ жүргіздік. Сол залда отырған Зейнолла Серікқалиев ағамыз көп кешікпей мені шақыртып, жұмысыма жақсы баға берді. Сосын әдетінше көзін сәл сығырайта қарап: «Екі тілде бірдей еркін сөйлейді екенсің, іркілмей сөйлейтінің де ұнады, тілден тілге оп-оңай ауыса бересің, мұны қайдан үйреніп жүрсің?» деп сұрады жымиып. Сосын: – бізге болашақта қазақ тілінен орысшаға аударатын мамандар ауадай қажет болады, өйткені, барлық іс жүргізу қағаздары қазақ тіліне көшеді. Сол кезде сендер бағалы маманға айналасыңдар, сондықтан біз сендерді дайындауымыз қажет. Сен бізге ауыссаңшы, – деді. Сол кісінің  көрегенділігіне әлі күнге дейін таңғаламын. Сөйтіп, аяулы ағаның қарамағына қызметке ауыстым. Ілеспе аударманың ережесі бойынша жарты сағат сайын адамдар ауысып отыруы қажет. Егер уақытпен санаспай жұмыс істесеңіз, денсаулыққа зияны тиеді. Ол шақта қазақ бөлімінде жалғыз өзім. Орыс бөліміндегі аудармашылар сәт сайын ауысып отырады. Тыңдауышты қолымнан тастамаймын. Сонда Зейнолла аға жаныма келіп: «Кейін сен де орысшадан аударатындар секілді алмасып отырасың» деп күш беріп кететін.

Жалпы, ілеспе аударманың елімізде қалыптасып, дамуына Зейнолла ағаның қосқан үлесі өте мол. Оның бастауында тұрды десек болады. Сол кезде Президент әкімшілігіндегі, Үкіметтегі ілеспе аударма қажет ететін жиындарға үнемі мені шақыратын. Зейнолла аға мен жиыннан келе жатқанда күтіп тұрып: – Камал, бүгін қанша адам қазақша сөйледі?, – деп үнемі сұрайтын. Бұрынғыдан бір адам, екі адам көбірек сөйледі, – десем, оған ол балаша қуанып, – міне, көрдің бе, біз көбейіп келе жатырмыз, – деп мәз болып қалатын. Ол кісі үнемі ынталандырып, қолпаштап, өз ортамызда: «қазақ мектебінде оқып, таза қазақы ортада жүріп, орысшаны осылайша таза сөйлейтін біздің Камал – феномен» деп айтып отыратын. Сондықтан, әр аударманы қолға алғанда, ілеспе аудармаға отырарда «жаман аударуға болмайды» деп ойлап қоямын.

– Шындығында да, Сіз қазақы өңірде дүниеге келіп, орта мектепті де ана тіліңізде бітірдіңіз. Екі тілге бірдей жүйрік болуыңыздың сыры неде?

– Осы сұрақ маған жиі қойылады. Ұстаздарым жақсы болды десем, туған апам айтады: «бәріміз де сол кісілерден тәлім алдық қой» деп. Меніңше, осы қасиет маған Құдайдан берілген шығар, оған өзімнің бейімділігім де әсер еткен болар. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде қазақша, орысша кітаптарды бас алмай оқитынмын. Білім берген ұстаздармыз да білікті еді. Баланың бойынан бір ұшқын көрсе, соны маздатып әкетуге, дамытуға жәрдем жасайтын. Бізге орыс тілінен Орал Дәулетова деген апайымыз берді. Өте білімді маман болатын. Мен білім алған шаңырақ – Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп-интернаты деп аталады. Өйткені, онда ауылдан да келіп балалар оқиды. Олардың кейбірі орысшаға шорқақ. Ұстазымыз оқушыларына тіл сындыру үшін орыс актерларының өлеңдерді мәнерлеп оқыған пластинкаларын әкеліп, тыңдатқызады. Соның маған үлкен әсері болды.                                                    Бұл жай менің кейінгі қызметіме де игі ықпалын тигізді. Өйткені, ілеспе аудармашының дикциясы жақсы болуы қажет. Даусы тыңдап отырған адамға жағымды әсер ету керек. Сондықтан, бүгінгі күні осы ілеспе аударма өнеріне ұмтылып жүрген шәкірттерімнің дауыстарына ерекше мән беремін. Олардың әуелі дауысын қоюға тырысамын. Ілеспе аудармада сөз сөйлеп жатқан адамның дауысын тыңдай отырып, сен соның эмоциясын беруге тиіссің. Тағы бір ерекшелігі, сен сөйлеушінің көзқарасымен келіспесең де, соның пкіріне жеткізуің, сол болып сөйлеуің керек.

– Бүгінгі таңда ілеспе аударманың дамуы қандай деңгейде, өзіңіз баулып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

– 2006 жылы Елбасының іс қағаздарын жүргізуді кезең кезеңімен қазақ тілінде өткізу туралы Жарлығы шықты. Сол кездері қазақ тілі дүр сілкінгендей болды маған, ілеспе аударма да тәп-тәуір дамыды. Жиналыстарда қазақ тілінде сөйлеушілер көбейді. Мемлекеттік мекемелердің ана тілімізге деген көзқарасы, жекелеген азаматтардың да пікірі өзгеріп, әжептәуір еңсеміз көтеріліп қалды. Бірақ, сол серпіліс қазір саябырсыды. Кейде, осы тілдің тиісті дәрежеде дамымай жатқанына өз бауырларымыз да кінәлі-ау деген ой келеді. Бір ғана мысал айтайын. Әнебір жылы елордада Ұлыбританияның алпауыт мұнай компаниясының салтанатты тұсаукесері  өтті. Оған сол елдің Қазақстандағы елшісі келді. Мен осы шараға ілеспе аудармашы ретінде қатысқанмын. Елшіге сөз берілгенде, ол кісі мені шақырып, өз сөзін жиналған қауым үшін мемлекеттік тілге аударып беруді сұрады. Осындай жағдайларды жиі кездестіремін. Шетел азаматтары – бізге қазақтың елі, жері деп келеді. Солай бағалайды, соған сәйкес қадамдар жасайды. Тағы бірде әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жұмыс тобының мәжілісі өтетін болып, оның Алматыдағы алғашқы отырысына Қытайдан келген дін өкілдері «Қазақстанға бара жатырмыз» деп, қазақша аудармашыны ертіп келген. Олардың қытайша сөйлеген сөздерін аудармашы қазақша сөйлетіп, мен оны орысшаға аудардым. Орысшадан кейін ағылшын тіліне аударылды. Келесі келгенде ол кісілер қазақша аудармашыны ертіп келген жоқ. Өйткені, олар біздің елімізде орыс тілінің басым екенін түсіне қойды. Осындай жағдайларға жүрегім ауырады.

Ілеспе аударманың арқасында тарихи оқиғаларға да қатысым болды. Біздің еліміздің егемендігін алғаш таныған – Түркия мемлекеті. Оның сол кездегі президенті марқұм Тұрғыт Өзал елімізге ресми сапармен келіп, баяндамасын түрік тілінде жасады. Оның аудармашысы қазақшаға аударған сөзін мен ілеспе аударма арқылы орысшаға аударып, одан әрі қарай ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылып жатты. Бүгінгі таңда мемлекеттік маңызды кейбір жиындарда қазақша-орысша ілеспе аудармаға мән бермей жатады. Алдыңғы жылы бас қалада өткен Экономикалық форумға сол кездегі Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған қатысты. Ол кісі жиында түрік тілінде сөйлеп, ол тек қазақ тіліне аударылды. Айтулы шараны ұйымдастырушылар орыс тіліне аударатын маман таба алмай, әбігерге түсіпті. Жиын өтер алдына мен аударма ұйымдастырушыларға қазақша-орысша керек болады деп айтқан болатынмын. Ескерген ешкім болмады. Ұят болды. Жалпы, біздің елімізде екі тілге бірдей жүйрік мамандар сирек. Қазіргі таңда осы бағытта түрлі семинар, курстар өткізіп, шәкірттер тәрбиелеп жүрмін. Солардың ішінде екі тілді бірдей меңгергендер қатары әрі кетсе он-он бес адамнан аспайды.

 Берекесіз отбасынан беделді адам шықпайды

– Бүгінгі таңда отбасылық құндылықтар өзгеріп барады. Сіз осы тақырыпта жиі қалам тербеп жүрсіз. Жалпы, қазақ отбасы туралы, оның бүгінгі рөлі жайында не айтасыз?

– Менің ұғымым бойынша, адамның өмірде қол жеткізген жетістігінің барлығы отбасындағы береке-бірліктің әсері деп ойлаймын. Берекесіз отбасынан беделді адам шықпайды. Бала әуелі өз отбасынан тәрбие алады,  оны әке-шешесі бірдей тәрбиелеу керек. Бүгінгі күні ер баланы әйел тәрбиелегеннің нәтижесін көріп отырмыз. Барлық жерде әйелдер  жүргендіктен, жылауық, ұрысқақ, қиындыққа шыдамай, әскерден қашатын босбелбеу бозбалалар пайда болды. Бірдеңе айтсаңыз, аузын томпитып, торсаңдап өкпелегіш, ірілігі жоқ жігіттердің қатары көбейді. Соның бәрі от басында еркектің тәрбиесі жоқтығынан шығып жатыр. Мен жасымнан әкеме жақын өстім. Сол кісіге қол жәрдем тигізіп, әйтеуір, жанынан алысқа ұзамайтын едім. Әкеме жақын жүргендіктен бе, өмірдегі кездескен күрделі өткелектерден сүрініп кетпей, одан әрі шынығып, қайсар болдым. Ұл баланы міндетті түрде әке тәрбиелегені жөн. Ана бір жылы «Егемен Қазақстан» газетіне менің «Ұл» деген мақалам жарық көрді. Соған үн қосып, көп адамдардан хат келді. Біздің қазақ «жолы жіңішке» деп қызына баса назар аударып, соған жоғары білім алып беріп, ер баланы екінші орынға шегере береді. Сосын ұлдар оқымай қалып, оқып келген қызбен оның сөзі жараспай тұрады. Мақалада сол жайлы да ой толғанып еді. Бастысы – ұл мықты болса, мемлекеттің діңгегі де мығым тұрмақ.

– Сіз Әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия құрамында қызмет атқардыңыз. Осы гендерлік саясатқа қалай қарайсыз?

– Шындығы керек, алғашқы кезде осы сөзге тосырқап қарадым. Кейін астарына терең үңілгесін түсіндім. Гендерлік саясат – тек әйелдің құқығын ғана емес, ер азаматтың да теңдігін қорғайды. Ғылымда ерлер ғаламдық тақырыптарға бейім болса, әйелдер азаматтар ескермеген пәнаралық тақырыптарға жақын болады. Екі жыныс өкілдерінің қатар жүргені жасампаз күшке ие екені анық. Бүгінгі күні ер азаматтардың өз-өзіне қол жұмсауы көбейіп барады. Оған әртүрлі жағдайлардың әсері бар екені даусыз. Ерлердің белсіздік ауруы да дендеп барады. Әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия  – азаматтардың осы дерттің алдын алу үшін Үкіметке ұсыныс жасап, андролог дәрігерлерді даярлау, олардың санын көбейтіп, емханаларға тарту секілді бастама көтерілді. Бүгінгі таңда ол өз жемісін беруде. Сондай-ақ, көлік апатына да ер азаматтар жиі ұшырайды. Сондықтан, ұлттық комиссия мүшелері көліктегі қауіпсіздік белдігі мәселесін көтеріп, заңға енгізілуіне мұрындық болды. Жалпы, ер бала қызға қарағанда дүниеге көбірек келеді екен. Тек, түрлі себептерге байланысты 25 жасқа дейін олардың саны кеміп, қыздар басым болып кетеді.

Шынайы шығарма ғана жазсам деймін

 – Белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетаев: «Камал – аңғарымпаз жазушы, елеусіз нәрседен ой түюге бейім» деп жазған екен. Бірақ, сіз жазушылық жолға әбден дайындықпен келген секілдісіз…

– Жазу өнеріне бала кезден құмар болдым. Мектепте жүргенде күнделік жазатын едім. Оның өз пайдасы болды. Бірақ тоғызыншы сыныпқа дейін бұл салаға барам деп ойлаған жоқ едім, математик болам деп жүрдім. Осы пәннен бүкілодақтық олимпиадаларға қатыстым. Оныншы сыныпта оқып жүргенде қазақ тілінен өткен республикалық байқауға қатысып, екінші орынды иелендім. Бірінші орынды алған оқушы шығарманы өлеңмен жазған екен. Содан ұстаздарым мен жақындарымның барлығы «сенен жүйрік журналист шығады» деп айта бастады. КазГУ-дің филология факультетіне құжат тапсырып, қиналмай оқуға түстім. Оны аяқтағаннан кейін «Лениншіл жас» газетінде бір жыл, «Қазақстан әйелдері» журналында он жыл істедім. Жазушылық жолға иба сақтап, дайындықпен келдім. «Түс» деген алғашқы әңгімем 2009 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Оған көп адамдар жоғары пікір білдірді. Одан кейін екі-үш әңгімемді интернеттегі әдеби порталға жіберген едім, оған оқырмандар жылы сөз жазыпты. Әрине, өзім сезінген, көрген, жанымды толқытқан дүниелерді ғана жаздым. Шамам жеткенше, шынайы шығармаға ғана қалам тербегім келеді. Кейінірек, Тұрысбек ағамен жүздескенде: «Шырағым, әдебиетте адамның жасы физиологиялық жаспен өлшенбейді. Мен сенің екі әңгімеңді оқыдым. Осы әңгімемен-ақ, сақалың белуарыңа түсіп тұр екен» деді. Бұл – менің шығармашылығыма берілген үлкен баға.

Апай, сіз талай тарихи оқиғалар, болмысы күрделі тұлғалар өткен киелі Жыланшық бойында өстіңіз. Осылар жайлы тарихи шығарма жазу ойыңызда жоқ па?

– Көңілімді үнемі мазалап жүретін  бір титтей өкінішім бар. «Қыз бала жат жұрттық» дегендей, елден ерте қол үзіп қалдым. Өмір салты сол: тұрмысқа шыққасын, қайын жұртыңа жақынырақ боласың. Туған жерге аракідік қана жолым түсіп жүрді. Шынымды айтсам, өз басым көлемді дүние жазам деп ойлаған емеспін. Ана бір жылы туған жеріме барып, сайын даланы барынша араладым. Атажұртымыз Сарыторғайға бардым, Маятасты көрдім. Ата-бабамның басына дұға бағыштадым. Сол Екідіңге барғанда Қызтамын көрдім. Онда жатқан Бәтима деген апамыз екен. Жанықтықтың екі ел арасында туған жанжалды тоқтату үшін, басын бәйгеге тіккені туралы аңыз әңгіме естідім. Сол қыздың тағдыры туралы жазсам-ау деп ойладым… Бір Алла біледі…

– Сіз фольклорист ғалым Оразгүл Нұрмағамбетованың артында қалған еңбектерін жинақтап, «Өмір өрнектері» атты кітап құрастырып шығарыпсыз. Ол кісіге қандай жақындығыңыз бар?    

– Оразкүл апай – маған анамдай жақын болған аяулы кісі. Халық ауыз әдебиетін жинаған үлкен фольклорист ғалым. Докторлық диссертацияны Мәскеуден қорғаған қазақ қыздарының бірегейі. Ол кісі өмір бойы Қобыланды батыр мен Едіге эпосын зерттеді. Ақыры, Қобыланды батыр жырын Мәскеуде шыққан «Әлем халықтарының эпосы» деген жинаққа енгізді. Анам алыста болғандықтан, Оразкүл апайға анамдай қарадым. Апамыз сексенге келіп, дүние салды. Сексенге толғанда оны елеген ешкім болмады. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін артында барлық кітаптары мен мұралары қалды. Балалары: «мамамның кітаптарына сіз ие болыңыз» деген еді. Ол кезде апайдың отағасы тірі болатын, жасы тоқсанға таяған еді. Сол кісіге қажет болар деген оймен астанадағы «Отырар кітапханасының» директоры Тұрсын Жұртбаймен сөйлесіп, «кітаптарды «Отырар» кітапханасына берейін, тек сіздер апайдың кітаптарын сатып алыңыздар» деп өтініш айттым. Тұрсекең ол ойымды қолдап, сол кездегі университет басшысына айтқанмен, ол ешқандай шырай білдірген жоқ. Сосын кітаптарды кітапханаға тегін өткізіп бердім. Сол кітаптарды түгендеп жүргенде бір қалың папкіге көзім түсті. Ол апайдың көзі тірі кезінде жинақтап кеткен мақалалары екен. Сөйтіп, жаңағы дүниелерді кәдеге жарату керек деп шештім. Немересі қаржы мәселесін шешіп беретін болып, мен кітапты құрастыруды қолға алдым. Жинақ бас-аяғы он сегіз баспа табақ болды. Осы кітапты шығару жұмысымен жүргенде Ақселеу Сейдімбеков ағадан біраз кеңес алдым. Аяулы аға менің Оразкүл апайға ешқандай туыстығым, жерлестігім жоқ екендігін білгенде қатты таңырқады. Өзінің күйлерді зерттеген кітабына қолтаңба жазып беріп, батасын да берді. Кітаптың атын да Ақселеу аға қойған.

                                                                         Әңгімелескен: Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button