Құқық

Кәмелетке толмағандар қылмысы толғандырады

Кәмелетке толмағандар қылмысы қазір мемлекет үшін жиі кездесетін әрі шешімі күрделі мәселеге айналып отыр. Қиындығы – өмір жолын жаңа ғана бастап жатқан бозбала немесе бойжеткенді сәл шалыс басқан қадамы үшін жауапқа тартудың жауапкершілігі аса ауыр екендігінде жатыр. Мұндай қылмысты ашу, тексеру оңай емес.

[smartslider3 slider=3886]

 

Көбіне олар жасайтын қылмыст­ар өмірлік тәжірибенің жетіспеушілігінен, нақты жағдайға тиісті баға бере алмау­шылықтан, өз күшінің мүмкіншілігін бағалай алмаушылықтан, ойлаған ойларының өмір жағда­йына сәйкес келмеуінен, үлкендердің іс-әрекетін қайталаудан болып жатады немесе солай сипатталады.

Жасөспірімдердің бұғанасы қатпай жатып, басбұзарлыққа ұрынуы, құқықбұзушылыққа, қылмысқа бейім болып өсуіне әсер ететін негізгі алғышарттар отбасындағы жайсыздықтар мен келеңсіздіктер, жасөспірім балаларға нашар үлгі болатын маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, қайыршылық, сонымен қатар отбасы тарапынан тиісті дұрыс тәрбие мен бақылаудың болмауынан екенін өмір көрсетіп отыр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік және қылмыстық заңдарымен кәмелетке толмағандар жасалған қылмыстарды тексерудің кейбір ерекшеліктері қарастырылған, сонымен қатар мұнда жас құқық бұзушыларды процессуалдық қорғау, олардың психикасын алдын ала тергеу кезінде және сотта қорғау және оларға қатысты айыптау үкімін шығару мәселелеріне назар аударылған.

Заң бойынша жасы он сегізге толмаған жасөспірім кәмелетке толмағандар қатарына жатады.

Олардың қылмыстарының криминалистикалық сипаттамасы өзіне тән белгілі бір ерекшеліктерімен танылады. Мысалы, кәмелетке толмағандар топтық қылмыстарды жиі жасайды, олар кешкі мезгілде көбінесе бұзақылық, денсаулыққа зиян келтіру, тонау, қарақшылық, жеке басқа қарсы басқа да қылмыстар жасайды, ал күндіз пәтер ұрлығымен айналысады .

Кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың арасында ауыр қылмыстардың және пайдакүнемдiк, зорлықпен ұштасқан қылмыстардың саны басым. Сондай-ақ осы қылмыстарда тағылықты да, қатыгездiктi те кездеседі. Қылмыстардың басым көпшiлiгi ортақ қатысу нысанында, әсiресе топпен жасалады, бұл құбылыс та жасөспiрiмдердiң психологиясына тән және әрбiр үшiншi қылмысты олар ересектермен бiрiгiп жасайды.

Қылмыстық жаза мемлекеттік күштеу шараларының бірі, әрі ол мемлекеттің қылмыстылыққа қарсы күрес жүргізу құралы ретінде қолданылады.

Кәмелетке толмағандардың ой-санасы толық қалыптасып үлгермегендіктен, бірден қылмыстық жазалау оларға өте ауыр әсер ететінін есепке ала отырып, қылмыстық заң бо­йынша жаза тағайындауда да біраз жеңілдіктер қарастырған. ҚР заңдарына сәйкес кәмелетке толмағандарға өлім жазасы және өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар қолданылмайды. Сонымен қатар ҚР ҚК 81-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жазалардың түрлеріне мыналарды жатқызуға болады: айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыс­тары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру. Бұл жазалар тағайындалған кезде де белгілі бір шектеулер қолданылады.

Жаза тағайындаған кезде сот әрбір кәмелетке толмағанға байланысты мұқият болуы керек. Өйткені кәмелетке толмағандар қылмыс жасаған кезде, оларды бас бостандығынан айыру арқылы жазалау мақсат етілмеуі тиіс. Мұның себебі – жастайынан ұзақ мерзімге оқшауланған балалар қалыпты қоғамның өмірінен тыс қалып, өздері үшін игі әсерлі болуы мүмкін ортамен байланысын үзеді, екінші жағынан, бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі жағдайға еті үйреніп, мінез-құлқы бұзылуы, қылмыстық әлемнің келеңсіз әдет-ғұрыптарына беріліп кетуі мүмкін.

Ж.АЛПЫСБАЕВА,

Нұр-Сұлтан қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотының төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button