Желтоқсан

Камерада жатып та «Менің Қазақстанымды» шырқадық

Әдетте Желтоқсан көтерілісі жайында cөз қозғалғанда оған қатысушылардың тек қана студенттер болғаны айтылады. Алайда сол бір қаһарлы күндері биліктің шешіміне қарсы күш біріктіргендердің қатарында жұмысшы жастар да болған еді. Бас қаланың алып Одақпен байланысын қамтамасыз ететін Алматы поштамт мекемесінде телеграфист болып жұмыс істеп жүрген Оразгүл Әбдірасул да алаңда болған жұмысшы жастардың бірі.

[smartslider3 slider=1065]

Алматыдағы ауылдан келген қазаққа «екінші сұрыпты» ұлт ретінде қарап, олардың қоғамдық орындарда қазақ тілінде сөйлеуіне ашықтан-ашық тыйым салуы сияқты әрекетті көзбен көрген Оразгүл Айдашқызы да Желтоқсан көтерілісі көптен көкейде жүрген жайттарға қозғау салғанын айтады.

– Телеграфиcт болған соң біз елдегі, қаладағы жағдайларды алғашқылардың бірі болып еститінбіз. Сол секілді пленумнан соң алаңға жастар жиналғанында алғашқылардың бірі болып ақпар алдық. Алғашқы күні қазаққа қазақ басшының бұйырмағанын, ұлтымыздың үнемі өзгелерден қорлық көріп жүргенін қызметтік жатақханадағы бөлмемізде аз топпен талқыладық та қойдық.

17 желтоқсан күні бір топ әріптес қыздармен бізді орталық телеграфқа жұмысқа жіберді. 1-сыныпты телеграфист ретінде біз орталықтағы әріптестерімізге үнемі көмек көрсетіп тұратынбыз. Бір қызығы, орталыққа көмекке барғанымызбен, ондағылар бізге жұмыс бермейді. Ақыр болмаған соң сондағы басқа ұлт өкілінен шыққан телеграфистермен сөзге кеп қалдық. Сөз арасында біреуі бізге «Сендер жұмысты қайтесіңдер? Одан да ана алаңдағы қазақтарға қосылыңдар!» деген сыңайдағы әңгіме айтты. Біздің де күткеніміз сол еді. Бір топ қыз болып алаңға бет алдық. Біз келгенде алаңда қарақұрым халық жиналған екен. Көбінің қолында ұран сөз жазылған қағаздар, – деп бастады әңгімесін Оразгүл апай.

Одан әрі жастардың тобымен бірге алаң маңындағы ғимараттардың сыртындағы мәрмәр тасты жалаң қолмен сындырып, Үкімет үйіне қарай атқылаған. Бірден мінберде тұрып, жастарға басу айтқан алқалы топтың сөзіне құлақ түрген. Сондай-ақ өздерін қоршап тұрған жас сарбаздың қамқорлықпен айтқан жалынышты сөзі де құлағында қалған. Әлгі сарбаз: «Ағатайлар, бізге не істесеңдер де көнеміз. Тек артқы жаққа бармаңдаршы. Біз бәріне шыдаймыз. Олар сіздерді ұрып-соққаны былай тұрсын, өлтіріп тастаудан да тайынбайды» депті.

«Ол сарбаздың сөзінің мәнісін кейін ұқтық қой» дейді апайдың өзі. «Кешқұрым алаңнан қуу басталғанда Күләш Байсейітова көшесімен қашып бара жатып қолға түсіп қалдым. Бізді сол кездегі Ленин аудандық милиция бөліміне апарды. Машинадан түсе бергенім сол еді, қырғыздың бір жігіті: «Мына жақпен қаш» деп бағыт сілтеп жіберді. Жалғыз өзім қашып шығып, қараңғы көшелермен зулап отырып, Алматы поштамттың жатақханасына келдім. Комендант мінезділеу орыс әйел еді. Кіргізбейтінін жақсы білем. Сол кезде алаң жақтан келе жатқан бір топ қыздың қарасы көрінді. Олар әлгі комендантқа «есікті ашпасаң – сындырамыз» деп қысым жасады. Коменданттың амалы таусылып, есікті ашты».

Мұнан соң жатақхана бөлмесінде алаңдағы жағдай қызу талқыланып жатты. Әсіресе қыздар поштамт қызметкерлеріне үй бергенде байғұс қазақты көзге ілмей бірінші және соңғы қабаттан пәтер беретіндігін ашына айтып жатты. Қысқасы, сол күннің байламы алаңға қайта шығу болды. Таңертең алаң жақты қайта бетке алған телеграфист қыздар Ленин көшесінің бойымен келе жатқан жастардың қалың тобына қосылған.

«Алаңға жақындап қалғанымыз сол еді, «Россия» дүкенінің үстіндегі пәтердің балконында отырған екі кісі аңшы мылтығымен оқ атты. Ешнәрсені елемей ҚазПИ-дің қоршауда қалған жатақханасына барып, қоршауда қалған студенттерді босатып алып шықтық. Алаңға кіруге тырыстық. Солдаттардың қолында 1 метрлік темір сойыл бар. Бір байқағаным, кейбіреуінің қолында қорғасын сымды кабель болды. Ол тиген адам оңбайтынын жақсы білем. Жігіттерге абай болуды ескертіп жүрдім. Бұл күнгі қуғын тіптен қатты болды. Қолына түссең шайнамай жұтуға әзір солдаттардан қашқан екпінмен ұзындығы 3 метрлік қоршаудан секіріп те кеттік. Қараңғы көшелермен жүріп отырып, жатақханаға келдік. Ертесі күні ешқайда шықпадық. Түскі сағат 16:00-де екі тергеуші келіп, мені алып кетті. Қолдарында менің суретім болды. Оның үстіне коменданттың өзі айтып қойған. Фрунзе аудандық милиция бөліміне әкелді».

Алаңда болғаны фотосуретпен дәлелденіп тұрған Оразгүл Айдашқызын тергеу ұзаққа созылмайды. Сонда да болса хаттама үшін дәстүрлі сұрақтарын қойған тергеушілер бір тәуліктен соң-ақ желтоқсаншы қазақ қызын Фрунзе аудандық сотына әкелген. Оразгүл апайдың көптомдық ісімен танысқан судьяның да аузынан жібі түзу сөз шықпайтыны белгілі. «Мұндайларды атып тастау керек» деп міңгірлейді де, алаңдағы «басбұзарлығы» үшін 15 күнге қамау туралы шешім шығарыпты.

«Судьяның шешіміне қарсылығымды білдіріп жатырмын. Бірақ ол менің сөзімді пысқырмады да, «желтоқсаншыларды ауыр жазаға тарту керек» деген ойынан қайтпады. Милиция қызметкерлері көлікке салып, Масаншы көшесінің бойындағы аудандық милиция бөлімі ғимаратының жертөлесіндегі камераларына әкеп жатты. Сонда бақылаушы болып жүрген қазақ жігіттерінің азаматтығына дән риза болдым. Олар басшылықтан рұқсат алып, біз жазамызды өтеп шыққанша біздің камераларға бақылаушы қызметін атқарды. Тамақ әкеп беріп тұрып, қолымызға қағаз ұстатты. Онда «керек-жарақтарың болса, жазып жіберіңдер» деген сөз жазылыпты. Бақылаушылар бірер күннен соң бізге дәлізге шығуға рұқсат берді. Сонда көршілес камерада бүгінде «Нағыз Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі болып жүрген Құрманғазы Рахметов ағамыз жатқанын байқап қалдым. Қос камерада қатар жатқан қазақтың қыз-жігіттері шыққанша «Менің Қазақстанымды» шырқадық.

Бір қызығы, біздің камерада жатқан 30 жазасын өтеушінің арасында жасы үлкен ұйғыр әйел болды. Сол кісіден «неге мұнда жатсыз?» деп сұраймыз ғой. Сөйтсек, төбелесіп жатқан кішкентай балалардың арасына түскені үшін көршісі үстінен арыз жазып жіберген екен. Камераға бас жарақатымен түскен бір қыз болды. Оған қолымнан келгенше алғашқы медициналық көмек көрсеткем. Жақында сол қызды таптым. Сәті түссе, бір кездесуді жоспарлап отыр­мыз» деді Оразгүл апай.

15 күн қамалып шыққан желтоқсаншыларға мұнан кейін көп есік жабылған. Әуелі комсомол қатарынан шығарылып, жұмыстан, қызметтік жатақханадан айырылған. 1-сыныпты телеграфистен қатардағы пошташы қызметіне бір-ақ төмендетіліпті. Оразгүл апайдың өзі Алматы поштамттың директоры Роза Жүсіпованың қамқорлығын көп көргенін айтады.

«Директорымыз адамгершілігі мол жан еді. Оқиғадан жарты жыл өткен соң маған Алматыдағы 11-шағынауданда орналасқан қызметтік жатақханадан орын алып берді. Бұл 6 бойы пошташының мардымсыз айлығымен күнелтіп, біреудің ауласындағы бөлмені жалдап, түнгі ауысымда ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүрген маған үлкен қолдау болды. Көп ұзамай телеграфистік қызметіме қайта оралдым. Сол мекемеде 2001 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін «Қазақстан» телерадио кешенінде, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында еңбек еттім.

Желтоқсан жайында бертінге дейін ешкімге тіс жарып айтпадым. Тіпті әке-шешем де менің сол күндері алаңда болып, жазаланғанымды кейін білді. Бір қызығы, мен туған кезде ауылдық кеңес қызметкерлерінің қателігінен туу туралы куәлігіме әкемнің аты жазылмай қалды. Жеке куәлігіме де әкемнің аты жазылмады. Сол себеп болған болуы керек. Партия қатарында болған әкеме менің Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымның еш кесірі тимеді» дейді Оразгүл апай.

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button