Басты ақпарат

Камералармен және интернетпен қаншалықты қамтылған?

Жақында Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында қалалық Цифр­ландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабектің осы саладағы бағдарламалар мен жобаларды іске асыру жөніндегі есебі тыңдалды. Онда ол елорданың шағын аудандары мен тұрғын алаптарында интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету және бейнебақылау камераларын орнату жұмысы жайында да баяндады. Мәслихат депутаттары осы мәселені әлі де нақтылап, тиісті жұмыс барысын тұрғындарға жеткізу керек деп шешті. Сондықтан халықты толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ету үшін жауапты басқарма басшысын мәслихатқа қайтадан шақырды.

[smartslider3 slider=2250]

 

ТҰРҒЫН АЛАПТАРДА 1041 КАМЕРА ОРНАТЫЛАДЫ

Б.Қасабектің айтуынша, қалада қосымша орнатылатын 7500 камераның орны және интернет тартылатын аумақтар белгілі. Соның ішінде 1041 камера тұрғын алаптарда орнатылады. Арнайы карта да әзірленген. Бұл карта тұрғындарға таныстырылады. Интернетті тартуда антенна-діңгекті қондырғылар мен FWA технологиялары бойынша жаңа базалық стансалар қолданылады. Тиісті жұмыстар осы көктемде басталады.

– Базалық стансаларды орнатуды қазірдің өзінде бастадық. Соның бірін «Оңтүстік-шығыс» тұрғын алабында орнаттық. «Кирпичный» тұрғын алабында 10 бейнебақылау камерасы орнатылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бейнебақылау камераларын көбейтуге бюджеттен қаржы бөлінсе, антенна-діңгекті қондырғылар мен базалық стансалар инвесторлар есебінен орнатылады. Бізде бірнеше байланыс операторы бар. Қазір интернет пен байланысты жақсарту бағытында бюджеттен шығыс шықпайды. Болашақта жобаның коммерциялану мүмкіндігін жоққа шығармаймыз, – деген Б.Қасабек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен тығыз жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.

ЕЛОРДАНЫҢ ЦИФРЛЫҚ «ЕГІЗІ» ӘЗІРЛЕНДІ

Баяндамашының айтуынша, елорданың цифр­лық «егізі» әзірленді. Бұл жоба қала тұрғындарына қай жерде не барын білуге, кәсіпкерлерге істерін дөңгелетуге септеседі. Сол арқылы шаһардың инженерлік желілеріне қаншалықты жүктеме түсетінін, жаңа бизнес нысандарын қай аумақтарда ашуға болатынын, қаланың тартылыс аймақтарын анықтауға болады. Бұл жоба іQala қалалық қызметтер орталығымен байланыстырылған. Биыл осы орталықтың кеңсесін елорданың Есіл және Сарыарқа аудандарында ашу жоспарланып отыр.

– Осы жылы бас қалада 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі жұмысын бастайды. Сол арқылы қаланың Төтенше жағдайлар департаменті мен «103», «102» қызметтері арасында өзара байланыс орнатылады. Мемлекеттік қызмет көрсетулерді автоматтандыру жұмысын да жалғастырып жатырмыз. Сәулет, жер қатынастары қызметтері осы жү­йеге енгізіледі. Сол арқылы мемлекеттік қызметтердің ашықтығы одан сайын артып, жемқорлықтың алдын алу жұмысы күшейеді. Бұл жүйе арқылы қай салада іс маңдымай жатқанын да білуге болады, – деді баяндамашы.

Ол денсаулық сақтау және білім салаларын цифр­ландыру қалай жүргізіліп жатқанымен де таныстырды. Соның ішінде сынақтан өтіп жатқан QR-білезіктер туралы айтты. №15 қалалық емханада осындай 140 білезік берілген. Бұл қондырғы адамдардың денсаулығын бақылайды. Оны жоғары қан қысымы, жүрек аурулары бар, қанты жоғары пациенттер пайдаланып отыр.

Өткен жылы ұйымдас­тырылған STEM-олимпиа­да білімді цифрландыруды дамытуға септескенін айт­қан басқарма басшысы осы жылдың тамыз айының аяғында немесе қыркүйектің басында осындай олимпиада­ны кезекті рет өткізу жоспарланғанын жеткізді. Ал сәуір айында оқушылар мен студенттер үшін Нобель сыйлығы лауреат­тарының конференциясы ұйымдастырылмақ. Бұл шара онлайн форматта жасөспірімдерді ғылымға қызықтыру мақсатында өткізіледі.

Көлік саласын цифрландыру жалғасатынын айтқан баяндамашы биыл валидаторларды жаңарту жүргізілетінін жеткізді. Бұл жобаға Kcell компаниясы қызығушылық танытып отыр. Елорда әкімдігінің ІТ-кеңесі, Birge алаңдарында тиісті идеялар ұсынылып, талқыланады.

– Биыл бизнес өкілдерімен бірге мәдениет, спорт, білім салаларын толығымен цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Себебі қаланың біраз тұрғыны елордада тегін қызмет ұсынатын спорт нысандары көп екенін білмейді. Осыны халыққа жеткізу мақсатында қазір инвесторлармен бірге жұмыс істеп жатырмыз, – деді Б.Қасабек.

АВТОПАРКТЕР ШЫҒЫНҒА БАТЫП ОТЫР

Әлеуметтік қорғау бағытында «Elorda kartasy» атты жоба да жүзеге асырылмақ. Бұл, басқаша айтқанда, бас қала тұрғынының бірыңғай картасы деп аталады. Сол арқылы әлеуметтік көмек беру механизмдері реттеледі. Осы картаны қоғамдық көлік қатынасы, медициналық, тұрмыстық қажеттіліктер үшін де пайдалануға болады.

– Картамен ғана шектелмей, мобильді қосымша мүмкіндігін қарастырдық. Тиісті тұтынушыда сәйкес­тендіру нөмірі болады. Жеке кабинет арқылы ол тиісті төлемдерді жасай алады. Бұл картаны оқушылар, студенттер және әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтар пайдаланады. Бұл қанатқақты жобаны «City Transportation Systems» компаниясы жүзеге асырады. Оған да бюджет қаржысы жұмсалмайды. Жобаны қала әкіміне таныстырғанымызда, ол оны мақұлдады, – деді Б.Қасабек.

Мәслихат депутаттары бұл жобаны «Elorda tyrgyny» деп қайта атауды ұсынды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша, бұл картаны қаланың шамамен алғанда 500 мың тұрғыны пайдаланатын болады. Хатшы картаны лифт және коммуналдық қызметтерді алуға да, яғни әмбебап етуді ұсынды.

– Бұл карта мүмкіндігін пайдалануды кеңейту керек. Сол кезде тұрғындар оны қолдануға мүдделі болады. Бастысы, жоба үшін жоба болмасын. Есеп үшін жасалмасын, – деді Ерлан Каналимов. Кеше ғана автопарктер басшыларымен кездескенін айтқан мәслихат хатшысы автобус жолаушыларының көбісі жолақы төлемейтінін естігенін, қаладағы 86 маршрутта 600 автобус қатынайтынын, 30 ғана бақылаушы барын айта келе, осындай жағдайда автопарктер шығындары субсидиялармен де жабылмайтынын айтып өтті.

– Канадада адамдар метроға кіргенде сондағы сканер жасыл болып жанады. Сол кезде жолаушылардың картасынан автоматты түрде жолақы шешіледі. Бұл он жыл бұрын қолданысқа енген. Бізге де осы сияқты жүйені енгізу керек. Егер осылай кете берсе, жолақыны жолаушылардың көбі төлемегендіктен, автопарк­тер әбден шығынға батып, жұмысын тоқтатады. Сол кезде субсидияны көбейтуді сұрайды. Ал қала бюджеті шектеулі екенін білесіздер, – деді Ерлан Каналимов.

ШЕТКІ АЙМАҚТАРДА ІТ-МЕКТЕПТЕРДІ АШУ КЕРЕК

Мәслихат депутаты Нұрлан Көпешов «Сергек» мәселелерін, соның ішінде жол-көлік оқиғаларынан соң бейнебақылау камераларының бағандарын қалпына келтіру жайын қозғады. Оның пікірінше, бұған бюджет қаржысы жұмсалмауы керек. «Сергекке» жауапты «Көркем Телеком» компаниясы немесе жол апатын тудырған көлік иесі тиісті шығынды өз мойнына алуы тиіс.

– Бұл мәселені көтергенбіз. «Көркем Телеком» құлаған бағандарды қайта орнату үшін сотқа арыз да бергенбіз. 2017 жылдан бері 13 мың камера жұмыс істеп жатыр. Істен шыққандар жа­ңар­тылуда, – деді Б.Қасабек. Нұрлан Көпешов халықтың цифрлық сауаттылығы мәселесін де көтеріп, қаланың шеткі аймақтарында ІТ-мектептерді ашу керектігін айтты. Ботагөз Қасабек бұл мәселе қазір талқыланып жатқанын, тиісті инвесторларды іздеп жатқандарын жеткізді.

– Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірігіп, спикерлер немесе бағдарламалаушыларды тартып, тәулігіне 4-5 сағат цифрлық сауаттылықтан сабақ өткізуге болады деп есептеймін, – деді Нұрлан Көпешов.

«СЕРГЕК» СЕНІМДІ АҚТАДЫ МА?

Мәслихат депутаты Ерлан Дәкеновтің айтуынша, былтыр қаладағы ескерткіштерді бейнебақылау камералары арқылы бақылаудың жол картасы бекітілді. Бірақ бұл бағытта ешқандай жұмыс жасалмаған.

– Қаладағы 44 ескерткіштің 23-ін бақылайтын камералар орнатылды. Қалған ескерткіштерді бақылауға алу үшін тиісті жұмыс көктемде басталады. Оны жобаға енгізгенбіз, – деп жауап берді Ботагөз Қасабек.

Мәслихат депутаты Владислав Сергеев тұрғын алаптарды ұялы байланыспен, интернетпен қамту жайын қозғады. Бұл жұмыс елді мекендердің тиісті бағыттағы мәселелерін қаншалықты шешетінін сұрады.

– Халыққа цифрлық қызмет көрсетудің стандартын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бекітті. Онда интернеттің қолжетімділігінің шкаласы – 2,8. Бірақ біздегі тұрғын алаптарда бұл көрсеткіш 1,3 деңгейінде ғана. Осы мәселені шешу керек, – деді Ерлан Каналимов.

«Көктал-1» тұрғын алабында төрт базалық станса орнатылады. Алайда 150 үйі бар, 700 адамдай тұратын ЛПУ елді мекеніне ең жақын станса 10 шақырым қашықтықта орналасады екен. Сол себептен ЛПУ-дің байланыссыз қала беретін түрі бар. Мәслихат хатшысы осы елді мекен мәселесін шешуді тапсырды.

– ЛПУ тұрғындарын ауыз сумен қамту үшін құбыр тартылып жатыр. Тиісті жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Былтыр мұнда жол жөнделді. Елді мекенді басқа игіліктермен де қамтуды ұмытпау керек. Осында кем дегенде бір базалық станса орнатылуы қажет. «Нұрбесік» шағын ауданында да интернет үлкен проблемаға айналып отыр, – деді Ерлан Каналимов.

Мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина «Көктал-2» тұрғын алабын интернетпен қамту жайын қозғады. Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек бұл мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов елордада жол апаттары жиі орын алатын қауіпті 38 аймақ бар екенін айта келе, қаладан шыға беріс­терде «Сергек» камералары жұмыс істемейтінін айтып өтті. Бұл мәселелерді шешу үшін не жасалып жатқанын сұрады. Қауіпті аймақтарды бақылауға алуды тапсырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button