Денсаулық

Карантиннен бірден бас тартпаймыз

Карантиннен ке­йін де қатаң сақтайтын талаптар көрсетілген қау­лыға сәйкес, елордада ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, отбасылық, еске алу жиындары, жиналыстар мен тағы да басқа оты­рыстар өткізуге болмайды.

Спорт жаттығулары тек ашық ауада жеке тәртіппен және міндетті түрде кемінде 2 метр әлеу­меттік қашықтықты сақтай отырып, 5 адамнан аспайтын топтар арасында ғана өткізіледі. Табиғат аясында экскурсиялық, корпоративтік, топтық сапар ұйымдастыруға және өңірлердің көрікті жерлеріне шолу жасауға, сондай-ақ жағажайларда шомылуға тыйым салынады. Бұлар тек бір отбасы мүшелерінен немесе 3 адамнан аспайтын топтарға ғана рұқсат етіледі.
Бұрынғыдай 65 жастан асқан адамдардың қалада және қоғамдық орындарда жүріп-тұруына шектеу сақталып отыр. Аулаларда серуендеуге және саябақтарға, алаңдарға, скверлерге, жағалауларға 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелеріне міндетті түрде бетперде киіп және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып баруға рұқсат беріледі.

Сыртта тамақ ішу тәртібі қалай?

Кәсібіне карантин тұсау салған мейрамхана, бар, дәмхана жұмысына рұқсат берілді. Ғимараттың ішінде де, жазғы алаңда да 30-дан артық емес адам қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтық сақталып, бір үстелге отыратын адам саны 4-6-дан аспауы қажет. Қоғамдық тамақтану орындарына жұмыс күндері таңертең сағат 9:00-ден кешкі 23:00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ал жеке иелік аумақтары мен тұрғын үй ғимараттарында орналасқан нысандар үшін жұмыс кестесі сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін болады. Демалыс күндері мұндай объектілердің жұмысы тек ашық ауада, орын саны 30-дан аспайтындай етіп ұйымдастырылады.

Әр адамға 4-5 шаршы метрден келсе ғана

17 тамыздан бастап жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізбесінде СОСО, сауда үйлері, сауда желілері, жабық базарлар бар. Бұлардың толымдылығы 30 пайыздан аспауы тиіс, ғимарат ішінің аумағы 1 келушіге 4 шаршы метрден келуі керек. Сонымен қатар сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар да жұмысын бастайды. Бассейні жоқ фитнес орталықтардың толымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс және 1 келушіге 5 ш.м болады. Бассейні жоқ моншалар мен сау­налардың да толымдылығы 50 пайыздан аспайды. Балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтарындағы топтарда балалар алдын ала жазылу арқылы 5 адамнан аспауы керек. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтарындағы адам саны 15-тен көп болмауы қажет. Жұмыс берушілер қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы үшін қашықтан жұмыс істеу форматын сақтауы ұсынылды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button