Таным

КӘРІС КЕЛІНІ БОЛҒАНЫМА ӨКІНБЕЙМІН

IMG_0091

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина­ – белгілі саясаткер ғана емес, отбасының ұйтқысы болып­ отырған аяулы жар, ардақты ана. Онымен­ сұхбатымызда саясаткердің осы жағына назар аудардық. Майраның маңдайына болмысы бөтен ұлтқа келін болу жазылса да, әкесі Арап пен анасы Орынбасардың берген тәрбиесінің арқасында ол келіндік парызын абыроймен атқарып келеді. Өмірлік серігі Евгений Огаймен қосылғаннан кейін біршама уақыт енесі мен қос қайынапасымен бір шаңырақтың астында­ тұрған Майра Арапқызынан соның сырын сұрадық. Қашан да БАҚ өкілдерін жатсынбайтын­ апамыз ақтарыла сөйледі.

– Өзге ұлттың өкілімен бас қосқаны­ңыз­ды білеміз.
Таңдауыңызды түсіндіріп берсеңіз. Әлде­, ұлы мәртебелі махаббаттың үстем­дігі ме?

– Мен емес, ол мені таңдады ғой (күлді – автор). Алланың бұйрығы, тағдырдың жазуы солай болған шығар, өзге ұлттың шаңырағына келін болып түстім. Бірақ, бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Менің осы деңгейде көрінуім – жолдасымның арқасы. Атқарып жүрген ісімнің жауапкершілігін сезініп, үй шаруасына қолғабысын тигізетін де, балаларымның тәрбиесіне ерекше мән беретін де – Женя. Оның мені ұғына білген азаматтығын қатты құрметтеймін. Шыдамсыз, күйгелек мінезді маған Алла сабырлы, парасатты адамды кезіктірді. Егер екеуміз бірдей күйгелек болсақ, отбасымыз осы күнге дейін сақталар ма еді, сақталмас па еді, кім білсін.

– Өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шыға­мын­ дегеніңізде жаныңызда жүрген адам­дар «Мұның не?» дегендей қарсы сөз айт­па­ды ма? Жалпы, Евгений жездемізбен кездес­ке­­ніңізде алғашқыда қандай ойда болдыңыз?

– «Сен неге кәріске тұрмысқа шықтың, бір жаман қазақ табылмады ма?» деп айтқандар болды. Мен оларға: «Жаман қазақ табылса, мен шықпаймын дедім бе?! «Отырған қыз орын табады» деп 35 жасқа дейін отырдық. Тәрбие көрген, ауылда өскендіктен «мені ала ғой» деп ешкімнің мойнына асылмадым» деп жауап бердім.

Женяны кездестіргенімде, жанымдағы дос қыздарды онымен таныстырып, қосайын дегенмін. Бірақ, ол мені таңдапты. Мен де қарсы болмадым.

– Кәріс ұлтына келін болу қиын тиген жоқ па?

– Жоқ, қиын болған жоқ. Мен өте зиялы, көрген жақсылығын ешқашан ұмытпайтын отбасына келін болып түстім. Енем кәрістер жер аударылып, Қазақстанға келгенде қазақтардың қандай құрметпен қарсы алғанын жыр қылып айтып берді. Өле-өлгенше қазақтың дарқан мінезін еске алып отыратын. Мені де «қиын кезеңде қол ұшын созған ұлттың қызы ғой» деп мәпеледі.

– Қазақта ене мен келін институты бая­ғы­да қалыптасқан ғой. Ұлты басқа ене­ңіз­бен қарым-қатынасыңызды тарқатып айтсаңыз.

– Енем өте парасатты адам еді. Үш нәрсені ғана айтайын: бір жылдай Женямен кездесіп жүргеннен кейін, енем маған телефон шалып «Үйге кел» деп шақырды. Қазақтың қызы емеспін бе, ұяңдық танытып, ойланып жүрдім. Ақыры, анасының маған хабарласқанын Женяға айттым. Ол мені қоярда-қоймай үйіне ертіп барды. Сол кезде енем: «Екеуің біріңді-бірің ұнатып, сыйлассаңдар болды. Менің үлкен балам кәріс қызына үйленсе де, олар алыстап кетті. Сондықтан ештеңеге алаңдама» деді.

Екінші: біз қосылғаннан кейін енеміз бен Женяның екі апасымен бірге тұрдық. Өзімнің екі бөлмелі пәтерім бар болатын. Енеме соны бір бөлмелі екі пәтерге айырбас­тап, қыздарыңызға берейін дегенімде, ол кісі мені: «Олардың күйеулері бар, өздері асырасын, ертең сендер бірдеңе болып қалсаңдар, қайда барасың?» деп тоқтатты.

Үшінші: енем бір жылдай бізбен тұрғаннан кейін «Жезқазғанға көшемін» деді. Жолдасы сонда қойылған, тағы бір қызы да сол қалада еді. «Соның қолында болайын»­ деп айта берді. «Дәрігерлер үйге келіп, денсаулығыңызды қарап тұр, екі қызыңыз бен ұлыңыз жаныңызда» деп едім, маған оңашада: «Мен Женяны сенен қызғанатын болыппын, отбасыларыңа кедергі болам ғой, мыналарға айтып, мені Жезқазғанға жеткізіңдер» деп өтінді. Бар сырын қыздарына емес, маған айтатын.

Ал, жұбайымның әпкелерімен, ағасымен, туған-туысқандарымен қазірге дейін жақсы араласамыз. Олар бәрі қазір зейнет демалы­сына шығып кеткен. Қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Негізі, екеуміз де үйдің кенжесіміз. Қазақта кенже баланың мойнына артылар жүктің үлкендігін білесіз ғой. Сөйтіп, екі жаққа да бірдей қолғабыс етіп келеміз.

– Балаларыңыз қай тілде сөйлейді?

– Екі қызымыз бар. Тұңғышымыз Дана Алматыда магистратурада оқиды. Светлана Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курсында оқып жүр. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Олардан үлкен үміт күтемін.

– Әңгімеңізге рахмет! Қыздарыңыздың қызығын көруіңізге жазсын!

Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button