Қоғам

Кәсіби аппараттың келешегі

Без имени-1

Ұлт жоспарының ең бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздейді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына бірқатар өзгерістер енгізілген.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Әли Көмекбаевтың түсіндіруінше, мемлекеттік қызметке бірінші орналасқанда, тек төменгі лауазымдардан бастап және үш сатыдан тұратын конкурстық іріктеу арқылы орналасу тәртібі қалыптастырылған. Бірінші сатыда үміткерлер заңнама мен білімі, біліктілігі, икемділігі бойынша тест сынақтарынан өтеді. Екінші сатыда ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі министрлік үміткерлердің жеке қасиеттерін тексереді. Мұның ішінде қызметкердің эктикасына, жұмыс сапасына, жемқорлыққа төзбеушілік таныту қасиеттеріне мән беріледі екен. Ал үшінші сатыда мемлекеттік орган үміткерлермен әңгімелесу арқылы олардың бейіндік білімі мен икемділігін бағалайды. Конкурстан сәтті өткендерге тәлімгер бекітіліп, 3-тен 6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді. Мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданғандар үшін 3 айға жеке бейімделу жоспары жасалады. Жоспарда белгілі бір машықтар мен сынақ тапсырмаларын игеруге байланысты талаптар белгіленген. Тапсырмалар орындалмаған жағдайда мемлекеттік органның басшысы бейімделу жоспарының шараларын қайта орындауға мүмкіндік бере отырып, сынақ мерзімін тағы үш айға созуға құқы бар. Ал енді қызметке алынғаннан кейін мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерлеуі тек қана конкурстық негізде ғана жүзеге асып отырады. Төменгі лауазымдарда атқарған жұмыс өтілі де ескеріледі.
– Ұлт жоспарының 12-ші қадамында жаңа этикалық ережелерді енгізу атап көрсетілгені белгілі. Мемлекеттік қызметті сәтті жаңғыртуға мүмкіндік беретін факторлардың бірі – этикалық ұстанымдарды жетілдіру екені даусыз. Мемлекетті басқару жүйесінде этикалық нормалардың бұзылуына әкеліп соқтыратын және жемқорлықты туындататын жағдайларды ескерту бойынша шараларды күшейтуге басымдық берілді. Осылайша ҚР жаңа Этикалық кодексінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыста және жұмыстан тыс жерлерде өздерін ұстау қалыптары реттелді. Олардың азаматтармен, әріп­тестерімен, басшылықпен жұмыстан тыс кезде қарым-қатынас жасау және жұрт алдында сөйлесу стандарттары да бекітілді. Қызметтік этиканы бұзған мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Кодексте мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер де анықтап көрсетілген. Оған шешімдерді шығару мен дайындау кезінде жеке және заңды тұлғаларға негізсіз артықшылықтар көрсету, ақпарат беруден бас тарту, өткізілетін құжаттарды қабылдау кезінде заңдар қарас­тырылмаған артық талаптар қою жатады. Мұндай заң бұзушылықтарға жол бергендер жұмыстан босату, мемлекеттік қызметке қайта тапсыруға тыйым салу сияқты тәртіптік шаралар қолдану қарастырылған,   дейді жаңа этикалық ереже жөнінде аталмыш министрліктің Мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Әділбек Мұқашев.
Маманның маңыз беріп айтқандарына қарағанда, бүгінде барлық мемлекеттік органдарда, облыс әкімдіктері мен Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінде этика жөніндегі Кеңестер құрылған. Бұл Кеңестердің өкілеттіктеріне тек тәртіптік істерді қарау ғана емес, сонымен қатар, жемқорлықты туындататын жағдайларға талдау жасау, жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу кіреді. Этика жөніндегі Кеңестің құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері, БАҚ өкілдері және жекелеген органдардың басшылары алынған.
Бұл кеңес өз кезегінде мемле­­кеттік қызметкерлердің этикалық ережелерді сақтауына, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жемқорлықты мейлінше азайту­ға, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтер деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік аппараттың қызметін жетілдіруге ықпал етеді. Сөйтіп, кәсіби мемлекеттік аппарат басқаратын қоғамға ауысатын боламыз. Ұлт жоспарының ең басты бағыты – осы.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button