Қала мен Сала

Кәсібін дөңгелеткен көпбалалы ана

Елордада жаңадан іс бастаған кәсіпкерлердің 2025 жылға де­йін халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында бизнесін ашып, ары қарай дамытуы үшін мемлекеттік грант алуына мүмкіндік қарастырылған.

[smartslider3 slider=3545]

Кәсіпкерлер мемлекеттен 2-5 миллион теңге аралығында қаржылай қолдау ала алады. Осындай қолдауға ие болғандардың қатарында үш баланың анасы Шынар Қалиева да бар.

«2015 жылы ұлымды даун синдромымен босандым. Мұндай жағдайды бірде-бір отбасы күтпейді, бұл жағдайға дайын болмайды деп те айтуға болады. Сол кезде маған мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау үшін құрылған «Мама Про» қоғамдық қоры көмектесті. Кәсіпкерлік қызмет негіздері бойынша курстар өткізген мықты және табысты әйелдер тобында болып, жолым болды. Бізге кәсіп ашарда бастапқыда не істеу керектігі, бизнес-жоспарды қалай дұрыс белгілеу керектігі, бухгалтерия негіздерін, шешендік өнерді үйрету туралы айтылды. Бірақ ең бастысы, психологтармен жұмыс, өйткені баланы оңалту, ең алдымен, ананы оңалтудан басталады. Барлық тренингтер, мастер-кластар мен оқытулар тегін өткізілді» деді Ш.Қалиева.

Ол әкімдіктің «Бизнестің жол картасы – 2025» байқауына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатқанын біліп, қажетті есептеулер жүргізіп, наубайханаға арналған жабдықтарды зерттеген, ал бизнес-жоспар әзірлеуге «Атамекен» ҰКП менеджері көмектесіпті.

«Біз барлық құжаттарды тапсырып, жауабын күтіп жүрдік. Мемлекеттік гранттың жеңімпаздары тізімінде фамилиямды көргенде қуаныштан жылап жібердім. Осылайша байқау адал және ашық өткізілгенін білдім. Міне, осы арқылы «Солнечный» наубайханасына арналған алғашқы қымбат және сапалы жабдықты сатып алдым» деді ол өз тәжірибесімен бөлісіп.

Алайда уақыт өте келе өндірістік қуат жетіспеушілігі пайда болыпты. Мұздатқыш камералар, тоңазытқыш жабдықтар, витриналар, тестілеу жабдықтары қажет болған. Оларды сатып алуға, бизнесін кеңейтуге ақша жетіспепті.

«Бизнестің жол картасы – 2025» байқауы қайтадан жария­ланған кезде құжаттарымды дайындап, бизнес-жоспарды есептей бастадым. Маған өндірісті кеңейту үшін жаңа жабдық сатып алу қажеттілігін көрсету және дәлелдеу қажет болды. Комиссияның дауыс беру қорытындысы бойынша мен тағы да 5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алушылардың қатарында болдым. Бұл ақшаға тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарды, қамырды илеу машиналарын және өндіріске қажет көптеген заттарды сатып алдық. Ұлттық мағына білдіру үшін наубайхана атауын «Бидай Фуд» деп өзгерттік. Әрине, бұл ірі өндіріс емес, әлі де өсуіміз қажет, бірақ ең маңыздысы басы басталды, ал осы жолда келе жатқан адам кез келген қиындықты еңсереді» деп Шынар Қалиева сөзін түйіндеді.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button