Басты ақпарат

Кәсібін заңсыз жүргізетіндер кімге арқа сүйейді?

«Нұр Отан» партиясы­ның ғимаратында Ас­тана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Қабылдауға келген азаматтардың біразы кәсіп ашудың амалдарын білгісі келсе, кейбіреулері қала тіршілігіне пайдалы инновациялық
жобалар ұсынды.

Астаналық кәсіпкер, балмұз­дақ дүңгіршектерінің қожайыны Жанна Оспанова бақылау­сыз сауда орындары жұмыс істеуге кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. Әкімдіктің «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы аясында жұмыс істеп келген кәсіпкер Есіл жағалауындағы сауда біржолата тоқтап қалды дейді.
– Есіл жағалауында әртүрлі өнімді ұсынған 13 кәсіпкер тұрған едік. Көбінесе жаз мезгілінде пайда табатынымыз белгілі. Былтыр жазда ешқандай құжаттары жоқ, еш талапқа сәйкес келмейтін сау­дагерлер бізге бәсекелес болып шықты. Жалдап отырған орынға ақша, бюджетке салық төлеп отырған біздермен салыстыр­ғанда олар заңсыз әрекеттерге барып отыр. Бірнеше мәрте жергілікті полиция қызметкерлерін шақырып, тексеру жүргізуді өтіндім. Инс­пектор келіп, теріс бұрылып кетіп қалады. Бұдан ешнәрсе шықпайтынын білген соң, «102»-ге хабарластым. Нәтижесінде оларды көлікке тиеп, полиция бөлімшесіне алып кетті. Қайта­ланған жағдайдан соң, маған Сарыарқа әкімдігінің өкілі хабарласып, оларды жайына қалдыруды сұрады, – деп жанайқайын жеткізді кәсіпкер әйел.
Жанна Оспанованың айтуынша, Сарыарқа әкімдігінде жұмыс істейтін шенеуніктің атын жамылған саудагерлер заңнан қорықпайтын сияқты. Ал заңсыз саудаға жол беріп отырған жергілікті полиция қызметкерлері адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғаудың орнына өздерін тексеріс астына алған. Тура осындай жағдай «Нұржол» бульварында да қайталанған екен. «Күмәнді саудагерлер электр қуатын да заңсыз тартып алған. Ал біз «Астана РЭК» компаниясының талаптарына сай, трансформаторды тарту үшін 300-400 мың теңгедей жұмсаймыз» деген кәсіпкер бақы­лаусыз сауда орындарының үсті­нен қарайтын, тексеріс жүргізе­тін тәуелсіз комиссияны өз іштерінен тағайындауды ұсынды.
Барлығын мұқият тыңдаған қала әкімі орынбасары Малика Бектұрова заңды кәсіпкерлерге арналған арнайы форманың бар екендігін айтқанда, кәсіпкер дәл сондай формаларды заңсыз кәсіппен айналысып жатқандар иеленіп алғанын жеткізді. «Былтыр заңсыз саудаға жол бермеу үшін саудагерлерге арналған бірыңғай форманы енгізген едік. Ал биыл жергілікті полиция қыз­меткерлерінің қолына планшет ұстатып, кімнің қай жерде жұмыс істеуге құқы бар екендігі жөнінде мәлімет таратамыз. Ал саудасын заң аясында жүргізіп отырғандарға QR-код берілетін болады. Осылайша, сканер кімнің заңды, кімнің заңсыз жұмыс істеп отыр­ғанын анықтайды» деп жауап қайырды әкім орынбасары.
Қайрат Әшімов есімді астаналық тұрғын «Біздің ұжым жаңа қоқыс контейнерлерін жасап шығарды. Қазір қалада тұрған қоқыс жәшіктері ашық. Жел соққанда қоқыс та шашылады: ауа ластанып, экологияға нұқсан келеді. Осы жағдайдан кейін ауланы тазартуға әкімдік те біраз шығындалады. Екі жұмыс. Біз бірнеше метр тереңдікке түсетін қоқыс жәшіктерін енгізуді ұсынамыз. BI Group компаниясы кейбір жерлерге сол жәшіктерді қойды. Бір жақсысы, біздің жәшіктер жабық әрі өртке қауіпсіз. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 1,5-2 млн теңгедей қаржылай көмек қажет» деп өз идеясының тиімділігін алға тартты. Малика Бектұрова: «Мамыр айында болатын байқауға тапсырып, 3 миллионға дейін қайтымсыз грантты жеңіп ала аласыз» деп жобаны жүзеге асыруға қандай мүмкіндік барын айтты. Айта кетейік, кәсібін дөңгелетемін деген кез келген азамат үшін жылына бір рет ел бюджетінен грант бөлінеді. Байқауды әкімдік өткізіп, грант тағайындайды. Ал «Даму» кәсіпкерлік қоры» бизнес-жоспар жасауға көмектесуге дайын.
Сондай-ақ, «Қазақстандық инновациялық технологиялар институты» компаниясының өкілі Қайрат Әшімов қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі ағын су мен қарды тазалаудың тиімді жолын ойлап тапқандарын айтты. «Елорданың шет аймағында орналасқан елді мекендерді су басып кету қаупі жоғары. Су тасқынына төтеп беру үшін біз жаңа инновация ұсына аламыз. Көшедегі мұзды оюдың да жеңіл технологиясы бар» деді ол.
Кездесу барысында әкім орынбасары Малика Бектұрова қабылдауға келген әр азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, сол жөнінде тиісті органдармен тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесті.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button