Қоғам

Кәсібіңе мен сенің басымды ием…

Көзді ашып-жұмғанша күллі әлемді бір тарының қауызына сыйғызып жіберген коронавирус індеті жұртшылықтың дәрігер мамандығына деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп жіберді.

[smartslider3 slider=1176]

Аса қатерлі індетпен күрестің алғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандарды бүгінгі күннің батырлары десек, асырып айтқаным болмас. Әсіресе дертке дауа, емге шипа іздеген қамкөңіл жандар үшін аяулы дәрігердің жылы шырай танытып, мейіріммен қарсы алуының өзі-ақ жарты аурудың бетін бірден қайтару үшін жетіп жатыр. Ұлы философ әрі дәрігер Ибн Синаның мынадай сөзі бар екен: «Дәрігердің үш қаруы бар: біріншісі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз». Біздің халқымызда да «дәрігердің өзі емдемейді, сөзі емдейді» деген аталы сөз бекерге айтылмаса керек-ті.

 Мұның бәрін қаузап отырған себебім, мен 50 жастан асқан соң денсаулығыма байланысты дәрігерлерге жиі қараламын. Қазір жасым жетпістің жетеуіне аяқ басты. Осы жасқа аман-есен жетуімнің өзі бірінші – Алла, екінші – отбасым, үшінші – осы дәрігерлерім десем артық айтқандығым емес. Өзім тіркелген Нұр-Сұлтан қалалық 13-емханада Зухра Мұратқызы Сұлтанғалиева есімді аяулы дәрігер еңбек етеді. Мен бұл дәрігерге ұзақ қаралдым. Және оның кәсіби қабілетіне, биік парасаттылығына дән риза болып, ақ батамды беріп жүрмін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, өзімнің ұзақ жылғы сүйікті газетім «Астана ақшамы» арқылы сол аяулы жанға шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Менде созылмалы жүрек сырқаты бар еді. Үкімет тарапынан жүрек және қан қысымның 4-5 түрлі дәрісі тегін беріледі. Зухра дәрігерге тексеріліп, қан сараптамасын тапсырып жүргеніме де  4-5 жылдан асты. Биыл 20 қазанда тағы да сол дәрігердің қабылдауында болдым. Есіктен ентіге кіріп келгенімде бірден: «Ата, сіз қатты ентігіп тұрсыз ғой, дереу қан тамырларыңыз­ды тексеру керек» деді. Мен зертханадан берген талдау нәтижелерін ұсынып, «бәрі жақсы деп тұр ғой» десем де, «жоқ, тез арада қан тамырыңызды тексертіңіз» деді. Егер сол дәрігерім айтып, мәжбүрлемегенде, мен көп ұзамай жарық дүниемен қоштасып та кетер ме едім. Барып тексергенде, жүрекке баратын екі тамырым бітеліп қалыпты. Ота жасатып, жаным қалды. Сосын да бүгін қолыма қалам алып, сол Зухра қызыма «Еңбегің жансын қарғам, бала-шағаңның қызығын көр» деген аталық алғысымды айтып отырмын.

Дәрігер мені қан тамырын тексеру үшін қалалық  №2 ауруханаға жіберді. Бұл ауруханаға менің бірінші рет жатуым. 2 күн өткенде менің тамырымды тексеріп маған күрделі ота жасамақшы болды. Барлық тиісті талдау-сараптамаларын алып, тексерді. Кардиология бөлімшесінің бастығы менің егде жасыма байланысты «ота күрделі болады» деп бірден ескертті. Ота бөлімшесінің бастығы А.В.Смоленский, қан қысымы бөлімшесінің бастығы Т.Б.Джанпаизов сол бөлімшенің мені қарайтын дәрігер Р.Т.Субанбаева бәрі ақылдаса келе, ақыры 3-4 айға стент қоятын болып келісті. Менің негізі айтайын дегенім сол, ота жасайтын дәрігерлер мен мейірбикелерінің біліктілігі мен асты-үстіңе түсіп аталап тұратын кішіпейілдігіне дән риза болдым. Осы орайда оларға да алғысымды жаудырып, аталық ақ батамды беремін. Тәуелсіз елдің сендердей білікті мамандары көп болсын, Өркендерің өссін! Келешек ұрпағымыздың салауатты, ел болашағының еңселі болуында антына адал, өз істеріне шынайы берілген абзал жандарға артылар жауапкершілік жүгі де әрдайым зор деп санаймын. Қазіргідей індет пен нарық қос өкпеден қатар қысқан күрделі кезеңде адамдар бір ауыз жылы сөзге зәру.

Ендеше, бір-бірімізден жылы сөзімізді аямайықшы, ақ халатты аяулы жандарымызды аялайықшы дегім келеді.

 Дәулет АМАНЖОЛОВ,

еңбек ардагері 

Нұр-Сұлтан қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button