Қала мен СалаЭкономика

Кәсіп нәсіпке айналса – елге құт

Мемлекеттің бай-қуатты болуы деген не? Бұл – сол елде өмір сүріп жатқан әр адамның табысты болуы. Ал бизнеспен айналысу – әл-ауқатыңды жақсарту деген сөз. Еліміздің осы саланы дамытуға ерекше екпін түсіруі де сондықтан.

Жалпы Қазақстан  бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер қатарына кіреді.  Демек, бизнеспен шұғылданғысы келген, кәсібін ашуға оңтайланып жүрген азаматтарға жол ашық. Мұндай азаматтарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар да көптеп қабылданып жатыр.  Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге де тыйым салына бастады. Болашақта бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға қолбайлау болып отырған барлық  енжар құқықтық нормалардың күші жою керектігін Елбасы да айтты. Алдағы мақсат – орта және шағын бизнестің үлесін арттырып, ел дамуын орнықтыра түсу. Қазақ елі  2050 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ 4,5 есеге, яғни 13 мыңнан 60 мың АҚШ долларына дейін арттыруға талпынып отыр. Ол үшін кәсіпкерлік саланың қосар үлесі қомақты.

Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктері қалыптасқан. Соның бірі –  «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама іске қосылған 2010 жылы кәсіпкерлермен 135 жоба бойынша субсидия туралы шарт жасалса, үш жылда бұл сан тоғыз есе өсіп, 1271 жобаға жеткен. Бағдарлама жұмыс істей бастаған алғашқы жылы  отандық кәсіпкерлерді тарту жұмысы жүргізілсе, бұдан кейінгі уақыттарда бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде толыққанды жұмыс істей бастаған. 2011 жылы кәсіпкерлерге ең тиімді тетік – субсидиялау болса, бағдарлама 2012 жылы кепілдендіру тетігімен толықты. Ең жемісті жыл ретінде 2013 жылды атауға болады. Себебі, былтыр кәсіпкерлерді қолдауға арналған орталықтар ашыла бастады. Бұл туралы кейінірек.

Кәсіпкерлікті дамыту жағынан Астана қаласы да көптеген шараларды қолға алып отыр.  Бүгінгі күні елорда экономикасындағы  орта және шағын бизнес субьектілерінің  үлесі 60 пайыздан асады. Яғни қазіргі таңда әр бесінші елордалық – кәсіпкер.  Осы салада 190 мың адам жұмыс істейді, бұл еңбекке жарамды адамдардың бестен екі бөлігі. Ал жұмысын белсенді жүргізіп келе жатқан кәсіпкерлік субьектілердің саны – 47 мың. Қалалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің 67 пайызы осы  шағын және орта бизнестен түсіп отыр.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша олар өндірген өнім көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жеткен. Тек «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2013 жылы 6 мыңнан аса кәсіпкер нақты көмек алып, жалпы мөлшері 61,3 млрд теңгенің 298 жобасы мақұлданған.  «Бизнестің Жол картасы- 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2017 жылға қарай  орта және шағын кәсіпкерлік субьектісінің санын 54 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Әрине, кәсіпкерлікті дамытумен бірге, ондағы қызмет көрсету сапасын арттыру да маңызды міндет. Бүгінде елордада тіркелген бизнес субьектілерінің саны  – 108 344. Соның ішінде 177 мейрамхана мен 450 дәмхана бар. Осы саладағы қызмет көрсету сапасын арттыру, қоғамдық тамақтандыру орындарын халықаралық стандартқа сай ету  – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Алда ЭКСПО халықаралық көрмесі келе жатыр. Осынау маңызды шараға жан-жақты дайын болу үшін мейрамханалар мен дәмханаларға халықаралық беделі бар үздік  шеберлерді шақырып, тәжірибе алмасу жоспарланып отыр.

 

Көмегі көп орталық

 

Елімізде кәсіпкерлік саласын қолдауға айрықша мән беріліп отырғанымен, мемлекетте жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы бейхабар жандар жетерлік. Тіпті кәсібін жаңадан бастағандарға мемлекеттің арнайы субсидиясы барын да  білмейтіндер жетерлік. Осыны ескерген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  «Даму» қорымен бірлесе отырып,  Астанада Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашты. Мұндай орталықтар елордада ғана емес,  еспубликаның барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында бар.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары кәсібін белсенді жүргізіп жүрген немесе бизнеспен айналысуға ниет еткен тұрғындарға бизнес-жоспар құрудан бастап,  кәсіпкерлікті жүргізудің барлық салалары бойынша тегін кеңес береді. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін орталық келушілерге  «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өнімділік – 2020», «Агробизнес – 2020», «Экспорт – 2020» сынды бизнесті қолдаудың барлық мемлекеттік тетіктері жөнінде толыққанды ақпарат береді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер бухгалтерлік және салықтық есеп, логистика, маркетинг, мемлекеттік сатып алуға қатысты толғандырып жүрген сауалдарға жауап ала алады. Орталықта екінші деңгейлі банктердің өкілдері де жұмыс істейді. Олар қаржыны дұрыс игеру, сауатты жұмсау жағынан кеңес береді.

Келешекте Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында әртүрлі тренингтер, семинарлар, шеберлік-дәрістерін, дөңгелек үстел жиындарын, бизнес-форумдар мен көрмелер өткізу көзделіп отыр.

 Қала бизнесінің  картасы жасалады

Бизнесмендерді қолдаудың тағы бір тетігі ретінде елордалық Кәсіпкерлер палатасы Астана қаласының бизнесін дамыту картасын әзірлеуді бастады.  Бұл – елордадағы кәсіпорындар мен олардың өндірген өнімдері, ұсынған қызметтері мен келешектегі жобалары, бизнес-жоспарлары топтастырылған дереккөз базасы болмақ.   Карта елордадағы ең белсенді компанияны анықтауға жол ашады. Мұндағы ең басты мақсат –  карта арқылы елордада ерекше сұраныста тұрған өнімдердің тапшылығын азайтып, қызмет көрсету сапасын арттыру.

Астанадағы Кәсіпкерлер палатасы елорданы инвестиция орталығына  айналдыру мақсатында да бірқатар ірі жобаларды қолға алып отыр.  «Ол үшін алдымен Индустриалдық өңір құрудағы халықаралық тәжірибені жан-жақты зерделеп алуымыз керек. Егер ойымыз сәтті жүзеге асса, орта және шағын бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, қажетті қызметтерге мониторинг жүргізіп, нарықтық сұранысқа дәлме-дәл болжам жасай алатын боламыз», – дейді Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов.

Ия, бизнесті өркендету – халықты жұмыспен қамту деген сөз. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуімен қатар жүреді. Сондықтан кәсіпкерліктің дамуына мемлекет те мүдделі

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button