ЖаңалықтарҚала мен СалаҚоғам

КӘСІПКЕРГЕ КӨМЕК КӨП

0001

Жалдамалы жұмыс әлде жеке кәсіп? Біреуге қызмет еткіңіз келмесе, шешім оңай – өз ісіңді ашу. Ал, бизнес бастаушыларға елімізде қолдау көп. Мемлекет жеке кәсіпкерлердің жолын ашып, бизнес алаңда еркін жүруіне бар жағдайды жасап келеді: ақпараттық көмек, құжаттарды кедергісіз рәсімдеу, жеңілдетілген несие… «Бұл жәрдемге кімдер лайық? Бизнесті қалай бастау керек?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Алдымен бизнес-идея керек

Кез келген кәсіпті ашуға, ең алдымен, бизнес-идея керек. Жобаңыздың қолжетімділігін бағалау үшін салаға қатысты жан-жақты ақпарат жинаңыз, тілдесу арқылы кәсіпкерлердің тәжірибесіне көз жүгіртіңіз. Нарықтың қажеттіліктерін саралаңыз. Әзірге бұл бизнес ашсам деген ниет қана. Оны жүзеге асыру қолыңыздағы мүмкіндіктерге байланысты. Яғни, қаражат сомасы. Шағын бизнес үлкен ақшаны қажет етпейді. Алғашқы салымға жағдайыңыз жетіңкіремесе ше? Бұл жағдайда кәсіпкерлер банктердің көмегіне жүгінетіні белгілі. Бизнес-жоспар арқылы банкке жобаңыздың тиімділігін дәлелдеу керек. Алайда несиенің пайыздық көрсеткіші өте жоғары, оны төлеуге енді ғана ісін ашқалы отырған кәсіпкердің қалтасы көтере бермейді. Кепілдік беру мәселесі тағы бар. Осы ретте «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлердің еңсесін тіктеп, қадамын нықтай түседі. Бизнесті қолдау мен дамытудың бұл бірыңғай бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жалпыұлттық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген болатын.

Кәсіпкерлер палатасы  бағдар береді

Аталмыш бағдарлама аясында елордада ақпараттандыру, қаржыландыру сияқты қолдаудың түр-түрі қарастырылған ауқымды жұмыстар атқарылады. Соның бірқатарын ұйымдастыратын Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасына жол тарттық.
«Бизнес бастағысы келетін азаматтар үшін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы тегін жұмыс істейді. Былтыр 2 мыңға жуық астаналыққа көмек көрсетілсе, жыл басынан бері 1300-дей адам келіп үлгерді. Ұсынатын қызметтер әр алуан: бизнес-жоспар құру, бухгалтерлік көмек, веб-сайт ашу, құқықтық қызмет көрсету» дейді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының экономикалық сұрақтар бойынша директор орынбасары Алмат Жүнісов. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің кез келген өңіріндегі кәсіпкерліктің даму деңгейі мен инвестиция тартуға болатын маңызды саланы анықтауға мүмкіндік беретін Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы белсенді жұмыс істеп тұр. Ол жерден Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар екі қала – Астана мен Алматының экономикалық әлеуеті, табиғи минералдық ресурстары, логистикалық мүмкіндігі, өнімді өткізу нарығы туралы толыққанды ақпарат алуға болады.

Кіріс-шығыс есептеледі

– «Бизнес ашқым келеді. Бірақ немен айналысатынымды білмеймін. Маған жоспар жазып беріңізші» дейтін адамдар сирек кездеседі. Әдетте мұнда нақты бір идеясы бар, сүйікті ісін табысқа айналдыруды қалайтын азаматтар келеді. Сапалы бизнес-жобаны жазуға мұндағы маркетингпен айналысатын мамандар көмектеседі. Ал, жазуға, есептеуге кіріспес бұрын кәсіпкердің қолында біраз мәлімет болу керек. Не ашқалы жатыр? Қай жерден? Қандай құрылғылар, материалдар керек? Өзінің табысын қалай елестетеді? Ал, біздің қызметкерлер бұл істің кіріс-шығысын есептейді. Мәселен, егер бұл сауда болса, табысқа жету үшін күніне қанша тауар сату керектігін, мемлекет бұл бизнестен қаншалықты пайда көретінін, несиеге берілетін ақшаны дұрыс жұмсау сызбасын, тағы да басқа көптеген маңызды мәселелерді анықтап бередіө, – дейді Алмат Жүнісов.
Бизнес-жоспарды дайындау ұзақтығы әр кәсіптің ерекшелігіне, жеке кәсіпкердің ізденімпаздығына байланысты. Ең көбі – бір ай уақытты алады екен.

Назгүл кәсібін қалай дөңгелетті?

Бізге күні кеше Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Астана қаласының үдемелі индустриалық дамуы бойынша Өңірлік үйлестіру кеңесінің оң шешіміне ие болған жас кәсіпкер Назгүл Әжібаевамен тілдесудің сәті түсті.
Назгүл Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында әзірленген бизнес-жоспарын сәтті қорғап, кәсібін дөңгелету үшін «Даму» қоры арқылы банктен 5 жылға 10 миллион теңге көлеміндегі несиені алып отыр.
Түсінік үшін маңызды деректі еске түсірелік. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерге 20 млн теңгеге дейін кредит беріледі. Бұл жердегі үлкен қолдау – кредит сомасының 85 пайыздық кепілдік мөлшерін мемлекет өзі төлейді. Жастардың кәсіпкерлігін қолдау бағытында, жастарды бизнеске көбірек тарту мақсатында Астана қаласы әкімдігі мен «Даму» қоры іске қосқан «Astana – ZhasStart» бағдарламасына 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер қатыса алады. Тағы бір артықшылығы – кәсіпкер бар-жоғы 7 пайыздық жылдық мөлшерлеме көлемінде несие ала алады екен. Бұл бағдарлама франшиза тартуға, ритейлдік желілерді (супермаркеттер, гипермаркеттер), қоғамдық тамақтану пункттерін дамытуға және модернизациялауға арналған жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Бірақ ешқандай салалық шектеулер де қарастырылмаған.
Мұндай үлкен жеңілдіктерге ие болған астаналық Назгүл Әжібаеваның қуанышында шек жоқ. Жас кәсіпкер комиссия алдында кондитерлік дәмхана ашу жөніндегі жобасын таныстырған. Бұдан үш ай бұрын бұл бастамасы – пісіп жетілмеген идея еді, қазір болашағы бар жеке кәсіпкерлік.
Бизнес хоббиден басталған. Дәмді дастарқан дайындауды жаны сүйетін Назгүл былтыр кондитерлік курсынан өтіп, түрлі тәттіні әзірлеудің сырын меңгерген. Бұл өнерін көршілері жоғары бағалап, торт, тәтті бәліштерге тапсырыс бере бастаған. Кейіннен кейіпкеріміз «Инстаграм» әлеуметтік желісіне тіркеліп, онда өз өнімін жарнамалайды. Тапсырыстың көбейгені сонша, Назгүл бәрін бір өзі жасауға үлгермейді. Содан оған кулинария ашу туралы ой келеді. «Бір күні теледидардан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ұсынатын жеңілдетілген несие туралы роликті көріп қалдым. «Қай жерде саламын деп ғимаратты жалға алмаймыз. Бос пәтерім бар. Соған ремонт жасап, кафе етейік» деген ұсыныс айттым отбасы жиналысында» дейді ол. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, идеясын түсіндірген соң, мамандармен бизнес-жоспар жазуға көшеді.
– Бизнес-жоба бойынша жетекшім Назгүл Қарашаш бес жылдық салығымды есептеп берді. Шығынға батпас үшін күніне 73 бәліш сату керектігін айтты. Құрылысшыларды шақыртып, жөндеу жұмыстарының қаншаға шығатынын білдім. Өзіме керек ас жабдықтарын да тауып, бағасы жөнінде келістік. Нәтижесінде кондитерлік кәсіпорын ашуыма 10 миллион теңге керектігі мәлім болды, – дейді Назгүл.
Бұл бизнесті отбасылық деуге де болады. Кәсіпкерліктің иесі 29 жасқа толмаған інісі Жалғас Әжібаев екен. Ол туған әпкесінің бастамасына сеніп, қолдау көрсеткен. Бизнес-жоспарды «Даму» қоры мақұлдап, кепілдік беруге келіскен соң, банк кәсіпкерге несие беру шарттары туралы хат жолдайды. Соңғы әрі шешуші сәт – Өңірлік үйлестіру кеңесінің келісімі.
Жас кәсіпкерлер қалалық әкімдіктегі Өңірлік үйлестіру кеңесінде капкейкке дигустация өткізді. Жобаның тиімділігін дәлелдеп, оң шешімге қол жеткізді.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Амансыздар мен Шыгыс Казакстан Зайсан кпласынан.озимнин шагын бизнесим бар ашык базарда сауда сатам.1жыл 6 ай болды.маган акша керек (кредит) озим кара тизимдемин.ары карай дамытсам деймин кобейтсем тауарымды брак еш бир банк бермейди маган кредит калай істеуіме болады.

Пікір үстеу

Back to top button