Басты ақпарат

Кәсіпкерлер қолдаудан кенде қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында шағын және орта бизнестің тиімділігін арттыруға тапсырма берді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің кәсіпкерлермен кездесуінде билік пен бизнес өкілдерінің алдына қойылып отырған жаңа міндеттер жан-жақты сараланды. Сонымен қатар саладағы түйткілдер сөз болып, бірқатар ұсыныстар айтылды.

ЕКІНШІ ИНДУСТРИАЛДЫ ПАРК АШЫЛАДЫ

– Нұр-Сұлтан қаласының жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі 58,8 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш мемлекетіміз кәсіпкерліктің дамуына қолайлы орта қалыптастырғанын көрсетеді. Қазіргі кезде қаншама кісі өз кәсібін ашты. Елорданың өзінде 124 мыңнан астам адам осы салада тіркелді. Бұл жұмысты әлі де жандандыру керек. Себебі өмір бір орында тұрмайды, бәсекелестік артып келе жатыр. Жаңа мүмкіндіктердің ашылуымен қатар, жаңа сын-қатерлер де алдымыздан шықты, – деді А.Көлгінов.
Ел бойынша 2024-2025 жылдарға дейін шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 40 пайызға жеткізу туралы міндеті тұрғанын еске салған қала басшысы елорда бұл көрсеткіш бойынша әжептәуір алға кеткенін айта келе, мұнымен тоқтамай, істі ілгерілету үшін бірқатар шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді.
– Қаладағы №1 индустриалды парк толып қалды. Қазір біз №2 индустриалды паркті ашу жұмыстарын бастап жатырмыз. Тиісті қаулы қабылданды. Яғни заңдық тұрғыдан құжатқа қол қойылды. Екінші паркке 400 гектардан астам жер бөлінді. Биыл оны ашу бойынша барлық дайындық жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Келесі жылы инженерлік желілер кезең-кезеңімен тартыла бастайды. Себебі 400 гектар аумақты бір жылда игеру мүмкін емес, – деді қала әкімі.

ТАКСИДІҢ ОНЛАЙН ТІЗІМІ НЕ БЕРЕДІ?

Кәсіпкерлердің кезегі келгенде Автөкөлік иелері ассоциациясының төрағасы Медет Құрманов такси саласы бойынша бірқатар ұсыныстарды жеткізді. «Қалада жолаушыларды тасымалдау ісі қарқын алып келе жатыр. Такси өз келбетін қалыптастырды. Бірақ сервис, инвестицияларды тарту және такси қызметіне қатысу бойынша бірқатар түйткілдер бар. Әкімдікте таксимен жұмыс істейтін арнайы бөлім құрылса деген тілегіміз бар. Себебі бұл қызметті реттеу ісі әлі де ескі әдістермен жүргізіліп жатыр. Цифрландыру дәуірінің талаптары басқа болып отыр» деген ол қазіргі кезде такси қызметіне ребрендинг жасалып, соның ішінде көліктер бояуы қызыл және көк түстерден ұлттық өрнектерді қолданумен жасыл мен сары түске ауыстырылып жатқанын жеткізді.
– Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында такси түсінің бірыңғай жүйесіне көшіп жатырмыз. Мемлекетіміз туризмді дамытуды қолға алды. Ұлттық өрнектерді мәдениетімізді таныту мақсатында қостық. Ал жасыл мен сары түстер қауіпсіздікке қызмет етеді. Осы түстер көліктер ағынында жақсы көрінеді, – деді М.Құрманов.
Оның айтуынша, такси қызметі мен такси жүргізушілердің онлайн тізімін жасау керек. Бұл тізім осы қыз­метті қадағалауға жол ашады. Себебі бүгіндері ресми тасымалдаушы мен бұл қызметке жолдан қосылғандарды айыру мүмкін болмай қалды. «Индрайвер», «Яндекс», «Астана Такси» секілді такси қызметтері мен көшеде тоқтайтын көліктердің бәрін қазір жолаушылар бір такси деп біледі» деді кәсіпкер.
Қала әкімі қоғамдық көлік жұмысын, соның ішінде такси қызметін реттеуге Астана LRT компаниясының әлеуеті жетіп отырғанын, сондықтан әкімдік жанынан арнайы бөлім ашудың қажеттілігі жоқ екенін айтты. «Қазіргі кезде құрылымдарды қысқартуға тапсырма берілді. Әртүрлі қызметтерді оңтайландырып, басшыларды азайтып, нақты жұмыстарды атқаратын адамдарды көбейтуіміз керек. Сондықтан таксимен айналысатын арнайы бөлім аша алмаймыз» деген А.Көлгінов такси қызметі мен такси жүргізушілердің онлайн тізімін жасау ұсынысын қолдайтынын айтты.
– Қазір цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Көлік жүргізушілерінің де түр-түрі бар. Осы істе ең бастысы қауіпсіздікті ойлауымыз керек. Такси бойынша барлық мәліметтер бір тізімде орналасуы тиіс. Бұл жұмыспен орынбасарым Малика Ерланқызы айналысады. Қалғанын Астана LRT реттейді, – деді қала басшысы.

ИГЕРІЛМЕГЕН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІҚАЙТАРЫЛАДЫ

Кәсіпкерлік жөніндегі өңірлік кеңес мүшесі Абзал Сағымбаев құрылыс салушылар есебінен салынған инженерлік желілер және аукцион арқылы жалға берілетін жер телімдерін игеру мәселелерін көтерді.
– Біз бұл мәселелер бо­йынша көмектесеміз. Бірақ алыпсатарлықтың болмауын қадағалаймыз. Себебі кейбір кәсіпкерлер әдейі жер телімдерін игермейді. Олар ке­йіннен қымбатқа сатамыз деп ойлайды. Мұндай әрекеттерді бірден тыю керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы мәселеге назар аударды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да жер телімдерін игеру мәселесі талқыланды. Шөп қорыған иттің жағдайына жеткізбей, «маған да жоқ, өзгеге де жоқ» деген ниет болмау керек.

Екі-үш немесе бес жылдан бері игерілмеген жер телімдерін қайтарамыз. Осындай жерлерді игеретіндерге жағдай туғызуымыз қажет. Енді индустриалды паркте жер телімдері жалға ұзақ мерзімге берілмейді. Ең көбі бір-екі жылға ғана береміз. Игерілмесе, кері қайтарамыз, – деді А.Көлгінов.

ТУРИСТІК ХАБТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің мүшесі Қанат Елеусізов елорда туризмін дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарды жеткізді. Оның айтуынша, тиісті заңнамаға сәйкес шетелдік компанияларға елімізде туризммен айналысуға рұқсат берілген. Олар өздерінің автобустарымен, өздерінің гидтерімен елордаға келеді.
– Біз туралы ақпаратты олар ғаламтордан алады. Олардың не жайлы айтатындары күмән тудырады. Бұл жерде мәселе ақпараттық қауіпсіздікке барып тіреледі. Жергілікті жерде туризмді қолға мықтап алу керек. Бірақ қазір туристік автобустар мен гидтер жағынан тапшылықты сезініп отырмыз. Қала әкімдігі жанындағы алаңда «Алматы визит» сияқты туристік хаб құруды ұсынамын. Сол жерде туристерді ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп, ол аумақта автобустар, гидтер, қолөнершілер отыруы керек. Себебі Нұр-Сұлтан қаласының тарихы сол аумақтан басталады. Кешегі Ақмола мен Целиноградтың іздері сол жерде сайрап жатыр. Экскурсиялар осы жерден өрбуі тиіс. Ресейлік туристер алаңға келгенде, біздің автобустарға отырулары керек. Қазір экономикалық тұрғыдан ұтылып жатырмыз. Себебі туризмнен түсетін қаржының көбі Ресейге кетіп жатыр. Осы елмен қатар Қырғызстан және Өзбекстанның туристері елімізге көп келеді. Әрине, оларға сол елдердің туристік компания­лары қызмет көрсетеді. Өз гидтерімізді оқытуымыз да қажет. Туристік бағытты жасауға ғалымдар тартылуы тиіс. Себебі қазір әртүрлі ақпарат беріліп жатыр. Ресейдің, қыр­ғыздың, өзбектің, қытайдың туристік компаниялары тарататын ақпаратта бірізділік жоқ. Өзіміздің компаниялар ақпаратында да ала-құлалық кездеседі. Мәселен, қазақтың шығу тегі туралы әртүрлі ақпарат айтылады. Біреулер мұны Жәнібек пен Керей хандардан бастап таратады. Біреулер ғұндардан шығарады. Енді біреулер қазақтар Алтай жақтан шықты дейді. Сондықтан әкімдікпен бірге бір жүйеге түскен ақпаратты дайындауымыз керек. Бастысы, қалада туризмді жүргізудің ережелері мен стандарттары әзірленуі қажет. Екпінді бұқаралық туризмге емес, сапалы туризмге қою керек. Бұқаралық туризм қанша турист келіп кеткені жайлы статистиканы ғана береді. Ал сапалы туризм қаржы әкеледі. Елорда бұл бизнесті қалай жүргізу керектігін бүкіл елге көрсетуі тиіс. Себебі ішкі нарықты әлі қорғай алмай отырмыз. Тур­операторларымыздың әлеуе­ті төмен. Осылай кете берсе, шетелдік компаниялар бүкіл нарықты жаулап, өзіміз далада қаламыз, – деген Қ.Елеусізов Қытай және Испания елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді.
Онымен толығымен ке­ліскен қала басшысы туристік хаб құру мәселесі қаралатынын жеткізді. «Жақында Президент елордада туризм университеті құрылатынын айтты. Қазір біз тиісті ғимаратты дайындап қойдық. Туризм секторына жақсы инвестицияларды тартуға болады. Бұл мәселені бірігіп ақылдасайық. Ережелер мен стандарттар сөзсіз болуы керек. Елордада туризммен «Астана Конвеншн Бюро» компаниясы айналысады. Біз қолдау көрсетеміз» деген қала басшысы қазір елордада үлкен халықаралық шаралар өтіп жатқанын, бұл туризмді дамытуға үлкен септігін тигізетінін айтты.
Сонымен қатар кездесуде әйелдер кәсіпкерлігін, боулинг пен киберспортты дамыту, автопарктерге субсидия бөлу мәселелері қозғалды. Қала басшысы кәсіпкерлермен осындай кездесулер жиі ұйымдастырылатынын айтып, жүздесу соңында оларды жеке-жеке қабылдады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button