Қала мен Сала

«Кәсіпкерлер үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты жүзеге асырылуда

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 қыркү­йектегі №407 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ агенттіктің бөлімшелері, яғни аумақтық департаменттер құрылғаны белгілі. Құрылым жұмысы туралы газет тілшісінің сұрақтарына ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Абзал Әбдікәрімов жауап берді.

– Агенттік құрылғалы 3 айдан асты, осы кезеңде атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.
– Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті өз құзыреті шегінде тиiстi тауар нарықтарында бәсекелестiктi қорғау және монополистік қызметтi шектеу саласында басшылықты, сондай-ақ тауар биржалары саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Департаменттің негізгі міндеттері болып нарық субъектілерінің экономикалық тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру, жолын кесу болып табылады.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету болса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бастамасымен Президенттің кәсіпкерлікті дамыту, кедергілерді анықтау және алға қойған тапсырмаларды шешу жолындағы жұмыстың транспаренттілігі туралы қабылданған декларация шеңберінде департаментте «Open Space» коммуникацияның жаңа құралы ретінде енгізілді.
Монополияға қарсы органның ақпараттық ашықтық деңгейін арттыру, қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында халықпен бірлесіп талқылау мен қарауды көздейтін «Open Space» ашық офисі әр аптаның жұма күні кәсіпкерлікті дамыту және нарықтағы кедергілер төңірегінде субъектілермен тұрақты талқылау өткізуде.
– Департамент жұмысына пандемия жағдайы қалайша әсер етті, қандай шешімдер қабылданды?
– Департаменттің алғашқы жұмысы қоғамды толғандырған «COVID-19» ПТР тестін өткізу бағасының тым жоғары екендігіне егжей-тегжейлі талдау жасап, тест бағасының өзіндік құнынан жоғары екендігін анықтап, нәтижесінде №2 көпсалалы қалалық ауруханасы, №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы және көпсалалы медицина орталығы, «Мейірім» медицина орталығы, «BIO Lab» лабораториясы және «University Medical Center» ЖШС-пен монополияға қарсы комплаенс актісіне қол қойылып, «COVID-19» ПТР тест қызметінің бағасы 19000-нан 8500 теңгеге дейін төмендетілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәрілік препараттардың бағасын төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында агенттік Денсау­лық сақтау министрлігімен бірлесіп, өңірлік департаменттер медициналық зертхана талдамаларының барлық түрінің өзіндік құнын анықтау бо­йынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, бетпердені бөлшек саудада өткізу баға нарығына талдау жасалып, «Гиппократ» МФК» ЖШС, «SALAMAT» ЖШС, «MediLab» ЖШС, «Максима-Фарм» ЖШС, «Частная аптека 99» ЖШС-пен монополияға қарсы комплаенс актісіне қол қо­йылып, бетперде бағасын 50 тг-ден 25-ке, «Феникс» 40 тг-ден 25-ке дейін төмендетілді.
– Кәсіпкерлікті қорғау және қолдау бойынша қандай шаралар жүргізілді?
– «Open Space» ашық офисі шеңберінде мемлекеттік, квазимемлекеттік сатып алуға қолжетімділікті шектеуге, субсидиялау мен бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетудің тең емес шарттарына, монополистер желілеріне қосудан және энергия ресурстарын сатудан негізсіз бас тартуға, қызмет операторлары тарапынан тұтынушылардың құқықтарын бұзуға және бәсекелестікті өзге де шектеуге байланысты проблемалар, шағымдар, мәселелер талқыланып, өзекті мәселелер «кедергілер картасына» енгізіліп, оны шешу бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда.
Бүгінде департаментпен тұрғын үй және коммуналдық салада: «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру барысында құқыққа сыйымсыз артықшылықтар алатын жосықсыз нарық субъек­тілерімен күрес», «Елордадағы жалғыз электр энергиясын өндірушінің энергия ресурс­тарына қолжетімділікті шектеу», «Лифт және домофон қызметтері нарығындағы кедергілер мен проблемалық мәселелер», көлік саласында «Жолаушыларды тасымалдау нарығындағы субсидиялардың бөлінуі», медицина саласында «ЖҚҚ, ПТР-диагностика және дәрілік заттар нарығында баға белгілеу», «Медициналық бетперделерді бөлшек саудада өткізу нарығында бәсекелестікті шектеу белгілері», отын-энергетика саласында «Сұйытылған мұнай газ нарығындағы бәсекелестікті дамытудың кедергілерін талқылау», «Көмірді көтерме және бөлшек саудада өткіз» тақырыптарында кәсіпкерлік субъек­тілермен, қоғамдық ұйымдар мен тиісті сала органдарының қатысуымен ашық талқылаулар өткізілуде.
Өткізілген шараларда кәсіпкерлікті дамытуда заңнамалық, әкімшілік кедергілер анықталып, талқылауда көтерілген әрбір мәселе төңірегінде жіті талдау жасалып, заңнамалық тұрғыдан шешілмеген мәселелер «Кедергілер картасына» түсіріліп, департамент жанынан құрылған «Тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңес» қарауына ұсынылып, шешу жолдары қаралып, агенттіктің және тиісті органдардың шешім қабылдау үшін жолдануда.
– Бәсекелі нарықтық экономиканы қалыптастыруға және дамытуға қандай кедергілер болады, ал оларды анықтау бойынша қандай шаралар атқарылады?
Кеңес әкімшілік, экономикалық және өзге де кедергілерді анықтау мен жою, сондай-ақ бәсекелі нарықтық экономиканы қалыптастыру мақсатында құрылды. Кеңес құрамы өз саласында жетістікке жеткен белсенді азаматтар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдерінен құралған.
Департаментке кәсіпкерлер тарапынан түсіп жатқан кедергілер жөніндегі шағымдардың басым бөлігі коммуналдық, отын энергетикасы және медицина саласында болып отыр. Олар:
1. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі суды есепке алу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларында апробациядан өту бойынша қандай да бір талаптар белгіленбеген. Кеңес апробациядан өту процесін регламенттеуді және монополияға қарсы органмен ­комплаенстің сыртқы актісіне қол қою арқылы, суды есепке алу аспаптарын коммерциялық есепке алу критерийлерін әзірлеуді ұсынып, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде.
2. Көмір өндіруші кәсіпорындар биржада бір лотта 100 мыңнан 500 мың тоннаға дейін көмір шығарады, бөлшек сауда субъектілерінде көмірдің осындай үлкен көлемін сатып алуға және сақтауға мүмкіндік жоқ. Бұл өз кезегінде нарықтағы бәсекелестік позицияны шектейді. Кеңеспен көмірді сату биржасында ең төмен және ең жоғары шекті көлемді бекітуді заңдас­тыру шешілді.
3. Медициналық бетперделерді өндіру және өткізуде мемлекеттік стандарттың жоқтығы өндірушілерге кері әсерін тигізуде. Яғни қорғану (шаң-тозаңнан қорғану) және вирусқа қарсы бетперделердің бағасы және өзіндік құны екі түрлі болғанмен, мемлекеттік сатып алуда бұл талаптар көрсетілмегендіктен, импорттан келген қорғану маскаларын (ол вирусқа қарсы емес) жеткізуші алыпсатарлар, бастысы адам денсаулығына және отандық өндіріске кері әсерін тигізуде. Сондықтан медициналық және қорғану маскаларына стандарт бекіту.
Департамент «Zoom» бейнеконференц байланысы арқылы әр аптаның жұма күні нарық субъектілерімен кәсіпкерлік шектеу немесе дамыту бойынша түрлі тақырыпта ашық талқылау өткізуде. Агенттік бекіткен өтініш формасына сәйкес әрбір субъектінің мәселесін қарауға дайын. Әрине, бұл дегеніміз – жалғыз кәсіпкердің жеке өз мәселесі емес, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болып отырған жүйелі қордаланған мәселелерді шешу, монополистік қызметті шектеу, әкімшілік кедергілерді шешіп, елордамызда кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге департамент дайын екендігі.
Алдағы уақытта әрбір салаға талдау жасап, кедергілерді анықтап, салада туындаған мәселелерді шешуде көптеген жұмыстар атқару жоспарлануда.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button