Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге – 2 млрд теңге

Кеше  Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын іске асыру бағытында ынтымақтастық орнату туралы  Меморандумға қол қойды. 

Меморандум аясында әкімдік пен «Даму» қоры шағын және орта бизнес саласында стартап-жобаларды қолдау жөніндегі жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млрд. теңге (әрқайсысы 1 млрд. теңгеден) бөлмек. Қаржы екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Қаржылық қолдау көрсету кезінде ешқандай салалық шектеу қойылмайды екен. Бұл жаңа Меморандумға Астана қаласы әкімдігінің және «Атамекен» Ұлттық Палатасының елор­далық шағын және орта бизнесті қаржыландыру туралы алдын ала келісімі аясында қол жеткізілді.

Қалада кәсіпкерлік ортаны жетіл­діру бойынша барлық қажетті жағ­дайлар жасалған. Сондай-ақ, мем­ле­кеттік-жеке меншік әріптестік ұстанымдарымен бизнес-климатты жақ­­­сарту бойынша тұрақты жұмыстар жүр­гізілуде. Бүгінгі күні Астананың ЖӨӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 61 пайызға жеткен. Бұл респуб­ликалық көрсеткіштен үш есеге артық. Астана несиелерді кепілдендіру бойынша республикада бірінші орында, субсидиялаудан екінші орында тұр. Сонымен қатар, кәсіпкерлік секторында салықтар есебінен түсетін түсімдер де оң нәтижесін беруде. Қазіргі кезде жергілікті бюджетке түсетін салықтың 65%-ы елордалық шағын және орта бизнестің үлесінде.

Шағын және орта бизнес саласында стартап-жобаларды қолдау идеясын Астана қаласының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген ІІІ Жыл сайынғы конференциясында елорда басшысы ұсынған болатын. Жаңа бағдарламаға, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі экономиканың басымды салаларының тізіміне енбеген кәсіпкерлерге ұсынылады. Несиенің ең көп сомасы –50 млн теңгеге дейін. Ал сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7,9 пайыз шамасында, несие мерзімі – 7 жылға есептелген. Жобаларды іріктеуді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырмақшы.

Айта кетейік, қазіргі кезде елордада шағын және орта бизнеске қосымша қолдау көрсету және дамыту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп 29 жасқа дейінгілер қатыса алатын жастар кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы мен сауда саласын мақсатты несиелеу бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар аясында қаржыны игеру 100 пайызды көрсеткен, оларды жүзеге асыру жұмыстары одан әрі жалғаспақ.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button