Басты ақпарат

Кәсіпкерлерге қандай жағдай жасалған?

Елордада азық-түлік бағасы өсе ме? Нұр-Сұлтан қаласында туризм саласы қалай дамуда? Кәсіпкерлерге нақты қандай көмек көрсетілуде? Осы және қала тұрғындарын толғандырған өзге де сұрақтарға «El-Orda» YouTube-каналында Нұр-Сұлтан қаласы Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан БАЛТАЕВ арнайы сұхбат берді.

[smartslider3 slider=2956]

– Ержан Талғатұлы, әңгі­мемізді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын мазалайтын маңызды сұрақтан бастасақ. Азық-түлік мәселесі, халықтың көбі бағаның өсуіне наразы. Бизнес құлдырап жатыр. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылуда?

– Иә, әрине, азық-түлік мәселесі – қазір өте күрделі мәселе. Бұл – тек Нұр-Сұлтан қаласы немесе Қазақстан ғана емес, бүкіл дүние жүзін толғандырып отырған сұрақтардың бірі. БҰҰ-ның ауылшаруашылық өнімдері бойынша ұйымының зерттемесіне сәйкес, соңғы бір жылдың ішінде азық-түліктің бағасы дүние жүзінде 34 пайызға дейін, соңғы наурыз айының өзінде ол былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға өскен. Демек, бұл – әлемде болып жатқан күрделі мәселе.

Зерттеулерге сүйенсек, бұған басты себеп пандемия болып отыр. Дүниені дүр сілкінткен індет кезінде өнім өндіретін көптеген фабрика, зауыттардың тоқтап, жолдардың жабылып қалғаны белгілі. Салдарынан қаншама қаражат желге ұшып, шығын көбейді. Бұл – бірінші мәселе.

Екінші мәселе – Ресей мен Украина арасында болып жатқан қазіргі жағдай. Өздеріңіз білесіздер, біз импорттың шамамен 50 пайызын осы Ресей арқылы алып келеміз. Ресей мен Украина – бидай, күнбағыс майы өнімдерін экспорттайтын ірі мемлекет. Сонымен бірге былтырғы табиғи құбылыстар, қуаңшылық проблемаларының негізінде елімізде азық-түлік бағасы көтеріліп жатыр.

Ішкі жағдайға тоқталсақ, бізде әлеуметтік, яғни күнделікті тұрмысқа аса қажетті азық-түліктің 19 түрі бар. Оның 90 пайызға жуығын Қазақстан өзі өндіріп, өзін қамтамасыз ете алады. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылға дейінгі азық-түлікпен қамтамасыз етудің жоспарын жасады. Соған сәйкес, 2025 жылға дейін азық-түліктің 18 түрі бойынша, соның ішінде қантпен өзімізді 80 пайызға қамтамасыз ету мақсаты қойылып отыр.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлер 6 пайыз мөлшермен несие ала алады. Ол үшін кепіл ретінде Үкімет тарапынан «Даму» қорынан бизнесін жаңадан бастауға қосымша 85 пайызға дейін, бұрынғы бизнесіне 50 пайызға дейін кепіл беріледі. Тағы бір қаржылай бағдарлама бар. Ол – «Астана-бизнес». Бұл бағдарламаның шеңберінде «Даму» ұйымымен бірлесіп жаңа бизнес жобаға 8,5 пайызбен 50 млн теңге, ал бұрыннан келе жақан бизнес­ке 100 млн теңге алуға болады

– Осы жоспарлардан шаршаған жоқпыз ба, орындала ма бұл жоспарлар?

– Әрине, біз бұл мәселені қарастырдық. Ең бастысы өндірісті көбейту керек. Бұл ретте екі жақты: тез қолжетімді, оперативті және жүйелі түрде жұмыс істеуге болады. Жүйелі түрде жұмыс жүргізу үшін азық-түлік өнімдерін молайтуға, яғни фабрикалар мен зауыттарды көбейтуге басымдық беріледі. Қазірдің өзінде біз Ауыл шаруа­шылығы министрлігімен бірлесіп «Жол картасы» бойынша 8 жоба дайындап, соның негізінде биыл екі зауыт іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек басқа да жобалар жүзеге асырылып жатыр.

– Сегіз жобаға тоқталсаңыз, олар қандай жобалар?

– Бұл – екі жылыжай. Онда қияр мен қызанақ және тұрғындардың сұранысына ие әртүрлі көкөністер өседі. Сонымен бірге тәулігіне 100 л сүт өндіретін зауыт, азық-түлік қоймасы, жеміс-жидек қоймасы, нан шығаратын зауыт, кондитерлік зауыт бар.

– Ержан Талғатұлы, Нұр-Сұлтан қаласы ешқандай саяси жағдайға тәуелді болмай, елорда тұрғындарын нақты қанша уақыттан кейін сол өнімдерімен қамтамасыз ете алады?

– Бұл ретте айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласы ауылшаруашылық өңір емес, бұл – қала. Сондықтан біз, әрине, міндетті түрде өзімізбен шекаралас облыстарға тәуелді боламыз. Соған қарамастан, қазіргі таңда әлеуметтік 19 тауардың үшеуі бойынша біз өзімізді-өзіміз қамтамасыз ете аламыз. Атап айтсақ, ол – нан, сүттің кейбір түрі және макарон өнімдері. Ал картоп пен сәбіз секілді өнімдерді өзімізде өндіру, әрине, екіталай. Өйткені бізде оны өсіретін жер жоқ. Сондықтан биыл қала тұрғындарын күнделікті тұрмысқа аса қажетті тауарлармен қамтамасыз ету және әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бюджеттен 14 млрд теңге бөлініп, қазіргі күні ол игеріліп жатыр.

Әлбетте, бұл қаражат елордалықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз, ол үшін, біздің есебімізше, 200 млрд-тан астам ақша керек. Оның үстіне нарық жағдайында толықтай жоспарлы экономикаға өту мүмкін емес. Дегенмен бұл қаржы азық-түліктің кейбір нысандары бойынша үш-бес айлық тұтынатын өнімнің 30 пайызымен қамтамасыз ету жоспарын орындау үшін бөлінген. Мәселен, қазіргі таңда «Магнум» дүкендер желісімен 2,5 млрд теңгеге шарт құрып, әлеуметтік азық-түліктің 19 түрі бойынша бағаны тұрақтандырдық. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Магнумның» 59 дүкені бар. Елорда тұрғындары өздеріне қажетті тауардың 19 түрін сол жерлерден тұрақтандырылған бағамен сатып ала алады. Одан бөлек, Ақмола облысындағы тауар өндірушілердің бірлесуімен ашылған «Ақмол» кооперативті дүкендерде де кейбір азық-түлік арзанырақ. Сонымен бірге біз тауар өндірушілермен, атап айтсақ, Павлодардағы және Ақмола облысындағы картоп, сәбіз, пияз өсіретін тауар өндірушілермен тікелей шарт жасасып, бағасын бекітудеміз. Оларды қаладағы 140 дүкенде сату көзделуде.

Жылдағы дәстүр бойынша биыл өнімдер шыққан бойда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін өткізуді жалғастырамыз. Қуантарлығы, облыстар қатары жыл өткен сайын көбеюде. Мәселен, өткен жылы осындай жәрмеңкеге 14 өңірден тауар өндірушілер келсе, биыл 17 облыс жәрмеңкеге қатысуды жоспарлап отыр.

– Жалпы жәрмеңкелерді кім ұйымдастырады? Оған қатысушылар кімнің қаржысына келеді?

– Жәрмеңкеге әр облыс өз өнімін Нұр-Сұлтан қаласының үлкен нарығына таныстыру үшін және әр тауар өндіруші өз қаражаты есебінен келеді. Әрине, бұл кейбіреулерге табыс алып келеді және керісінше болуы да мүмкін. Маркетингтік және имидждік тұрғыдан қарайтын болсақ, жәрмеңкеден кейін халық ол тауар туралы біле бастайды. Содан кейін олар дүкендер желісі арқылы немесе базарларға шығарып сатуға мүмкіндік алады.

– «Астана ақшамы» газеті арқылы елорда тұрғындары арасында «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеу мүмкін бе?» деген сауалнама ұйымдастырылған болатын. Осы сауалға жауап бергендердің 63 пайызы «Белгілі бір шаралар қабылданғанмен, нарықтағы бағалар бәрін өзі-ақ айқындап тұр» деп жауап беріпті. Осы пікірмен келісесіз бе?

– Келісуге болады ғой, әрине.

– Тағам өнімдеріне баға әлі де өсе ме, өспей ме?

– Менің ойымша, өсім – бұл табиғи құбылыс. Жылдағы инфляция бар, жанар-жағармайдың қымбаттауы – бәрі оған әсер етеді. Бұл, жоғарыда айтқанымдай, дүние жүзінде болып жатқан құбылыс. Иә, бәрі қымбаттап жатыр, бұл заңды да. Дегенмен ең бастысы өндірістің көлемін кеңейту керек. Сонда ғана сапа болады, сонда ғана әділ бағаның орнауын қамтамасыз ете аламыз. Жалпы БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы мәселелерімен айналысатын ұйымының зерттеулеріне сәйкес, Қазақстан – азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша әлеуеті ең үлкен ел. Елімізде соған қажетті реформалар жүргізіліп жатыр. Дегенмен бөлінген қаражат екінің бірінің қолына жете бермейді. Сондай-ақ тауар өндірушілер өз өнімдерін уақытылы сата алмайды. Фермерлер ондай жұмыстармен айналысуға тиіс емес. Сондықтан алдымен өнім өндірушілерге қолайлы жағдай жасау керекпіз.

– Бір басқармада бірнеше мәселені, атап айтсақ, инвестиция, кәсіпкерлік және туризм саласына қатысты мәселелерді қатар алып жүру қиын емес пе?

– Қазір бір саламен шектеліп қалуға болмайды, барлық саланы бірдей меңгеруге, әмбебап болуға тырысу керек. Әрине, бұл ретте бір салаға көбірек көңіл бөлініп, екіншісіне, керісінше, көп көңіл бөлінбей қалуы мүмкін. Иә, еліміздің кейбір өңірінде біздің бір басқарма атқаратын міндеттер бірнеше басқармаға бөлініп берілген. Дегенмен біздің басқармаға қарасты мекемелер бар. Олар жұмысымыздың ауырлығын сездірмейді. Мәселен, «Астана-Инвест» ұйымы қазір қалада инвесторлардың мәселелерін шешумен айналысады.

– Елордада туризм саласы қалай дамып келеді?

– Жасыратыны жоқ, COVID-19 кезеңінде бүкіл әлемде туристер саны азайды. Алайда пандемия Қазақстанда осы саланы дамытуда жақсы перспективалар бар екенін көрсетті.

Бізде ішкі туристер саны артты. Әрине, бұл бізді қуантады, дегенмен одан әрі даму керек. Бізде осы бағытты дамыту үшін барлық перспективалар бар. Нұр-Сұлтан қаласы – бизнес-туризм және MICE-туризм ретінде тартымды қала.

– Қала кәсіпкерлерін қолдау мақсатында елордада қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

– Елордада бизнесті қолдау мақсатында екі арнайы экономикалық аймақ бар. Олар: «Астана – жаңа қала» және «Астана-технополис». Қаламыздың сол жақ жағалауы түгелдей дерлік осы «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағының территориясына кіреді. Осы жердегі барлық құрылыс нысандары сол экономикалық аймақтың жеңілдіктерін пайдалану арқылы салынуда. Одан бөлек, индустриялық аймақ бар. Ол жерде қазіргі таңда 90-нан астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың 54-і іске қосылған.

Шағын және орта бизнес туралы айтсақ, бастапқы бизнес-идеяларға былтыр 318 млн теңгеге 68 грант берілсе, биыл жоспар бойынша 345 млн теңге қарастырылған. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда биыл өтініштердің өте көп түскенін ескере отырып, қала әкімінің қолдауымен қосымша 300 млн теңге қаражат бөлінетін болды. Жалпы жаңа бизнесті қолдау мақсатында биыл 1800-ге жуық өтініш келіп түскен болатын, соның 981-і іріктелді, конкурс қорытындысы бойынша 150 адамға дейін грант алу мүмкіндігі бар.

Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлер 6 пайыз мөлшермен несие ала алады. Ол үшін кепіл ретінде Үкімет тарапынан «Даму» қорынан бизнесін жаңадан бастауға қосымша 85 пайызға дейін, бұрынғы бизнесіне 50 пайызға дейін кепіл беріледі. Тағы бір қаржылай бағдарлама бар. Ол – «Астана-бизнес». Бұл бағдарламаның шеңберінде «Даму» ұйымымен бірлесіп, жаңа бизнес жобаға 8,5 пайызбен 50 млн теңге, ал бұрыннан келе жатқан бизнеске 100 млн теңге алуға болады.

– Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы не айтасыз, олар басқа кәсіпкерлер секілді салықтан босатыла ма, оларға қандай қолдау көрсетіледі?

– Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлікке көп көңіл бөлініп отыр. Былтырдан бастап «әлеуметтік кәсіпкер» деген жаңа термин заңға енгізілді. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, оның төрт санаты бар. Заңда көрсетілгендей, ол – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алатын, сондай-ақ халықтың әлсіз топтарына керекті заттарды өндірумен немесе олардың тауарларын сатып алумен айналысатын ұйым. Соған сәйкес, қазіргі таңда ҚР Экономика министрлігімен қағидалар қабылданды.

– «Көшедегі 1000 орын» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр, кәсіпкерлер өз орнын таңдай ала ма?

– «1000 орын» деген жобамыз бар. Оның операторы – «СПК-Астана». Қазір біз осы бағдарламаны қайта қарап жатырмыз. Заман талабына сәйкес, көлеңкелі экономикамен күрес, субаренда, салық мәселелеріне байланысты жаңадан ұстаным қоямыз деген ойдамыз. Егер де сіз тұтынушы ретінде қандай да бір құқықтық шектеулерге тап болсаңыз, онда ҚР Экономика министрлігінің тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне шағымдана аласыз.

– Ол үшін менің қолымда қандай құжат болу керек?

– Міндетті түрде арызыңыз болу керек. Соның негізінде және қолыңыздағы басқа да құжаттар болса, оларды да көрсеткеннен кейін тұтынушылар құқығы қорғау департаментіндегілер сіздің өтінішіңізді қарайтын болады.

 Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button