Қала мен СалаЭкономика

КӘСІПКЕРЛІККЕ КӨМЕК ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРАДЫ

0ab8060efa45247e6187cbbf0322b47c

Өткен апта соңында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына арналған қос брифинг өтті. Оның алғашқысына «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламент мәжілісіндегі фракция жетекшісі Азат Перуашев, екіншісіне Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Абылай Мырзахметов қатысты.

«Мемлекет өміріндегі көптен бері шешімін таппай келе жатқан сұрақтарға жауапты біз Елбасының жаңа Жолдауынан тауып отырмыз. Және бұл жауаптар «Ақ жол» пар­тиясының ұстанымына өте жа­қын. Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған жаңа экономикалық саясат уақыт талабына сәйкес келіп отыр. Ол бағдарлама көмегімен қазіргі туындап жатқан қиындықтарды жеңеміз деп сенемін» деп сөзін бастаған Азат Перуашев Жолдауда айтыл­ған ойларға жалпақ әлем қызығып отырғанын жеткізді. Дәлел ретінде өзіне Мәскеуден журналистер хабарласып, Жолдауға қатысты көзқа­расын білгісі келгенін алға тартты.

Елбасының көрегендігіне тоқ­талған депутат 2008-2009 жылдары әлемдік дағдарыс кезінде бүкіл әлем «шықпа, жаным, шықпа» деп отыр­ғанда, Мемлекет басшысы, кері­сінше, елдің алға ілгерілеуін ойлап, Үдемелі индустриялық даму бағдар­ламасын іске қосып, экономиканы жаңғыртуға тапсырма бергенін атап өтті.

Елбасы «Нұрлы жол» бағдар­ла­масында басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын қолдауды қажет етіп отырған бес бағытқа бөлу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Азат Перуашевтың пікірінше, бөлінетін қаржының жұмсалуын қадағалайтын комиссия құру керек. Оның құрамына Парламенттегі партиялардың барлық фракциялары өкілдері енгені жөн. Ол қаржының бейберекет шашылмауын, нақты мақсатты істерге бағытталуын ба­қылауға алу үшін керек.

Сондай-ақ, депутат мораторийге қатысты өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, мораторий тиісті заңнамаларды реттеу мақсатында жарияланады. Мораторий бизнесті алаңсыз жүргізуге мүмкіндік береді деген ақиқатты атап өткен ол аталмыш шараның созылуымен келіс­пейтінін жеткізді. «Мемлекет пен қоғам тарапынан кәсіпкерлікке қо­йылатын талаптар мен тиісті заңдар бар. Кәсіпкерлер осы талаптарды орындап, заңды бұзбаулары керек» деді Азат Перуашев.

«Ел экономикасының даму ісінде отандық кәсіпкерлер орасан рөл атқарады. Ал, Елбасының Жолдауында әлемде туындап жат­қан қиындықтарға қарамай, кәсіп­­кер­лерге мемлекет тарапынан қо­мақты қаржы бөлінетіні айтылды. Бұл – бизнес өкілдеріне деген үлкен көмек. Сондықтан, кәсіпкерлер Жол­дауды қолдайды» деді өз сөзінің әлқиссасында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Осыдан кейін ол Жолдаудағы кә­сіпкерлерге жүктелген міндеттерге тоқталды. Оның сөзінен ең басты міндеттер ретінде әлемдік дағдарыс жағдайында экономикамыздың қарқынына қарқын қосу, қоғамның кәсіпкерлерге деген сенімін әлсіретіп алмау, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті ұмытпау секілді мәселелер белгіленгені айқындалды. Сондай-ақ, экспорт көлемін арттыруды да көздеп жатқандарын айтты.

Сонымен қатар, Палата төраға­сының сөзінше, мораторийге қара­май, кәсіпкерлік істің дамуына кедергі келтіретін шенеуніктер кездеседі. Өңірлерді аралау барысында осындай келеңсіз жағдайларға жолыққандарын айтып өткен ол осылай созыла беретін болса, еш­теңеге қарамай олардың аттарын жария қылуды ұйғарғандарын жеткізді. Алайда, бизнесті дөңге­летуге тосқауыл болатын жағдай­ларды сырттан іздемей, ішкі жағ­дай­ларды да назарда ұстаудың ма­ңызы үлкендігін атап өтті. Соның ішінде кәсіпкерлердің таза бизнес жүргізгені мемлекетке де, өздеріне де тиімді болатынына тоқталды.

СҮБЕЛІ СӨЗ

talgat_ermegiyaevТалғат ЕРМЕГИЯЕВ,  «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

Әлем алдындағы маңызды уақиға

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған ке­зек­ті Жолдауында мемлеке­ті­міздің «Нұрлы жол» жаңа эко­но­микалық саясатын жария етті. Бұл бағдарлама еліміздің барлық саласындағы ахуалдардың өр­кендей түсуіне үлкен жол ашары сөзсіз.

Осы жаңа экономикалық бағ­дарлама аясында елорданы елі­міздің әр аймағымен байланыс­ты­ратын алып торапты жетілдіру шарасы жоспарланған. Атап айтқанда, әуе, автокөлік, темір жолдарды жақсарту, индустрия, энергетика, шағын және орта бизнес, әлеуметтік салалар, тұрғын үй инфрақұрылымы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын модернизациялау бағыт­тары қамтылған.

Президент Жолдауында «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізу барысына да ерекше назар аударды. Әлбетте, бұл – тарихта кез келген елдің маңдайына бұйыра бермейтін ұлттық жоба. Сондықтан, бұл «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының мойнына үлкен жауапкершілік жүктеп, аянбай тер төгуді қажет етеді.

Көрме кезінде екі  миллионнан астам қатысушы болады деп күтіліп отыр.  Демек, елорда әуежайында жаңа терминал салу, ұшып-қону жолағын жөндеу, сол сияқты жаңа темір жол вокзалының құрылысы осы жоспарларымызды еркін жүзеге асыруымызға мүмкіндік береді.

«ЭКСПО-2017»  іс-шарасы еліміздің айнасы, бет-бейнесі де­сек те болады. Халықтың тұр­мыс-тіршілігінен бастап, ин­фра­­құ­рылымның даму үрдісі әлем­нің назарына ілінеді. Сон­дықтан, Елбасының Жолдауында Аста­наның келбетін жақсарта түсіп, әлемдік деңгейдегі алып шаһар­ға айналдыру туралы тапсырмасы баршамыздың асқан жауапкер­шілігіміз бен ерен еңбек етуімізге тікелей байланысты болмақ.

 

Ерхат ЕсқалиевЕрхат ЕСҚАЛИЕВ, «KAZLOGISTICS» Қазақстанның көлік одағының бас директоры:

Стратегиялық қамқарекетіміздің нұсқаулығы іспеттес

Жолдауда әлемде орын алып жатқан дағдарыс жағдайынан елі­міздің мейлінше зардапсыз шы­ғуы мен шикізаттық тәуел­ді­ліктен арылу жолдары кеңінен қамтылды. Әсіресе, көлік-логис­ти­калық инфрақұрылымның дамуына, Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретінде қалып­тасу мәселесіне айрықша мән берілді. Бұл саладағы ауқымды жоба­лардың біразы қазірдің өзінде еңсе­ріліп тастағанын айта кетуіміз керек.

Үкімет 2020 жылға дейін көлік инфрақұрылымына 58 млрд доллар инвестиция құймақшы. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа»  халықаралық көлік дәлізінің құрылысына қатысып жатыр. Жаңғырған Жібек жолының 2787 мың шақырымы біздің ел арқылы өтеді. Бұдан бөлек Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана-Ақтөбе, Атырау, Алматы – Өскемен, Қарағанды-Жезқазған – Қызылорда, Атырау-Астрахань жолдары салынады.

Көлік қатынасының көкжиегін кеңейтетін тағы бір жоба – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы эко­­номикалық аймағы. Оның аясында арнайы әуежай, құрғақ жүк порты, Жетіген-Қорғас темір жолы және Ақтау теңіз портымен тікелей жалғанатын автожол пайда болады.

Қорғас өте маңызды халық­ара­лық көлік дәлізі саналатын «Батыс-Шығыс» жолының бойында жатыр, ол одан әрі елдің батысына таман «Шығыс-Оңтүстік» жол тармағына барып қосылады.

Президент атап өткендей, «Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паром өткелі және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал етуі тиіс».

Дүниежүзілік банктің қалып­тасқан пайымынша, халықаралық саудадағы төмен көрсеткіш шы­ғыны көп логистиканың салдарынан болады. Яғни, көлік инфра­құрылымының  нашарлығы ло­гис­тикалық қызмет көрсетудің уа­қытылы орындалуына, бағасына, сапасына теріс әсер етіп, жеме-жемге келгенде сауданың тұра­лауына, сәйкесінше жүк жөнел­тушілердің басқа қолайлы тасымалдау жолын іздестіруіне әкеп соғады.

Сондықтан біздің алдымызда мықты көлік-логистикалық оператор құрумен қатар, осы саладағы халықаралық көшбасшылармен әріптестікті кеңейту, баға және маркетинг саясатын жүргізе отырып көлік-логистика на­рығының инфрақұрылымына ин­вестиция жасау, қызмет көрсе­ту­дің нақты сапа стандарттарын қалыптастыру міндеті тұр.

Жаһандық бәсекелестік жағ­дайында саяси, экономикалық үдерістерді аңдап отырған еліміз өзінің жеке жоспарын жасады. Аталмыш Жолдау, оның аясында жария етілген «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты – осы қам-қарекетіміздің нұсқаулығы іспеттес.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button