Қала тіршілігіЭкономика

Кәсіпкерлікті қалай ашу керек?

Көнеден келе жатқан қағида – адам бұл өмірде ең алдымен өз бойындағы мүмкіндіктерді ашуы керек. Қасиеттен ада, қабілеттен кем адам баласы болмайды. Тек өзін-өзі аша алмай, өз мүмкіндіктерін жете біле алмай кететіндер ғана болуы мүмкін. Ал бұл қағида бизнесте, қазақшалап айтсақ, кәсіпкерлікте ең басты рөл ойнайды. Қандай болмасын істі ашпас бұрын алдымен өзіңізді ашып алғаныңыз абзал. Қабілет-қарымыңыз қай кәсіпке бейім, қандай іс жан-жүрегіңізге жақын, көңіліңіз нені қалайды? Осы тектес сұрақтарға нақты жауап тапқаннан кейін қалаған кәсібіңізді қолға алсаңыз, қалған кеңес бізден болсын. Яғни, жеке кәсіпкерліктің бағыт-бағдарын, істі ұйымдастыруды жоспарлау, арнайы тіркеуге қойып, кәсіпкерлікке рұқсат қағазын алу қалай жүзеге асады, әңгімені содан бастасақ.

Businesswoman looking at team of businesspeople in miniature

– Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікті қолдап, дамытуға мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп отыр. Мәселен Астана қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ елордалық филиалы жұ­мыс жасайды. Оларда кәсібін баста­ғысы келетіндерге арналған арнайы тре­нинг­тер, қысқа оқыту курстары бар. Сол бо­йынша кеңес алғандар өздерінің бизнес жоспарын жасайды. Осы филиалда бизнес-жоспарға жасауға көмек те көрсетіледі, – дейді Астана қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Нұргүл Назарова.
Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамытуға Астана әкімдігі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несиелік және басқа да қаржылық қолдаулар көрсетеді. Жастардың кәсіпкерлігін қолдау бағытында, жастарды бизнес­ке көбірек тарту мақсатында әкімдік «Astana – ZhasStarT» бағдарламасын да іске қосқан. Бұл бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер қатыса алады. Бағдарлама бойынша жас кәсіпкерлер 7 пайыздық жылдық мөлшерлеме көле­мінде несие ала алады екен. Несиенің ең үлкен мөлшері 20 млн теңгеге дейін. Бағ­­дарлама франшиза тартуға, ритейлдік желілерді (супермаркеттер, гипермаркеттер), қо­ғамдық тамақтану пункттерін дамытуға және модернизациялауға арналған жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Бірақ, ешқандай салалық шектеулер қарастырылмаған.
Ал енді кәсібін бастауға кіріскен кәсіпкер оны заңдастыру үшін ең алдымен не істеуі керек? Ең бірінші, өзі тұратын аймақ бойынша салық органына жеке кәсіпкерді тіркеуге қою үшін арнайы салықтық өтініш жазады. Бұл өтініш салық органына қабылданғаннан кейінгі үш күн ішінде жеке кәсіпкерді салық төлеуші ретінде тіркеу жүргізіледі және оған жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге алынғаны жөнінде арнайы куәлік береді. Кәсіпкер салық органына салықтық өтініштен бөлек жеке куәлігі көшірмесін, 3,5х4,5 фотосуретін, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркегені үшін төлеген алым сомасын растайтын түбіртек-құжат, тұрғылықты жерін растайтын құжат ұсынады. Осы арада айта кетер жай, мұндай алым бір рет төленеді. Оның көлемі 2 АЕК мөлшерінде есептелген. Бұл алымнан шаруа қожалықтары, фермерлер мен I, II, III топтағы мүгедек адамдар, ҚР азаматтығын алмағанға дейін кәсіпкерлік қызметін бастаған оралмандар босатылған.
Аталмыш басқарма мамандарының айтуынша, кейбір жағдайда, кәсіпкерлік қызметтің ерекшеліктеріне байланысты салық органына тіркеу мерзімі 5-11 күн аралығында жүргізілуі мүмкін. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңының 27-бабында жан-жақты жазылған.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button