Басты ақпарат

Каспий көкжиегін кеңейткен конвенция

2018 жылдың 12 тамызында өткен бесінші Каспий саммиті жұмысының нәтижесінде тараптар конвенцияға қол қойды. Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасы 2017 жылы 5 желтоқсан күні Каспий маңы елдері Cыртқы істер министрлерінің Мәскеудегі отырысында мақұлданған болатын. Ал биылғы тамыз айындағы халықаралық мәні бар шара тарих бетінде «Ақтау конвенциясы» ретінде жазылатыны сөзсіз.

Бұл іс-шара қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасымен де астасады. Мұның барлығы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан арасында бәсекеге төтеп беру, жаңа теңіз, көлік, әуе жолдарына қажетті ісмер жұмысшы мен мамандықтарды игеру, қатынас жол бойындағы кәсіпкерлік пен сол бағыттағы туризмді дамыту сияқты жаңғыр­тылған, болашағы зор міндеттерді қойып отыр. Жаңа ғасыр талабы мен нарық жағдайындағы инновациялық өзгеріс­терде шағын және орта кәсіпкерлік өз орнын жылдам табу қажеттілігі туындады. Ол үшін әрбір тұрғын икемділікке, ұтқырлыққа, нарықтық әділдікке бейім болуы шарт.
2000 жылы Маңғыстау өндіріс өнімдерін шығару көлемі бойынша Атырау және Қарағанды облыс­тарынан кейін үшінші орынды иеленді. Тұрғындарды жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламасы бекітілді.
1991-2005 жылдар аралығының өзінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бес мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылды. Экономиканы әртараптандыру өзегі – кәсіпкерлік. Ол экономиканы жаңғыр­тудың қозғаушы күші болып табылады. Ал кәсіпкерліктің дамуында көлік қатынастарының рөлі зор.

Аймақты дамытудың арнайы бағдарламасы

Қазақстанның мұнай-газ кешені бүкіл ел экономикасын алға сүйреп, басқа салалардың дамуына ықпалын тигізуде. Заманауи мұнай-газ және тау-кен өндіру саласы құрылды. Қазақстан шикізат секторының табысын келешектің экономикасын құру үшін пайдалануда. Соның бірі Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы алғашқы сейсмикалық барлау 1993 жылдан бастау алады. Теңіз табанына алғашқы бұрғы ұшы 1999 жылдың 12 тамызында салынды. Маңғыстау облысы экономикасының негізін мұнай-газ саласы, энергетика құрайды. Ақтау портын қайта жасақтау­дың бірінші кезеңі 1999 жылы аяқталды. Мұнай скважиналарын жақсарту, оларды жөндеуден өткізу, өндірістің тиімді тәсілдерін қолдану және жаңа мұнай скважиналарын қосу нәтижесінде 1999 жылы мұнай өнімі артып, 8,1 млн теңгені құрады. Облыс ауқымында ірі мұнай өнімінің ұлғаюына «Маңғыстау мұнай-газ», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбас мұнай» мекемелерімен қатар, бірлескен мекемелер «Арман», «Қазақтуркмұнай», «Қарақұдықмұнай» ЖАҚ, «Тексако Норд Бозащы», «Партекс Корпорейшн (Қазақстан)» және шетелдік фирмалардың ықпалы болды. Алайда Маңғыстау сияқты мәуелі өңірдің республикалық дәрежеде ғана емес, халықаралық экономикалық байланыстардың көзіне айналу әлеуетін пайдалану мәселесінің өзектілігі арта түсті. 2000 жылы теміржол арқылы Ақтау теңіз портына тікелей қатысты 22178 вагон өткізілді. 2000 жылдың маусымында Қашаған кенішінде мол мұнайдың көзі табылғаны жария етілді. Қашаған – Қазақстанның Каспий теңізінде игеретін тұңғыш кеніші. Бұл осыдан 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарын аударып отыр. Демек, Қашаған кеніші жаңа мыңжылдықта ашылып, мұнда мол мұнайдың белгілері анықталды. Бұдан кейін Қаламқас (қыркү­йек, 2002 ж.), Оңтүстік-батыс Қашаған (тамыз, 2003 ж.), Ақтоты (қыркүйек, 2003 ж.) және Қайраң (қыркү­йек, 2003 ж.) кен орындары ашылды.
2002 жылдың 26 сәуірі күнгі Мемлекет басшысының «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарғысы қабылданды. Мұның басты мақсаты аймақтың дамуын жеделдету, тиімділігі жоғары, оның ішінде жоғары технологиялық және экспортқа бағытталған өндіріс орындарын құру және жаңа өнімдер түрін меңгеру болатын. 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ақтау теңіз порты» арнаулы экономикалық аймағы (бұдан әрі қарай – АЭА) қызмет атқарып келеді. Оның ауқымы 227,1 гектар жерді алып жатыр. Аймақта салық жеңілдіктері, шетелдік және қазақстандық тауарлар орналастырылатын және кеден салығынсыз еркін кеден аймағы тәртібі қолға алынды. «Ақтау теңіз портын» басқару мақсатында жергілікті бюджетпен қаржыландырылатын АЭА әкімшілігі құрылды. 2003 жылдың 16 сәуірі күні Мемлекет басшысы Маңғыс­тау облысына жасаған іскерлік сапарында теңіз металл құрылымы компаниясының Keppel зауыты және мұнай-газ трубасы зауыты «Испат Кармет» ААҚ алғашқы іргесін қалаудың салтанатты шарасына қатысты. Осы жылдың қыр­күйек айында Ақтау қаласы әкімінің шешімімен АЭА аймағындағы «Ақтау халықаралық теңіз сауда портына» 40 гектар жер телімі бөлінді. Дәл осы жылы Каспий маңы мемлекеттерімен қарым-қатынастар орныға түсті. Ресейдегі Қазақстан күндері аясында Мәскеу қаласында «Экономика, тарих, мәдениет, ұлттық тағам» атты тақырыпта Қазақстанның ұлттық көрмесі өтті. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне де құрылған жаңа аймақтың ықпалы болды. «Ақтау теңіз порты» АЭА әкімшілігінің қызметіне Экономикалық өндіріс аймағы дүниежүзілік ассоциациясы (WEPZA) басшылығы қызығушылық білдіріп, осы халықаралық ұйымға кіруге ұсыныс жасады. Сол сияқты әлеуетті инвесторлардан 25 ұсыныс түсті. Инвесторлардың мәселелерін шешу, олардың жергілікті энергетикалық, коммуналдық және санитарлық-эпидемиологиялық ұйымдармен, кедендік, шекаралық және салық органдарымен өзара қарым-қатынасын реттеу жұмысы жүргізілді. Соның нәтижесінде теңіз порты аймағында қоршаған ортаға экологиялық мониторинг жүргізуге арналған экологиялық бекет мәселесі шешілді.
«Ақтау теңіз порты» аймағында алғаш қолға алынған жобалар: мұнай-газ құбырларын шығаруға арналған «Испат Кармет» АҚ, теңіз металл құрылымдарын өндіру зауыты – «Keppel Kazakhstan», талшықтышыны трубалар жасайтын «АЗСТ» Ақтау зауыты.

«Ақтау конвенциясы» – 22 жылдық жұмыстың жемісі

Жаһандану жағдайында Қазақстан инфрақұрылымын жан-жақты дамытумен, оның ішінде көлік пен байланыс саласына байланысты ұзақмерзімді басымдылықтарды жүзеге асыру өзектілігі артуда. 1997-2006 жылдары елдің 4 мың шақырым автокөлік жолын салу мен жөндеу жұмыстарының орындалуы, 13 мыңнан аса шақырым автожолды толықтай және ағымдағы жөндеуден өткізу есебінен 280 млрд теңге республика бюджет қаржысы игерілді. Алға қойылған инфрақұрылымды дамыту міндетін одан әрі жүзеге асыру мақсатында 2006 жылы Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясы қабылданды. Оның аясында 30 млрд долларға жуық соманы құрайтын әртүрлі қаржы көздері есебінен 80 инвес­тициялық жобалар жүзеге асырылуда. Басты мақсат – келешекте Қазақстанды Еуразияның ірі және заманауи жарақталған құбырлы желісінің, теміржолы, көлік, теңіз және әуе көлігінің тоғысқан жол торабына айналдыру. 2018 жылы 12 тамыз күні бес мемлекет басшылары тарапынан «Кас­пийдің құқықтық мәртебесі туралы» конвенцияға қол қойылуы, сөзсіз, тарихи оқиға. Конвенция кәрі Кас­пий теңізінің қауіпсіздігін бекітті. Конвенция келісіміне сәйкес, Каспий теңізі су айдынының жоғарғы бөлігінің негізгі аумағы теңіз ретінде мойындалды.
КСРО ыдырай салысымен, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің мәселесі туындағаны рас. Ортақ келісімге келу мақсатында Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан, Иран, Ресей елдерінің бес елдің Сыртқы істер министрлігі өкілдері, түрлі саланың жоғарғы деңгейлі ғылыми сарапшылары 22 жыл жемісті еңбек етті. Әрбір ел өздерінің жеке мүддесін қорғайтындықтан да, келіссөздер күрделі мән алды.
«Ақтау конвенциясы» – 1996-2018 жылдар аралығында өткізілген арнаулы жұмысшы тобы өткізген 51 отырыс, Сыртқы істер министрлерінің 10-нан аса, мемлекет басшыларының төрт кездесуі барысындағы нәтиже. Ұзаққа созылған басты кедергі көмірсутегіне бай, теңіз түбін бөлу мәселесіне қатысты өрбіген болатын. Енді су айдынына қатысты ортақ келісім жасалды. Бес елдің басшылары теңіз айдыны бетінің үстіңгі айлағын ортақ пайдалану құқын беру, ал теңіз түбі мен қойнауын халықаралық құқық негізінде бес мемлекет өзара үлестерге бөлу жөнінде келісім жасалды. Сол сияқты тараптар кеме қатынасы, балық аулау, ғылыми зерттеу және магистралды труба көздерін орналастыру тәртібі туралы келісімге келді. Мұның барлығында экологиялық қауіпсіздік мәселесі негізге алынуы қажет. Ең бастысы, конвенцияға сәйкес, Каспий теңізіне аймақтық державалардан тыс елдер әскери күштері жіберілмейді. Конвенция бойынша әр тарап Каспий теңізін бейбіт мақсатта бейбітшілік пен өзара көрші ынтымақтас­тығы аймағына айналдырып, бес мемлекеттің егемендігі мен территория­лық біртұтастығын өзара құрметтеу арқылы пайдалану келісімі бекітілді. «Ақтау саммиті» бес мемлекеттің тиімді транзиттік мүмкіндіктеріне және қауіпсіздікке жол ашты. Конвенция – іргелі құқықтық құжат. Конвенция – өзара келісім. Көрсетілген баптарға қарсы кедергілерді болдырмау – жеке мемлекеттердің міндеті. Каспий қауіпсіздігі – болашақтың қауіпсіздігі.

Құндызай
ЕРІМБЕТОВА,
Мемлекет тарихы
институтының
­жетекші ғылыми

қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button