Басты ақпарат

Каспийде демалу неге қымбат?

Ақтау – еліміздегі теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала. Толқыны жан тербеген сұлу Каспий орналасқан Ақтау – жазғы демалысты өткізуге таптырмас жер. Алайда елордадан Ақтауға жету оңай емес. Әрі теңізден бөлек тарихи орындарға да баруға болады.

[smartslider3 slider=3381]

Нұр-Сұлтан қаласынан Ақтау­ға ұшақпен барып-келу 79184 теңге болады, 3 сағатта жете аласыз. Ал теміржол арқылы пойызбен баруға болады. Құны – 13818 теңге. Бірақ белгілі бір күндері ғана қатынайды. Жол ұзақтығы – 1 күн 22 сағат. Ақтау қаласында теміржол бекеті болмағандықтан, пойыздар қалаға 20 шақырым жерде орналасқан Маңғышлақ стансасына келіп тоқтайды. Қала мен станса арасында автобус пен такси жүреді. Сол арқылы қалаға жетуге болады.

Көруге тұрарлық мәдени орындар

Маңғыстауда, теңізден бөлек, маңызды саналатын бес жерасты мешіті бар. Олар: Шопан ата, Бекет ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Қараман ата мешіті. Соның бірі – Бекет ата мешіті. Бұл мешіт Ақтауға 277 шақырым жердегі Оғланды үстіртінде орналасқан. Ақтаудан көлікпен шығып, Жаңа­өзен қаласының үстімен Оғланды үстіртіне баруға болады. Көлікті ғаламтордағы хабарландырудан таба аласыз. Ал егер кішігірім ұжыммен немесе бір топ адам барсаңыз, шағын автобус жалдауға болады.

Бүкіл ел неге теңізге бармайды?

Ақтауда жазда ауа температурасы шілде мен тамыз айында +44 °C дейін көтеріледі. Теңіз жағасында демалу маусымы мамыр айынан қыркүйектің ортасына дейін созылады. Жағалауда әдемі демалуға барлық жағдай жасалған. Жағажай аумағында түрлі қонақүй бар. Бағасы бір күнге 12000-15000 теңге аралығында. Ішіне тамақтану, шомылу – барлығы да кіреді. Қаражат үнемдеу үшін жалға берілетін пәтерді алуға болады. Пәтер ақысы тәулігіне 5000 теңгеден басталады. Егер пәтерде тұрып, тек шомылуға барсаңыз, ересектерге – 5000, балаларға 2500 теңге төлейсіз.

Бұдан бөлек, Каспийдің жағасында Ақтаудан 210 км қашықтықта «Кендірлі» демалыс аймағы орналасқан. Бұл аймақтың суы мөлдір, жағасы тыныш. Осы аймаққа демалу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген саяхатшы ағылады. Мұнда теңізге түсіп, тынығу үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс базасының аумағы 7,5 гектар жерді алады. Мұнда ересектерге – 20000 теңге. Арнайы демалыс аймағында шомылып, қонақүйде демалуға болады.

Бозжыраға қалай баруға болады?

Бозжыраға бару үшін арнайы апаратын көлікті таңдауға болады. 4 адамға бір көлік жетеді. Арнайы турмен апаратын мұндай көліктің бағасы да әртүрлі. Есесіне топпен бөліп төлейсіз. Мәселен, Бозжыраның жоғарғы жағы мен Қызылқұмға апару – 75000 теңге, ал Бозжыра, Бекет ата, Шопан атаға барып-келу – 100000 теңге. Ал жеке барғыңыз келсе, мұны да ұйымдастыратын тур бар.

Игілігін өзіміз көрейік

Біреу көл десе, біреу теңіз деп «түрін» айыра алмай келе жатқан Каспий жағалауы біз үшін шетелдің теңізінен еш кем емес. Бірақ тұзды Каспий жағалауының инфрақұрылымы әлі толық кемелденіп болған жоқ. Десе де «барымен базар» дегендей, қазіргі жағдайы да нашар емес. Бірақ үгіт-насихаты аздау, оның үстіне жол қашық әрі қымбат. Жазда пойызға билет жетіспейді. Сосын да біздің отандастар Каспийге барып демалғаннан гөрі шетелге барып демалып келгенді құп көреді. Міне, бұл да біздің туризм саласы үшін шығын. Сондықтан Каспий жағалауын дамытуға әлі де күш салу керек. Сонымен қатар жазда Каспий жаққа ұшатын ұшақ санын көбейтіп, билет бағасын да арзандату керек. Көпбалалы отбасыларға жеңілдік жасап, балаларға жарты баға түзімі атқарылса, Каспийге барып демалушылар көбейер еді. Кезекші пойыздарды көбейткенмен, екі-үш күн уақыт жолға кететінін ескерсек, туристер пойызға мінуге тым қызығып кетпейді. Біздің ойымызша, туризмді дамытамыз дейді екенбіз, осы түйіндерге де назар аудару керек сияқты.

Айзада Жайыккызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button