Басты ақпаратҚұқық

Қазіргі балалар бұзық па?

Әлемнің әлеуметтік желісі түрлі сұмдыққа толы. «Анасын өлтіріпті», «қызын зорлапты», «әйелін өлімші етіп сабапты», «қарындасын ұрыпты» дейтін түрлі ақпараттан төбе құйқаң шымырлайды. Ғаламтордағы жаңалық алақаныңда тұрғанда әп-сәтте таралады. Жаманат хабар жатпайды. Әсіресе жастардың құлағына тезірек жететінін, оларға кері әсер ететінін күнделікті көріп жүрміз. Бабалар салтын сақтаған, әділдік іздеп, жауының алдында да тілін тартпаған ақеден көңілді қаракөздеріміздің өміріне не болды, бұрын неге мұндай сұмдықтар болмады, мұның бәрі неден шықты, қайда барамыз, не істеу керек деген сауал көкірегіңді жұлмалайды, тұңғиыққа батырады.

 Ғалымдардың, психологтардың зерттеу еңбектеріне сүйенсек, мұндай жағдайлар көбіне толық емес отбасында, ажырасқан немесе ері мен әйелі бөлек тұратын үйде көп кездеседі екен.

2018 жылы Талдықорғанда жантүршігерлік оқиға болды. 11-сынып оқушысы анасын тұншықтырып өлтіріп, ке­йін ­пышақтап тастаған. Үлгілі бала, озат оқушының асқан қатыгездікке баруына не себеп болғанын туыстары да, ұстаз­дары да түсінбей дал. Жеткіншек жат ағымның жетегінде кетті ме деген күдік те жоқ емес. Оқушының асқан қатыгездігі күллі жұртты шошытып отыр. 11-сынып оқушысы алдымен ұйықтап жатқан анасын тұншықтырып өлтірген. Кейін жүрегіне бірнеше рет пышақ сұғып, бауыздап тастапты. Тіпті шешіндіріп, өлі денеге ас содасын сепкен екен. Одан кейін түк болмағандай мектепке барыпты. Жол-жөнекей компьютер клубына да соғып, құмары қанғанша ойын ойнаған. Тек бір күн өткен соң ғана өз еркімен полицияға келеді. 17 жастағы оқушының жауыздығы мектебін ғана емес, оны танитындардың барлығын есеңгіретіп тастады. Ұстаздары ол үлгілі, озат, белсенді оқушы болған деп отыр. Әкесіз өскен. Анасы жалғыз ұлы мен Алматыда оқитын оның әпкесін асырау үшін облыстық наркология диспансерінде мейірбике болып жұмыс істепті.

2022 жылы Ақтөбеде 16 жастағы мектеп оқушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол да анасын өлтірді деген күдікке ілікті. Анасы вахталық әдіспен сауыншы болып жұмыс істеген. Бала аса бір бейәдеп әрекетімен көзге түспеген. Бірақ анасы бірнеше рет баланы қараусыз қалдырып, соған байланысты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысына шақырылған, ескерту жасалған. Бала салмақты, артық іс-әрекеті бұған дейін байқалмаған. Жанында дос баласы болған. Ол – кәмелет жасына толған жігіт, қаладағы колледж студенті.

Деректер не дейді?

Астана қаласы бойынша мектеп, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қатысты мектепішілік есепте тұрған оқушылар саны – 248, ал ішкі істер органдарында 138 бала есепте тұр, 156 әлеуметтік жағынан төмен, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар саны – 327. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 68 бала қылмыс жасаған, 2022 жылмен салыстыр­ғанда 30 балаға артық (2022 жылы 38 бала тіркелген). Бұл деректер журналистің ресми сұрау салу бойынша Астана қаласының Полиция департаментінен алынды.

Астана қаласы бойынша мектеп, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қатысты мектеп­ішілік есепте тұрған оқушылар саны – 248, ал ішкі істер органдарында 138 бала есепте тұр, 156 әлеуметтік жағынан төмен, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар саны – 327. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 68 бала қылмыс жасаған, 2022 жылмен салыстыр­ғанда 30 балаға артық (2022 жылы 38 бала тіркелген)

Жаңалықтардағы жағымсыз, жантүршігерлік оқиғаларға себеп көп. Әсіресе әкесіз өскен ұлдар анасының қайтадан тұрмыс құруына немесе басқа біреу­мен көңіл жарастырғанын қаламаудың ақыры қылмыстық оқиғаларға келіп тіреледі, жүрегі қарайғанның қолы қанға боялады.

Бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу қажет

Қазір көп айтылып жүрген отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту, мектептерде ер мұғалімдерді көбейту, балаға тек білім беріп қана қоймай, жақсы әдеттерге баулитын, тәрбиелейтін педагогтардың үздік әдіс-тәсілін насихаттау – күн тәртібіндегі жанып тұрған мәселелер.

Бала үшін ең қымбатты, қимас жан – ата-анасы. Қуаныш пен қайғы алмасқан дүние ғой, олардың бірі өмірден ерте озса, тағдырдың ісі ғой, бірақ көзі тірісінде ажырасып, я бөлек кеткені – бала үшін ауыр соққы, қасірет. Жастайынан бала болып ойнамай, қиындықпен, ішкі ойымен арпалысып, ширығып, намыстанып, саусағын бүгіп өскен бала есейе келе қатыгез, ешкімді кешіре алмайтындай мінезбен қоғаммен араласады, үлкен өмірде де көп қателікке ұрынады. Оған алысқа бармай-ақ, айналамыздан мысалды оңай келтіруге болады. Бұл – біреудің жеке өміріне араласып, жарасын тырнап, жанды жерін қозғау емес, енді аяқтанатын, жұп құратын балалардың бойына қалайда отбасылық, ұлттық құндылықтарымызды сіңір­мейінше, жанұя жарастығын, жұп құраудың жауапкершілігін, міндетін есінен шығармауға септігін тигізетіні айдан анық нәрсе.

Рухани жағынан әбден жалаңаштанған Америка, бұл мәселеде ойсырай ұтылған Ресей, Еуропа мемлекеттері қазір жаппай кино түсіріп, отбасы құндылықтарын алдыңғы орынға қоюға тырысып жатыр. Себебі демократия дегеніне жетті, азулы жаhандануға жұтылды, халық өсімі кері кетті, оған қоса, қос жыныстылар сияқты ібіліске ерген адамдар өз талабын қойып, қоғамнан орын іздей бастады.

Адамдардың ниетінен жер бетіндегі тепе-теңдік бұзылды. Хакім Абай айтқан «Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар» дегеніндей, адамның емес, хайуанның тірлігін жасағандар жер басып жүр.

Балаларым кішкентай кезінде ауырғанда немесе бала жетістігіне қатты қуанғанда енем айтатын: «Қызығын да, қиындығын да ата-анасымен бірге көрсін, қандай жағдайда да балаңмен бірге болыңдар, қызығын да, шыжығын да қол ұстасып, бірге көруді Алла нәсіп етсін» дейтін. Балаға басқа дүние керек емес, тек қана ата-анасының тату-­тәтті, ынтымағы жарасқан тірлігі үлгі екенін өмірдің өзі көрсетті.

Қит етсе қол ала жүгірмей, жер-жебіріне жетіп, ұрысып, тілдемей, той тойлап, сауық іздей бермей, бір мезгіл ұл мен қыздың проблемасына бас қатырып, қолыңнан келсе көмектес, қолда, болмаса жылы сөзіңді арнап, құшағыңа қыс, сонда ғана жеткіншек, жасөспірім бала әке-шешедей жақындарының жылуын, махаббатын сезінеді. Ал шынайы сезімсіз, жылы байланыс, құрметсіз қарым-қатынас бәрібір әлгіндей қоғамдағы дертке ұшырайды.

Педагогтың бала өміріне әсері

Мектебінің үздік сынып жетекшісі, оқушылардың «әкесіне» айналған №37 мектеп-лицейінің педагогы Медет Біләл былай дейді: «Тәрбие жұмысын ұйымдас­тырудағы басымдық балалардың жеке басына құрмет пен сенім, балалардың құқығы мен заңды мүддесін қамтамасыз ету, осы мақсатта кемшіліктерді болдыр­мауды көздейді. Мұғалімнің оқушыға зор сенімі, махаббаты оған қатты әсер етеді. Менің сыныбымда 11 жалғызбасты ана тәрбиелеген бала оқиды. Ұстазы ретінде, азамат, ағасы, тіпті әкесі ретінде балаларды барынша қолдауға тырысамын, олар сырымен бөліссе, пікірімді айтамын, проблемасы болса, бағыт беруге тырысамын. Сондықтан болар, олар мені «сіз біздің әкеміз, қамқорымыз, жанашырымыз» деп атайды. Алғаш естігенде толқып, қобалжығаным рас, қазір оған үйрендім, балалардың әрбір жетістігіне шын қуанып жүремін. Ата-ана мен мұғалім бірлігі мығым болса, білім саласында көп ілгерілеу, нәтиже болары сөзсіз».

Бала – Алланың аманаты, болашағымыздың бағдаршамы, шырағы. Отбасын құрғанда да, өмірге бала әкелгенде де мойынға екі есе жауапкершілік артылып, тек өзі үшін ғана емес, баланың болашағына, адам тағдырына алаңдау басталарын ешқашан естен шығармауымыз қажет. Уақыттың көшіне ілесу үшін отбасын, жаңа заманның жаңалықтарымен қоса, ұлттық құндылықтарымызға сай тәрбиелей білсек, ұтылмаймыз. Өйткені уақыт қателікті кешірмейді, кейін бәрі кеш болады. Осыны ұмытпайық!

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button