Басты ақпаратҚоғам

Кедей елдің келешегі бұлыңғыр

Газетіміздің №19 (4452) нөмірінде «Орта тап орта толтыра ма?» атты сараптамалық мақалада ел бойынша орта тапқа жататын адамдар 15 пайыз құрайтынын жаздық. Бұл – әлеуметтанушылар объективті критерийді есепке алып, яғни тұрақты табыс көзі, жылжымайтын мүлкі, бос уақытын қалай өткізетіні мен білім деңгейін саралағандағы көрсеткіш. Ал kurs.kz сайты елдегі бай адамдардың үлесі 12 пайыз екенін жазды. Сонда қалғанын қай топқа жатқызамыз? Экономикада бай, орта және кедей тап деп бөлінсе, онда соңғысына жататыны анық қой. Алайда ресми билік елдегі кедейлердің саны 15 пайыз құрайтынын дәйектейді.

ӘЛЕМДЕГІ КЕДЕЙ ЕЛДЕР

Әлемде ішерге ас таппай отыр­ған тұрғындары бар кедей елдер бар. Ең кедей елдердің рейтингін Дүниежүзілік банктің материалы негізінде БҰҰ түзді. 2022 жылы бұл тізімге 47 мемлекет енді. Оның 34-і Африкаға, 12-сі Азия және Тынық мұхиты аймағына, 1-еуі Латын Америкаға жатады.

Кедейліктің критерийі күрделі формула арқылы есептеледі. Қарапайым тілде түсіндіргенде, елдің экономикалық осалдық индексі мен нақты өмір сүру сапасы есепке алынады. Сауаттылық деңгейі, қоғамдық денсаулық сақтау саласы, тағамның сапасы мен жалпы тамақтануы және тағы басқасы сарапталады.

Ең кедей бес мемлекетті саралайтын болсақ, олар Африка құрлығына тиесілі. Нашар дамыған елдерді сорлатып отырған басты құбылыс – төңкеріс пен соғыс, жемқорлық пен көлеңкелі экономика. Мәселен, саяси дағдарыс, сыбайлас жемқорлық, азаматтық соғыстың кесірінен Конго әлі есін жинай алмауда. Болмаса бұл елде алмаз, тантал, кобальттың мол қоры бар.

БҰҰ кедейшілік шегін тәулігіне бір адамға 5 доллар (2300 теңге), ал айына 150 доллар (70 мың теңге) деп белгіледі. Халықаралық ұйымның есебінше, Оңтүстік Судан халқының 82 пайызының әлеуметтік жағдайы төмен. Бұдан кейінгі орында Бурундиде – 79, Мадагаскарда – 76, Малавиде – 73, Сомалиде – 68, Мозамбикте 62 пайызды құрайды.

Латын Америкадағы кедей елдің бірі – Гондураста бір адамның орташа табысы 278 доллар болса, Қазақстанда 152 долларды құрайды екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының 5,3 пайызы кедейлік шегінен төмен.

Бір қызығы, 1968 жылдан бері нашар дамыған елдер (LDC) тізіміндегі 47 мемлекеттен 8-і ғана шығыпты. Бұл қатарда Вьетнам және Мальдив Республикасын ерекше атау керек.

ХАЛЫҚ КЕДЕЙЛЕНІП БАРА МА?

Екі жыл бұрын Дүниежүзілік банк Қазақстанды табысы орташа елдер қатарынан кедей елге ауыстыру мәселесін көтерген еді. Бұған біздің билік те, халық та келіспейтіні анық. Өйткені әлемде жер көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіретін, ресурстық байлығы жеткілікті, ауыл шаруашылығы саласы қалыптасқан елді орынсыз төмендету дұрыс емес. Әр қазақ солай ойлайды. Алайда халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп кеткені анық.

Сенат қабырғасында өткен Үкімет сағатында спикер Мәулен Әшімбаев 5 миллионға жуық адам, яғни еңбекке жарамды санаттың жартысы өнімділігі төмен еңбекте жүргенін сынады.

– Қазір халықтың жартысына барлық табыстың үштен бірі ғана тиесілі. Қазақстандықтардың шамамен 5 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды. Өкінішке қарай, 12 өңірде бұл көрсеткіштің өсуі байқалады. Әсіресе Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан облысын атау керек, – деді Сенат төрағасы.

Елде төменгі жалақы – 60 мың теңге алатын 1,8 миллион қазақстандық жыл басынан бастап 70 мың теңге алады. Credit Suisse Research Institute зерттеу орталығының мәліметінше, елде әлеуметтік статусы нақтыланбаған 2,7 мил­лион адам бар. Оның 1,2 миллионы бейресми жұмыспен қамтылса, 1,5 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтыды. Яғни экономикалық тұрғыда белсенді халық немесе жұмыс күші болып есептелетін 8 миллион 945 мың адамның 4,5 миллионнан астамы орта тапқа сәйкес келмейді. Оларды кедейдің қатарына қосуға болады. Өйткені ел азаматтарының 97,6 пайызы жылына 10 мың долларға жетпейтін табыс табады. 10-100 мың доллар табыс табатыны – 2,1 пайызды, 100 мыңнан 1 миллион долларға дейін кіріс кіретіні 0,3 пайызды құрайды. Бұл цифрлар шындыққа жақын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаған 162 монополист пен олардың жақын туған-туысы 0,3 пайызға жататыны тағы анық.

Қазақстан халық партиясы сайлауалды бағдарламасында азаматтардың 96,6 пайызы жылына 10 мың долларға жетпейтін қаржыға өмір сүретінін, тіпті олардың жартысынан астамы 1300 долларға күн көретінін, ал 0,001 пайызы ел байлығының басым бөлігіне иелік ететінін мәлімдеп, кедейлікпен күресетінін көпшілікке жариялады.

2018 жылы 6,3 миллион адам кредит алса, соның 1,5 миллионы бірінші жартыжылдығында кредитін уақытылы төлей алмаса, екінші деңгейлі банктерге жеке тұлғалардың қарызы 5,73 триллион теңгені құрады. 2022 жылы 7,5 миллион азамат банктер мен микроқаржы ұйымдарына 35,7 триллион теңге қарыз болды. 2023 жылғы 1 сәуірде кредит алушылардың саны 822 мың адамға өсті. Бұл туралы «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры Руслан Омаров мәлімдеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының цифрлық картасын ұсынып, өз жағдайын «қиын» деп санайтын отбасылар үлесі 15 пайыз құрайтынын көрсетті. Ресми статистика көрсеткендей, халықтың 5,1 па­йызы күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүреді. Қысқасы, халықтың басым көпшілігі кедейленіп, кредитке әбден шырмалып, азық-түлікті де кредитке алатын жағдайға жетті.

ДАМУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Экономист Меруерт Махмұтова Ұлттық қор келешек үшін жинаған қаржы екенін, бірақ билік бей-берекет жұмсап жатқанына қынжылып: «Жарайды, мұндағы ақша бүгінгінің күйіп тұрған көкейтесті мәселесіне бағытталса бір жөн, кешірімді. Ұлттық қордың қаражаты жекелеген банктер мен олардың қожайынын «құтқаруға» жұмсалды. Осыдан кейін экономика қалай оңалады? Ол қалай аяқтан тұрады? Ол қалай әртараптанады? Ал халық ше? Өлместің күнін көріп жүр. Елдің бәрі белшеден қарыз. Қарыз қайтарумен өткен өмірде қайбір құндылық болсын?!» дейді.

Қоғам белсендісі Айша Құрманғалидың сөзінше, жұмыссыз­дардың санын анықтаудың нақты әдістемесі болмауынан халықтың мемлекеттік органдарға сенімсіздігі бар. Жұмыспен қамту саласында адамдардың тұрмыс деңгейі мен әлеуетінің сапасын арттыруға бағытталған реформа керек. Бұл ретте әкімдер шешуші рөл атқарып, ал министрлік жаһандық процестерге ілесуі тиіс. Қазіргідей жұмыспен қамту қоғамдық жұмыс орындары есебімен емес, шикізат өндіретін тұрақты жұмыс орындарын құру маңызды.

2023 жылы сәуір айында елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызы банктерге қарызын уақытылы өтей алмай отыр. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төледі. Бұл – ойлантатын күрделі мәселе.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков ел экономикасын көтеруде екінші деңгейлі банктер кредиттің жылдық пайыз ставкасын төмендету керек екенін атады.

– Ұлттық банк белгілеген кредиттік жылдық пайыз мөлшері – 16,75. Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ, Кореяда – 3,5, Қытайда – 3,65, Германияда, – 3,75, Англияда – 4,25, Канадада – 4,5, АҚШ-та 5,25 пайыз деңгейінде. Шетелдердегі қаржы институттары шағын және орта бизнестің дамуына мүдделілік танытып, бизнес-жобаларды көптеп қаржыландырады. Енді посткеңестік елдерге келетін болсақ, Өзбекстан Ұлттық банкі 14 пайыз мөлшерінде белгілесе, Қырғызстанда – 13, Тәжікстанда – 10, Әзербайжанда 9 пайызды құрайды.

Шын мәнінде, пайыз мөлшерінің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әсер етеді. Олай болса елдегі қымбатшылыққа екінші деңгейлі банктер де жауапты деген сөз. ВТБ банк пен «Bereke bank» АҚ жылдық пайыз ставкасы 21,5 пайызды құрайды. «Банк Центр Кредит» АҚ – 23,6, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7, «Kaspi bank» АҚ – 24,4, «Home credit bank» АҚ 28,5 пайыз көлемінде кредит береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндетін қосу керек. Сонда тұтынушы кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда, банкке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз халықты қанаумен тең ғой! – деді мәжілісмен Данабек Исабеков.

Бізде өнім өңдеу жағы кемшін, кластерлік шаруашылықтар ақсап тұр. Мәселен, ауылдағы ағайын қой бағады. Шіркін, қой берекелі түлік қой! Жыл өткен сайын саны артып, өрістің өрісін тарылта бастады. Оның жүні мен терісі кәдеге жарамай, далада өртенеді. Өзбекстан болса Hyundai, Kia, Toyota компаниясына былғары жабын тігетін JM компаниясына тері жеткізетін болды. Осындай жобалар біздің елде неге іске аспайды?

P.S: Жаңа Қазақстанға бағдар еткен елдің басты құндылығы – еңбек етуді дәріптеп, экспорт ­саясатын өзгертіп – шикізат түрінде емес, дайын өнім түрінде сатуды жолға қоюы керек. Бәрінен бұрын қаржы шығындарын жоспарлауды жан-жақты саралап, шағын және орта бизнесті өркендетуде бюрократия кедергілерін жойып, құрғақ санға емес, нақты жағдайды бағымдағаны маңызды. Дамыған елдердің қатарына қосылудың басқа жолы жоқ.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button