Басты ақпарат

Кедейі көп елдің келешегі күмәнді

Еліміздегі әрбір алтыншы бала кедей отбасында өмір сүреді. Қазақстандағы көпбалалы отбасылардың жартысынан көбі ай сайын жан басына шаққанда 60 мың теңгемен күн көреді, үштен бірі 10-30 мың теңге көлеміндегі табыспен жан бағады. Мұндай шынайы, ашық ақпаратты «Сорос-Қазақстан» қайырымдылық қорының қолдауымен Қолданбалы экономика зерттеулер орталығы жүргізген «Қазақстанның көпбалалы отбасылары» атты зерттеуінен алдық. Ресми мәлімет бойынша, еліміздегі 332 838 (2021 жылғы дерек) көпбалалы отбасылардың 90 пайызы кедейлік құрсауынан шыға алмай отыр.

[smartslider3 slider=2129]

Біздің қоғамдағы бай мен кедей арасындағы теңсіздік мәселесінің ушығып бара жатқанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мойындады. «Қазір еліміздегі 1 млн-ға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш» деп мәлімдеді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Кедейліктің шегі мен тақыр кедейлік

Кедейлік шегі деген түсінік бар. Соған қарап, әр елдегі кедей адамдардың санын анықтайды. Осы көрсеткішті атаулы әлеуметтік көмек және өзге де әлеуметтік төлемдерді төлеуге пайдаланады. 2020 жылғы статистика бойынша, Қазақстанда халықтың 5,3 пайызы кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүреді. Ең төменгі күнкөріс шегі деген тағы бір ұғым бар. Елімізде 2021 жылы оның көлемі 34 302 теңгені, ал 2022 жылы 36 018 теңгені құрайды деп белгіледі Үкімет. Бірақ, жыл сайын өзгеретін бұл көрсеткішке күдікпен қарайтынымыз рас. Айтпақшы, ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызына қарап, елдегі кедейлік шегін анықтаймыз. Бұл көрсеткіштің шындық өмірден алшақ екенін қарапайым халық та, әлеуметтік сарапшылар да біледі.

Қолданбалы экономика зерттеулер орталығының бас директоры Жәнібек Айғазин біздегі ең төменгі күнкөріс шегі шартты түрде атаулы әлеуметтік көмекті есептеуге қолданылатынын айтады. «Егер ең төменгі күнкөріс шегін қайтадан қарастырсақ, еліміздегі кедейлік деңгейін басқаша бағалаймыз. Онда кедей халықтың үлесі артып, бюджеттің шығындары да көбейеді. Біздегі бағалардың өзі бұл көрсеткіштің өтірікке негізделгенін дәлелдейді» дейді ол.

Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саиров ІЖӨ-нің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей, әлеуметтік ахуалы төмен адамдарға ақшаны аз төлеп келгенін мәлім етті. «Бүгінде Қазақстандағы күнкөріс деңгейі әлемдегі Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқ­ты елдердің қатарында ең төмен деңгейде тұр.

2020 жылғы статистика бойынша, Қазақстанда халықтың 5,3 пайызы кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүреді. Ең төменгі күнкөріс шегі деген тағы бір ұғым бар. Елімізде 2021 жылы оның көлемі 34 302 теңгені, ал 2022 жылы 36 018 теңгені құрайды деп белгіледі Үкімет.

Ал Еуропа елдерінде кедейлік орташа табыстың 60 пайы­зы деңгейінде белгіленеді. Сонымен бірге, пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына нұқсан келтіретін инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеді. Мысалы, Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Елімізде азаматтардың  төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Бұл – ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңірі шыққан» кедей болуың керек! Осы тавталогияның нәтижесінде, 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдемге тұралатып жіберді!» дейді сарапшы.

Қаржылық сарапшы Расул Рысмамбетов экономикалық саясатпен айналысатын Үкіметтің шенеуніктерінің қарапайым халықтың әл-ауқаты­нан хабарсыз екенін, соның салдарынан ештеңе өзгермейтінін айтады. «Қазір халықтың кедейлігін жалпылама бағалау жеткіліксіз. Немен күресу керегін түсіну үшін кедейлікті бірнеше санатқа бөлетін кез келді. Бірінші санат – баспанасының жоқтығы. Мемлекеттің тұрғын үй бағдарламаларының ешқайсысы әлеуметтің осал топтарына арналмаған. Зейнетақы жинағын алу да – сәтсіз бағдарлама. Сол себептен жеңілдетілген ипотека беру шартын қайта қараған жөн. Екінші санат – киерге киімі жоқтығы. Мемлекеттің киім өндірісі бойынша жобалары сәтсіз шықты. Қазір ол квазимемлекеттік сектор мен коммерциялық банктердің теңгермесінде жатыр. Үшінші санат – ішерге асы жоқ. Азық-түлік импорты – мемлекет үшін ең қауіпті жағдай. Бұл – әкімдіктер мен Парламенттің қателігі. Яғни, шынайы ахуалды білмей, көзімен көрмей, ең төменгі күнкөріс шегін белгілей салу – дұрыс саясат емес» дейді қаржы сарапшысы.

«Сорос-Қазақстан» қорының бағдарламалар директоры Бота Аязбаева жай ғана жәрдемақшаны өсіру мен бір реттік әлеуметтік көмек елдегі кедейлік мәселесін түпкілікті шешпейді деп санайды. «Әлеуметтік әлжуаз топтарына қатысты мемлекеттік саясат мүлдем өзгеруі керек. Қайырымдылық қорлары беретін біржолғы ақша мен мемлекеттік жәрдемақыны көбейту бұл мәселені шеше алмайды. Қазақстандағы кедейлікті терең зерттейтін уақыт келді. Қазір балалар арасындағы кедейлік те өршіп барады. Мысалы, 4-тен көп баласы бар отбасылар көпбалалы деген санатқа жатады. Қазақстандағы әрбір көпбалалы отбасының 21,1 пайызы табысын тек азық-түлікке ғана жұмсайды. Сол отбасылардың 3,8 пайызының тамақ сатып алуға да қаражаты жетпейді» дейді ол.

Үкімет кедейлікпен қалай күреседі?

Мемлекет халықтың табысын өсіру мәселесін көптеген жылдар бойы шеше алмай келеді. Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әл-ауқаты төмен азаматтардың табысын арттыруға тапсырма берді. Ұлттық экономика министрлігі 2022 жылы нау­рыз айында осы бағыттағы арнайы бағдарламаны ­Президент Әкімшілігіне ұсынады. Бес бағытты қамтитын құжатта негізінен жалақы өсіруге екпін түсірілген. Халықтың табысын арттыру үшін кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздық проблемасын шешуге баса көңіл бөлінген. Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеге дейін көтерілгені мәлім.

Алайда сарапшы-мамандар Үкіметтің бұл саясаты халықтың әл-ауқатын көтермейді деген пікір айтуда. Экономист Айдархан Құсайынов қабілетсіз кәсіпкерлерді қолдау кедейлік мәселесін шешпейді деп есептейді. «Мемлекет кәсіпкерлерге көмектескенімен, олар халыққа жақындамайды. Үкімет пен Ұлттық банк негізгі екі мәселе: голланд ауруы мен отандық бизнестің бәсекеге қабілетсіздігін шешкен кезде ғана халықтың табысы өседі» дейді ол.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептерді атап, олармен күресудің жолдарын ұсынды. Оның айтуынша, жұмыс 4 бағыт бойынша жүргізіледі: халықтың жалақысын өсіру, кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру, жоғары өнім беретін жұмыс орындарын ашу, жұмыс күшінің дағдыларын ұлғайту.

 Түйін: Кедейлік – ең өзекті, күрделі мәселе. Оны жеңеміз десек, Үкімет халықтың әл-ау­қатының деңгейі туралы шынайы ақпаратты жариялап тұруы керек. Мысалы, елімізде 1 млн-ға жуық кедейлер бар деген дүдәмал дерек келтіріліп жүр. Біздің билік белгілі себептермен кедейлік туралы шынайы картинаны ашып айтпайды. Одан елдің беделіне нұқсан келеді дейді. Әлжуаз топтардың әлеуметтік жәрдемақысын көбейту керек. Алайда Дүниежүзілік банктің сарапшылары еліміздегі кедейлер саны 2 млн адамнан асады деген мәлімет жариялады. Аталған ұйымның рейтингінде Қазақстан орташадан төмен табысы бар елдер қатарында тұр. Яғни, ай сайын 70 000 теңгеден аз жалақы алатын адамдар – кедейлер деген сөз. Zertteu Research Institute-ның құрылтайшысы, отандық сарапшы Шолпан Айтенова Қазақстандағы 6 миллион баланың 1 млн-ға жуығы кедей отбасында тұратыны мәлім етті. Мұның өзі – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер.

Қазақстандағы орташа жалақының мөлшері 2021 жылы 243 667 теңге (567 АҚШ доллары) деген жалған ақпарат таратылды. Сайып келгенде, халықтың көпшілік бөлігінің ай сайын 60 000-90 000 теңгеге күнін көреді. Демек күн санап, кедейлердің саны өсіп келеді. Қазір елдегі әрбір алтыншы адам – жұмыссыз, яғни, кедей. Қала көшелерінде де қайыр-садақа сұраған аяқ-қолы сау адамдарды жиі көретін болдық. Кедейлік шегі бойынша еліміздегі ең кедей адамдар көп тұратын аймақтарға: Түркістан (12,2 пайызы), Солтүстік Қазақстан (6,7 пайызы) және Шығыс Қазақстан (6,5 пайызы) жатады екен. Әзірше кедейлер саны аз өңір – Нұр-Сұлтан қаласы (1,5 пайызы) болып табылады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button